Саясат

«Жедел жәрдемнің» жаңа түрі құрастырылады

Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев біздің өңірге Корея Республикасындағы Кангвон провинциясы ғаламдық бизнес басқармасының бас директоры Чой Хенг Гю бастап келген делегацияны қабылдады.

«Жедел жәрдемнің» жаңа түрі құрастырылады– Екі аймақтың іскерлік байланысы биыл жыл басында басталып, тұрақты түрде жалғасып келеді. Бүгін міне сіздер келіп отырсыздар. Сіздердің іссапарларыңыз Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы екі жақты ынтымақтастық байланысты нығайтып, толықтыра түсетін болады, – деп, Ермек Көшербаев мұның алдындағы іскерлік қарым-қатынастарға кеңінен тоқталып өтті.

Биыл бірінші жартыжылдықта біздің облыс пен Корея арасындағы тауар айналымы 116,7 миллион АҚШ долларын құрады. Біздің облыстан Кореяға шығарылатын тауарлар арасында титан мен одан жасалған өнімдердің үлесі басым болып отыр. Ал Кореядан әртүрлі өздігінен жүретін өндірістік техникалар жеткізіліп жатыр.

Биыл наурыз айында біздің облыстан 30 дәрігер Кангвон провинциясында болып қайтты. Олар емдеу мекемелерінің және медициналық жабдықтарды жасап шығаратын кәсіпорындардың жұмыстарымен танысып, іскерлік байланыстың баламалы мүмкіндіктерін талқылады.

Ал мамыр айының басында біздің аймаққа Кангвон провинциясынан дәрігерлер келіп, «Телемедицина» бойынша жоба, Шығыс Қазақстан облысы дәрігерлерінің Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өтуі және облыстағы медицина мекемелерін бірлесіп жабдықтау мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Біздің облыс дәрігерлерінің біліктілігі жоғары, сондай-ақ қазіргі жағдайда бесаспап мамандардың озық тәжірибелерін үйренудің де қажеттілігі бар. Биыл қыркүйек айында шығысқазақстандық екі дәрігер Кангвон провинциясына алты айға білім жетілдіру курсына жіберілді. Жазда облыстық онкологиялық диспансерде кореялық дәрігерлердің қатысуымен үш операция жасалды. Сондай-ақ олар кеңестер беріп, дәрістер оқыды.

Күзде біздің облыста медициналық туризм шараларын өткізу мүмкіндіктерін зерттеу және екі жаққа да тиімді байланыстарды нығайту үшін Кангвонның дәрігерлері мен менеджерлері болып қайтты. Қараша айының бірінші жартысында Кангвонда медицина жабдықтарының халықаралық көрмесі өтті. Оған Өскемен қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Е.Омарбеков қатысып қайтты.

Кангвон провинциясының әкімшілігі 2013 жылы біздің облыстың мекемелеріне медициналық жабдықтарды орнатуға Корея Республикасы Қаржы министрлігіне мәлімдеме берген болатын. Мәлімдемені министрлік мақұлдады.

Енді міне, төрт күндік іссапармен келген кореялық делегация біздің облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін анықтамақ болып отыр. Сонымен қатар осы провинциядан келген компаниялар басшыларының қатысуымен бизнес форум ұйымдастырады.

Кангвон провинциясы медициналық жабдықтарды жасауда Кореяда бірінші орында келеді. Бұл салада озық үлгідегі технологиялар қолданылады, тәжірибелі мамандар жұмыс істейді.

Кангвон провинциясы ғаламдық бизнес басқармасының бас директоры Чой Хенг Гюдің айтуынша, «Жедел жәрдем» автомобилін құрастырып жабдықтау жөніндегі жобаны облыстық ауруханада дәрігерлерге таныстырмақшы. Бұл жобаны біздің автомобиль зауытында іске асыру жоспарланған. Ал мұндай жобаны израильдік әріптестермен жүзеге асыру шаралары да қарастырылған, бірақ оның өзі аса қымбатқа түсетіні белгілі болып отыр.

Сонымен қатар Кангвон провинциясының мамандары аудандық емханаларда да телемедицинаны дамытуға құлшыныс білдіруде. Бұған қоса біздің облыстан бір дәрігерді алты айлық курста Кореяда оқытып даярламақшы. Делегация басшысы келесі жылы медициналық жабдықтар көрмесіне үш маманды қатысуға шақырды. Ермек Көшербаев бұл ұсыныстарды қолдайтындығын білдіріп, медициналық жабдықтарды біздің облыста құрастырып шығару мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Қабылдауда іскерлік байланыстың бірнеше бағыттарын анықтады. Корея мамандарын біздің облысқа шақырып дәрігерлерді даярлау жөнінде республикалық деңгейде тиісті шараларды ұйымдастыру, жедел жәрдем көлігін құрастыру жобасын пысықтап бекіту қарастырылады.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button