Облыс әкімі: іссапар

Жауапсыз мердігермен жасалған шарт бұзылады

Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Семей қаласында болды.

Облыс әкімі Абай атындағы театрда жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысты. Жаз бойы театр ғимаратына іргелес аумақ абаттандырылып, қасбеті жаңартылды, театрдың ішкі көрінісі де толығымен өзгерді. Фойе мен көрермен залы көркейе түсті. Карантин режимі аяқталғаннан кейін театр әртістері жаңартылған сахнаға шығады. Даниал Ахметов ғимаратының өзінде және оған іргелес аумақта қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген Абай атындағы мұражайға да барды. Бұл жерде тротуар плиткалары ауыстырылып, көгалдар мен гүлзарлар жабдықталған. Келесі нысан Мәңгілік ел көшесіне жапсарлас салынып жатқан Арбат болды. Мұнда да тротуарларды төсеу жұмыстары жүргізілуде, орындықтар, мүсіндер мен шамдар орнату жоспарлануда.

Сондай-ақ, облыс басшысы қалалық перинатальдық орталық корпустарының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл жерде жұмысты Көкшетау қаласының компаниясы жүргізуде, олар 780 миллион теңгеге тендерді ұтып алған, алайда бүгінде 32 миллион теңге ғана игеріліпті. Жұмыстар 25%-ға ғана орындалған. Сонымен қатар, осыдан екі жыл бұрын мұнда жоғары технологиялық жабдық сатылып алынған, бірақ ол бүгінде немқұрайды мердігерлердің кінәсінен бос тұр.

– Ақмола облысы, Көкшетау қаласының «Байсын-А» ЖШС 780 миллион теңгеге тендерді жеңіп алып, тек 32 миллион теңгені игерді. Біз бұл нысанды салып шығамыз. Мынау –перинатальдық орталықтың бөлімшесі. Біз мұнда бір жарым-екі жыл бұрын жабдық сатып алуға қаражат бөлдік, күштері де, мүмкіндіктері де жоқ мердігерлердің кесірінен құрылыс тоқтап тұр, олар бұл істі қолға алып, аяғына дейін жеткізе алмай отыр. Біз биыл мұнда озық жабдықтармен жарақталған перинатальдық медициналық орталық ашуды көздегенбіз, бірақ, өкінішке қарай, мердігерлердің жауапсыздығы салдарынан біздің жоспарымыз іске аспай қалды. Енді бір ғана жол бар, ол – шартты сотпен бұзу. Жаңа жылға дейін нысанды пайдалануға бере алмайтынымыз түсінікті, – деп түйіндеді Даниал Ахметов перинатальдық орталық корпустарының біріне барған кезде.

Флора Левина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button