Саясат

Жемқорлықпен күрес ашық жүргізілуі тиіс

Жемқорлықпен күрес ашық жүргізілуі тиіс

Кеше Астанада Президент жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның кеңей-тілген мәжілісі өтті. Бұл жиынға онлайн режимде облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.

Мемлекеттік хатшы Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ Елбасының сыбайлас жемқорлықпен күрестің стратегиясын қалыптас-тыру жөніндегі тапсырмасы аясында аталмыш комиссияның отырыстарын ашық түрде өткізу қолға алынғанын мәлім ете келе, бұл басқосуларға азаматтық қоғам өкілдері де қатыса алатынын жеткізді. Дайындалып жатқан стратегияға сәйкес, сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтап қана қоймай, іздестіру қызметі жетілдірілмек. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жергілікті комиссиялардың жауапкершілігі де артатынын айтқан Мемлекеттік хатшы бүгінде жем-қорлықтан көз ашпай келе жатқан саланың бірі білім беру саласы екенін атады.

– Аталмыш салаға республика бюджетінен жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Сондықтан білім саласында жемқорлық тәуекелдеріне қолайлы жағдай қалыптасып отыр. Бұл жерде жемқорлықпен күрес жүйелі түрде жүргізілуі керек, – деді Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ.

Өз саласында сыбайластықпен күрестің қандай әдіс-тәсілдері қолданылып жатқаны жөнінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ақпарат берді.

Министр өзі басқарып отырған ведомствоның қай саласында жемқорлық өршіп тұрғанын Бас прокуратураның мәліметтеріне сүйене отырып, тізіп шықты. Оның айтуынша, қызметке орналастыру, балабақша кезегіне тұру, білім ошағының басшыларын тағайындау, қажет қондырғылармен және оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету сынды қызмет түрлерін жемқорлық жайлап алған. Ұлттық бірыңғай тесті-леу кезінде де жемқорлық қысымы күшейетіні анықталып отыр. Ал жоғары оқу орындарында емтихан сессиялары мен талапкерлерді қабылдау кезеңі, дипломдық жұмысты қорғау науқандары «жемқорлық маусымына» айналып кеткен. Аслан Сәрінжіпов саланың жемқорлыққа төтеп бере алмауының бір себебін педагогтардың еңбекақысының орташа республикалық жалақыдан төмен болуымен байланыстырды.

Мемлекеттік хатшы Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ министрліктің ішкі бақылау департаментінің жұмысын сынға алды. Соңғы екі жылда аталмыш департамент сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірде-бір материал өткізбеген. Министрдің дерегіне сенсек, білім нысандарының құрылысын уақытынан кешіктірген облыстардың қатарына Шығыс Қазақстан да кіріп отыр.

Жиында сөз алған комиссия мүшелері сыбайлас жемқорлық ғылыми атақ қорғау ісін де жайлағанын айтып, магистрлік жұмыс тек диплом алған сала бойынша ғана қорғалуы керектігін көтерді. Сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған жағдайда пара берушіні жауапқа тарту, оларды жазалаудың заңды тетіктерін жетілдіру мәселесі де талқыға түсті.

Еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев білім саласына бөлінетін қаржы соңғы бес жылда үш есеге артқанын айта келе, осы қаржыға алынған кейбір оқу жабдықтарының қолданылмай, бос жатқанын жеткізді. Қымбатқа алынған құрылғылардың ішінде тек интерактивті тақталар ғана қолданысқа түскен. Ал мектептер құрылысының кешігуіне техникалық қадағалау органдарының селқос жұмысы мен тапсырыс беруші мен мердігердің ауыз жаласуы себепкер болып отырғанын айтты. Қаржы полициясы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Лукин жылдың бірінші тоқсанында ғана сыбайлас жемқорлыққа қатысты 125 қылмыстық іс қозғалғанын, соның 16 пайызы білім саласына тиесілі екенін мәлім етті. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек халықтың жемқорлық жайлы түсінігін өзгертуге күш салатын кез жеткенін айтты.

Жиынды қорытындылаған Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ құрылғалы жатқан мемлекеттік сатып алу комитетінің құрылымын тиянақты ойластыру арқылы білім саласындағы жемқорлықтың да қарқынын азайтуға болатынын айтты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button