Жастарымыз есірткілік заттарға бой алдырып барады
Қазір жастарымыз насыбайдан бастап, дәріханаларда сатылатын түрлі дәрілік препараттарды, ғаламтордан табатын есірткілік қоспаларды жиі қабылдап жүр. Бұл әлеуметтік дертке айналып барады. Осы дәрілер неліктен дәріханаларда жастарға еркін сатылады, әлде фармацевт мамандар бұл жайдан бейхабар ма? Есірткіге тәуелділікке бастайтын көк насыбай көшенің әр бұрышында неге еркін саудаланады? Енді осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Онколог және нарколог дәрігерлер насыбай қолдан¬ғандардың өмір сүру ұзақтығы кем дегенде 10-15 жылға кемитінін, астыңғы ерін ауыз қуысы, өңеш, асқазан, тері обырына себепкер бірден-бір зиянды зат екенін баяғыда-ақ дәлелдеп қойған.
– Әсері бірден миға шабатындықтан, ми тамырларының қысылуынан инсульт және инфаркт болу қаупі басым. Құрамындағы әкті сілекей арқылы жұтатындықтан, гастрит, асқазан жарасының да пайда болуы мүмкін. Санитарлық талаптарға сай емес, үй жағдайында дайындалатынын ескерсек, ішек инфекциясы да тез байқалады. Жануарлар тезегі қосылатындықтан, өкпеде құрт пайда болуы мүмкін. Ең ауыры – әйелдер бала туудан қалып, еркектер белсіздікке ұрынады, – дейді облыстық наркологиялық диспансердің нарколог-дәрігері Манап Қалиев.
Насыбайды қала ішінде орналасқан кез келген базарлардан, көшелердегі аялдамалардан оңай тауып аласыз. Біз алысқа бармай-ақ, Тәуелсіздік даңғылының «Ушанов алаңы» аялдамасынан алғашқысын кездестірдік. Өзін Сәкеш деп таныстырған сатушы әйел шылым, шекілдеуікпен бірге еш қымсынбай-ақ насыбайды ашық түрде сатып тұр.
– Бәрі сатып жатыр ғой, біз орталық базардағы сатушылардан аламыз. Оларға Алматыдан жеткізіледі. Мұның не зияны бар? Ата-апаларымыз бұрыннан бері атып келеді емес пе? Егер тыйым салатын болса, сатпаспыз, – дейді аты-жөнін айтудан қашқалақтаған ол.
Кішкентай полиэтилен жасыл қапшықтардың біреуі – 60 теңге тұрады. Ол дегеніңіз бір бөлке нанның бағасы. Ал сатып алушылар көп. Сатушы жас та, жасамыс та, тіпті, қыздар да алатынын жасырмады. Жарым сағаттың ішінде ол біздің көзімізше оншақты қапшықты сатып жіберді.
– Бірге оқитын жолдастарымның бәрі алып жатқасын, қызығып атып көрдім де, тәуелді болып кеттім. Бірақ көбірек атып қойсаң, басың ауырып, жүрегің айнып, құсасың, тамаққа тәбетің болмай қалады. Өткенде теледидардан мұның зияны туралы айтылған бағдарламаны көріп, пайдалануды сиреттім. Қазір анда-санда бір аламын. Негізі қажеті жоқтығын ұғып келемін. Ал шөп деген бәлеге жолағам жоқ, – деді өзін Ренат деп таныстырған студент жігіт.
Жастарымызды улап жатқан есірткілік заттардың тағы бірі – еркін сатылып жатқан өсімдік қоспалары немесе түсінікті тілмен айтсақ, шөптік микстер. Кептірілген шөп тәріздес, иісі де жағымды. Оны алғаш пайдаланған адам мүлде тәуелді болуға мәжбүр. Оның бір орамының құны – екі жарым мың теңге екен. Бір орамы үш рет қолдануға жетеді. Қолданған адам есеңгіреп, өзінің іс-әрекеттеріне жауап бере алмайтындай күйге түседі. Әсері анашамен бірдей.
Құрамында есірткілік заттар болғандықтан, осыдан бес-алты жыл бұрын Мәжіліс депутаты Берік Бекжановтың бастамасымен депутаттар оларды сатуға тыйым салу жөнінде мәселе көтерген. Нәтижесінде Парламент Мәжілісі «Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы заңға толықтыру енгізу туралы» заң жобасын мақұлдаған еді.
Осыдан кейін-ақ 2010 жылғы 20 қаңтарда еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен республика бойынша шөптік микстерді сатуға тыйым салынды. Сол қаулының күшімен ғана үлкен қалалардың ортасында, дүкендерде ашық саудаланатын шөп қоспаларына тосқауыл қойылып, арнайы шектеулер жасалған. Алайда, сатушылар мен сатып алушыларға нақты заңдық жаза жоқ. Шөптік микстердегі қоспалар марихуанадан да күшті әсер ететінін шетелдік мамандар дәлелдеп үлгерген. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия, Швейцария, Жапония сияқты елдер мұны пайдалануға мүлдем тыйым салған. Көршілес Ресейдің өзі осыдан бес-алты жыл бұрын дабыл қағып, тыйым салудың барлық тетіктерін іске қосуда. Себебі, әлгі шөптер кәдімгі есірткінің орнын алмастыра алады екен. Оны пайдаланған адам есінен айырылады, өз әрекетіне жауап бере алмайтын халге жетеді. Міне, жасөспірімдер арасындағы қылмыс атаулының басым бөлігі дәл осы сәттерде жасалатынын құқық қорғау өкілдері айтып отыр.
Облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесімен күрес басқармасының жедел өкілі, полиция капитаны Николай Семенюченконың айтуынша, бүгінде қажетті заңның жоқтығынан есірткіге құмар жастарды жазалау жағы кемшін түсіп жатыр. Мәселен, жастардың көбі әлгі есірткі алмастырғыш заттарды түнгі клубтарда, түрлі көңіл көтеру орындарында қолданады. Ал дәл қазір кәсіпкерлікті тексеруге мораторий болғандықтан, тексеруге, тіпті шақырту бойынша да барып тексеруге мүмкіндік жоқ. Себебі, клубтар мен көңіл көтеру орындары шағын және орта кәсіпкерлік нысандары болып табылады. Дәл осындай жай дәріханаларға да қатысты болып тұр. «Дегенмен, кәсіпкерлер пайданы ғана ойламай, қоғамға төнер қауіпті ұмытпағаны жөн» дейді Николай Семенюченко. Қазір облыс аумағында осыған орай «Допинг» іс-шарасы жүргізілуде.
Ал енді бұл шөптер жастарға неге қолжетімді деген сұраққа жауап іздер болсақ, оның сыры ғаламторда көрінеді. Ғаламтордың бетінде сұрау салсаңыз болғаны, әлгі шөптеріңіздің түр-түрінің жарнамасы толып-ақ тұр. Тапсырыс берсеңіз, үйіңізге дейін әкеліп беретін адамдар бар. Ал интернетке әркімнің-ақ қолы жетімді.
Енді дәріханаларда сатылатын, құрамында есірткілік заттар бар дәрілерге тоқталайық. Олар тетралгин, демидрол, темпалгин, кодтерпин, пенталгин деп аталады. Олардың құрамында кодеин деп аталатын есірткі заты бар. Мұндай дәрілерді сатып алушылардың дені – жастар, студенттер. Себебі, дәрінің құрамында есірткі барын жақсы біледі, әрі бағасы да арзан.
Біз Өскеменде үш бірдей үлкен дәріхана нүктесі бар «REMEDIUM» дәріханасына келіп, мәселенің мән-жайын сұрадық. Аты-жөнін айтудан бас тартып, өзін тек Ирина деп таныстырған фармацевтің айтуынша, тетралгин, демидрол, темпалгин, пенталгин деген дәрілер лицензиядағы дәрілер құрамында бар. Оларды дәрігердің рецептімен босатады.
Ал кодтерпинді не терпинкодты сатып алу үшін арнайы үлгідегі бланкіге толтырылған дәрігердің рецепті және оны сатуға арнайы лицензия да қажет етіледі. Яғни, есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларды сатуға арнайы лицензия алынуы тиіс. Әйтпесе, заңмен қудаланбақ. Тіпті, қанша түйір, қанша грамм кодтерпин сатылғанына да қатаң есеп жүргізіледі. Өскеменде оны сататын тек бес қана дәріхана бар екен. Дәріханашының пікірінше, дәрі іздейтін жастар оларды бес саусағындай біледі. Бұл дәріханада 18-ге толмаған балаға дәрілер босатылмайтынын, ондай дәріні сатуға рұқсаты жоғын білдік.
Біз мұның бәрін неліктен тізбелеп айтып отырмыз? Мәселен, облыстық наркологиялық диспансерде қазіргі уақытта Д. есімді 17 жастағы жасөспірім ем қабылдауда. Ол бұл жерге соңғы екі жылда төртінші мәрте түсіп отыр. Бесіктен белі шықпай жатып, арақ пен темекіге әуес болған. Онымен қоймай анаша тартып, артынан инеге отырған. Осы жасында екі рет істі болып, шартты түрде үш жылға сотталған. Берекесіз отбасынан шыққан. Ол аздай шешесі де осында ішімдіктің кесірінен ем алуда. Әкесі де бес мәрте сотты болған. Оны наркодиспансерге іздеп келгенімізде, оның сөйлесуге шамасы болмады. Есірткінің есін, ағзасын әбден жаулағаны білініп тұр. Нарколог Манап Сәлімұлының айтуынша, Д. жазылып шыққан соң бірер ай өтпей қиын жағдайда қайта түседі. Мұнда негізінен осындай отбасы жағдайы қиын балалар көбірек түсетін көрінеді. Ал 13 жастағы Марат есімді жасөспірім бiр жарым жыл насыбай атқан.
Кейiн ауыз қуысының обырына шалдыққан. Дәрiгерлерге оның ернiн, жақ асты бұлшықеттерiн алып тастауға тура келіп, пластикалық операция жасалған.
Облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері Қабдылманап Смағұловтың айтуынша, 2013 жылы қауiптi топ санатына 268 жасөспiрiм тiркелген. Олардың 67-і арақ ішкен, 63-і есiрткi, 138-і токсикологиялық заттар, яғни, темекi, желiм, насыбай және тағы басқаларын қабылдаған. Биыл жылдың осы уақытына дейін Өскеменде 2035 адам тексеріліп, 128-і қауіпті топқа жатқызылған. Былтыр облыс бойынша 405 бала медициналық сынақтан өткен. Олардың 52-i есiрткi заттарын тұтынғандары анықталған. Ал осы мекеме қауіптің бетін қайтаруға, профилактикалық жұмыстарға барынша ден қойып отыр.
Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, елімізде есірткі қолданушылардың 51 пайызы 18-30 жас аралығындағы жастар да, 5,6 пайызы – 15-17 жастағы жасөспірімдер. Есірткі тұтынушылардың 74 пайызы еш жерде жұмыс істемейді, оқымайды. Мәселен, тек 2007 жылы ғана есірткіні мөлшерден тыс қолданып, қайтыс болған 473 адамның 90 пайызын жастар құраған. Одан бері қанша жыл өткенін, қанша жас ғұмырдың көктей солғанын ойлап көріңіз…