Аймақтар аухалы

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛАНҒАНДАРҒА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙДЫ

Аршатыдан аттап шығып көрмеген, тау басында  қой бағып жүрген Кененбай  қойшыға да басынан аяғына дейін күйе жағылып, жазықсыз айдалды. Сүйретіліп, аш, жалаңаш  Сібірге айдалып бара жатып жол жиегіндегі бір сабақ бидайды үзіп жегені үшін  Айтақ итжеккенге де жетпей  сол жерде атылды.

Алтайдағы ат төбеліндей Аршатыдан 51 адам «халық жауы», «Жапон тыңшысы» болып  тұтқынға айдалған. Орманның құсын, түздің суырын, таудың аңын аулап жеп, тұмса  табиғаттың ортасында  1930-32 жылдардағы ашаршылықтан аман қалған ауыл халқы бәрібір  қызыл империяның қанды шеңгелінен құтыла алмады.  Тұтқындалғандардың кейбіреуі Өрелдің өзінен шықпай атылып,  жер жастанған. 1931-38 жылдары өзгелердей Төр Алтайдың әр ауылы  осындай қасіретті күндерді бастан кешіріп жатты.

Сол саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, оларды жабылған жаладан аршу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Өрел округіне қарасты Аршаты ауылының тумасы, өскемендік кәсіпкер Бауыржан Құсайынов жан азабын тартқан, қуғынға ұшырап, айдауда болған, атылған аршатылықтардың атын тасқа қашап, ескерткіш тақта орнатты. Аршатының ортасындағы ауыл бағының ішіне қойылған ескерткіш тақтада   «халық жауы»  атанған  51 ауыл тұрғынының аты-жөні   жазылып тұр.

Аршатыдағы «Күншығыс» колхозы тауарлы фермасының  меңгерушісі  болған Бауыржан  Құсайыновтың әкесінің әкесі Құсайын Сембинов  Өрелдің өзінде атылса, абақтыға жабылған оның інісі Құсман Красноярск түбіндегі елді мекенде сүзектен қайтыс болыпты. Інісі  Құсманның малдың жүні мен терісін шекара төңірегіне апарып шәйға, сабынға, басқа да керек жараққа  айырбастап алып келіп жүріп ашқан кішкене дүкені болған екен. Ағаш өңдеушіге, колхозшыға, малшыға, қысқасы бір ауылдың 51 азаматына түгелдей «революцияға қарсы, ұлтшыл, көтерісшіл, жансыз, тәуелсіз буржуазиялық мемлекет құруды аңсағандар, сатқындар…» деген түрлі-түрлі  кінә тағылып, атылып, тұтқындалған. 51-ден елге оралғаны саусақпен санарлықтай ғана.

-Аталарымның  қайда тұтқында болғаны, қалай қайтыс болғаны  туралы деректерді екі жыл бойы іздестіріп жүріп Ресейдің, өзіміздің ҰҚК мұрағаттарынан там-тұмдап тауып  алдым. Аршатыдан тұтқындалған өзге ауылдастарымыз туралы мәліметтерді үлкендердің айтуына сүйене отырып, сол мәліметтер бойынша интернеттегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандары тізімі» сайттарынан алып, жинастырдық,-дейді Бауыржан Құсайынов.

Катонқарағай ауданы әкімдігінің аппарат жетекшісі Бейімбет Болаев Аршаты тұрғындары бірер жыл бұрын   ҰОС-нан оралмаған ауыл боздақтарына арнап ауыл бағына  ескерткіш орнатқанын айтады.  Зұлмат құрбандарына арналған еңселі ескерткіш тақта да осы бақта тұр.

Жанаргүл Мұқатай

 

Осы айдарда

Back to top button