Құжаттар дайын болмаса, қаржыдан құр қаламыз
Өңірдегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тасқынның алдын алу, мемлекеттік бағдарламалардың насихатталу барысы сияқты мәселелер облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен селекторлық режимдегі аппараттық кеңесте кеңінен сөз болды.
Жиында белгілі болғандай, биыл облысымызда 47,2 миллиард теңгенің 163 жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Оларға республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлінген. Алайда, бірқатар аудандар мен басқармалар инвестициялық жо-балар бойынша конкурстарды кешікті-ріп, құжаттарды мерзімінде өткізбеуде.
– Наурыз айында барлық конкурс-тар өткізіліп бітуі қажет. Өткізілмесе, бірінші тоқсанның қорытындысы бо-йынша жауапты тұлғаларға қатысты қызметтен босатуға дейінгі шаралар қолданамыз, – деді аймақ басшысы осы ретте.
Мәселен, кеңесте баяндама жасаған облыстық экономика және бюд-жеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинскаяның айтуынша, Риддердегі 280 орындық бала-бақшаның жобалық-сметалық құжат-тамасы қаңтар айында әзір болған.
Алайда, білім басқармасы құжаттарды министрлікке дер кезінде жөнелтпепті. Зырян қаласындағы балабақша құрылысына республикалық бюджеттен 200,5 миллион теңге, Өскемендегі бір мың орындық мектептің бастапқы құрылысына 300 миллион теңге қарастырылған. Бірақ осы күнге дейін аталмыш нысандардың жобалық-сметалық құжаттамалары дайын емес. Сондықтан Қаржы министрлігі қаражатты қайтарып алуды көздеп отыр.
– Бұл жобалар бойынша қаржы құ-жаттардың уақытында әзірленбеуі себепті республикалық бюджетке қайтарылмақшы. Осыған орай мен білім және құрылыс басқармаларын және Зырян ауданы әкімін жауапқа тартуды ұсынамын, – деді Елена Ясинская облыс Әкіміне.
Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімов «Балабақша ғимаратының құжаттарын біз бір-ақ күнге кешіктіріп бердік» деді. Осының өзі жұмысты тұсауға себеп болған.
– Сіздер құжаттарды дер кезінде ұсынып, олардың жүргізілу барысын бақыламайсыздар. Осындай шалағайлықтың кесірінен облыс қомақты қаржыдан айырылып отыр, – деген аймақ басшысы аталмыш фактілер бо-йынша қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлі шенеуніктерді жазаға тарту қажеттігін қадап айтты. Осы бағыттағы жұмыстарды бақылау облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратовқа жүктелді.
Мәжілісте көтерілген келесі мәселе – тасқынның алдын алу. Өткен қыста қар аз жауып, аязды күндер көп болды. Екі метр тереңдікке дейін қатқан жер бетінің ертеңгі күні еріген қар суын сіңдіруі екіталай. Өзен-көлдердегі мұз да қалың. Алдағы уақытта күн күрт жылынып кетсе, қызыл су жүріп, тасқын болуы ықтимал. Сондықтан облыс Әкімі орынбасары Айтқазы Шерубаевқа арнайы комиссия құруды міндеттеді, аталмыш жұмыс тобы барлық қала-аудандарға барып, қауіпті деген аумақтарды тексерулері керек.
Аймақ басшысы аудан-қала әкімдеріне тасқынға тас түйін әзір болуды тапсырды.
– Барлық өзен-көлдерді тексеріп, гидротехникалық нысандардың, су тоғандарының жағдайын бақылауға алыңыздар. Соңғы екі жылда да су тасқыны болды ғой, қатерлі аумақтарды білесіздер, тасқынмен күресте тәжірибелеріңіз бар. Барлық қала-аудандар шаруашылық субъектілерімен, мұз жарғыш бригадалармен келісімшарт жасап, құм салынған қапшықтардың жеткілікті қоры дайындалуы тиіс. Арықтарды, жолдардың астындағы су өтетін құбырларды тазартуды қолға алу қажет.
P.S. Жиын соңында облыс Әкімі тағы да бірқатар міндеттер жүктеді. Жуырдағы вице-премьер Ербол ОРЫНБАЕВТЫҢ іссапарына орай аймақ басшысы «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламаларын жүзеге асыруды әрі қарай үдетуді тапсырды. Бұл ретте түсіндіру жұмыстары әлі де болсын жеткіліксіз. Сондықтан аталмыш мемлекеттік бағдарламалар барлық елді мекендердің тұрғындарына насихатталуы керек. Түрлі деңгейдегі әкімдердің есептері аяқталды, ендігі мақсат – сол кездесулерде айтылған талап-тілектерді бақылауға алып, сұрақтарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жауаптар беру.