Саясат

Жетімдерді жебейміз деп отыр

«Өскемен арматура зауыты» АҚ-да облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденовтің қатысуымен «Облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдаудың 2011 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын» жүзеге асыру мақсатында жүргізіліп жатқан «Мейірім» акциясының мақсаты мен міндеттерін түсіндіруге арналған ақпараттық-насихаттық топтың көпшілікпен кездесуі өтті.

Жетімдерді жебейміз деп отырӨткен жылы аймағымызда облыс басшылығының бас-тамасымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз етіп, мамандық беру мақсатында «Ме-йірім» акциясы басталған болатын. Акция нәтижесіз жүріп жатқан жоқ. Бүгінгі күнге дейін жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 501 баланың атына есепшот ашылып, оларға барлығы 12 миллион 746 мың теңге аударылып отыр.

Бірақ жетімдер үйі мен интернаттарда ертеңгі күні төрт қабырғасыз, үйсіз-күйсіз қалуы мүмкін әлі бірнеше мыңдаған бала жүр. Бүгінде облыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 4154 бала бар. Мемлекет қамқорлығындағы олардың балалық шақтары қазір алаңсыз өтіп жатқанымен кәмелетке толып, кейін өз беттерімен кеткен соң бәрі де тағдырмен бетпе-бет қалып, дәрменсіздің күйін кешуде. Сондықтан акция аясында сол балалардың бәріне төмендетілген пайыздық өсіммен несие берілетіндей жағдай туғызып, алған несиелеріне баспана сатып алуын қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.

«Өскемен арматура зауыты» АҚ-да қаладағы ірі кәсіпорын басшыларының, зауыт еңбеккерлерінің қа-тысуымен өткен кездесуде облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденов еңбек ұжымдарын «Шығыс Қазақстан облысындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдаудың 2011 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын» жүзеге асыруға арналған «Мейірім» акциясына қатысып, қорғансыз балаларға қолдау көр-сетуге шақырды.

Кездесуде Риддер қаласындағы «Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды оқытуға арналған мектеп-интернаттың» директоры Гүлнар Қыдырғалиева қазіргі күні өздерінде тәрбиеленіп жатқан 136 баланың 25-і тұл жетім екенін айта отырып, олардың бәрін қамқорлықтарына алып, әрқайсысының атына есепшот ашқан еңбек ұжымдарына өзінің алғысын жеткізді. Интернатта оқып жатқан 7-сынып оқушысы Василий Карповты Риддер қалалық әкімдігі өзінің патронаттық тәрбиесіне алған екен. Қалалық әкімдіктегі мамандардың қамқорлығына алынған жетім бала олармен қосыла футбол ойнап, әкімдікте өтіп жатқан өзге де спорттық-мерекелік шараларға қатысып, әкімдік ұжымының ықпалымен еңбек пен оқуға қатар тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Мектеп-интернат директорының айтуынша, қала әкімінің өзі-мен әңгімелесіп, қасында жүрген жетім ұлдың өміріне осы азғана уақыттың ішінде үлкен өзгеріс еніпті. Баланың сабақ үлгерімі жақсарып, өмірге деген қызығушылығы артқан. «Болашақта мен де мемлекеттік қызметте істеуге талпынып жүрмін» деген одан тәрбиешілері де үлкен үміт күтіп отыр. Мектеп-интернаттың балаларын қаладағы аурухана, емхана, «Қазцинк» ЖШС-нің бөлімшелері де патронаттық тәрбиеге алып, бәріне бір-бір есепшот ашқан.

Шығыс Қазақстан об-лыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Альмира Тоқтарбекованың айтуынша, кешенді жоспардың, акцияның мәнісі мен маңызын түсіндіруге арналған мұндай кездесулер алдағы күндері Ұлан, Шемонайха, Күршім, Глубокое, Жарма, Зырян, Бесқарағай аудандарында да өткізілмек.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button