Жастарға жағымды әдет жарасады
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан БАЙБЕК облысымызға арнайы іссапармен келді. Ол аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге облыс орталығында және Семей қаласында бірнеше мәдени шараға қатысып, түрлі қоғам өкілдерімен кездесті, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Әуелі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бас ғимаратында «Өңірдің тұрақты экономикалық дамуын қалыптастырудағы әйелдердің бастамалары» атты көрмені тамашалаған партия Төрағасының бірінші орынбасары кәсіпкерлікте жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Аймақта жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Әйелдер басқаратын ең үздік ұйым» байқауының негізінде дайындалған көрмеде шағын және орта бизнес, жұмыспен қамту, индустриялдық-инновациялық даму бағыттары бойынша 25 жоба назарға ұсынылды. Нәзік жанды кәсіп иелерімен сұхбат барысында Бауыржан Байбек бүгінгі Қазақстан дамуында әйелдердің орны ерекше екенін атап өтті.
– Бүгінде тірліктің қай саласын алмасақ та, әйелдердің үлес салмағы артып, кейбір салаларда ер адамдармен теңесіп келеді. Мәселен, біздің партияға мүше шығысқазақстандықтардың тең жартысынан астамын нәзік жандар құрайды. Отбасын мемлекеттің ең кіші бөлшегі десек әр жанұядағы жағдай сол мемлекеттің тынысына әсер етпей қоймайды. Өздеріңіздің кіші мемлекеттеріңіздің ұйтқысы болумен шектелмей, қоғамның дамуына өз үлестеріңізді қосып отырғандарыңыздың өзі ерлікпен тең, – деген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жоба авторларының әрқайсысымен сұхбаттасып, талап-тілектерін тыңдады.
«Жұмыспен қамту – 2020», «Өндіріс», «Даму», «Жол картасы» сынды түрлі бағдарламалардың аясында жобаларға қатысып, өз кәсібіне жол ашқан кәсіпкер әйелдер өңірде қоғам дамуына, әлеуметтің әлеуетін көтеруге үлес қосуға ниетті азаматшаларға барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Аймақтың белсенді әйелдері тігін және тамақ өнеркәсібі, сән саласынан бөлек фармацевтика, панты өндірісі сынды инновациялық жобаларға жетекшілік етіп отырғанын көрген Бауыржан БАЙБЕК аталмыш жобаларды жоғары бағалады. «Munira cinema» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Мунира Ягудина киноны прокаттау, әлемнің үздік фильмдерін қазақ тілінде көрсету ісіндегі кедергілерді атап, оларды заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы шешу жөнінде ұсыныстар айтты. Өз кезегінде Бауыржан БАЙБЕК кино өнерінің идеологиялық әсері мол екенін атап, аталмыш мәселелермен таныс екенін жеткізді.
Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған «Халықтың қуаты – бірлікте» атты аймақтық фестивальге қатысты. Этноауылда өткен шараның басында Бауыржан БАЙБЕК жергілікті суретшілердің шығармашылық жұмыстарын, қолөнер туындылары мен облысты мекен еткен түрлі ұлттардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін экспозицияларды тамашалады.
Мерекеден бір күн бұрын жалауын көтерген аталмыш фестиваль этноауылдың төңірегін ән мен күйге бөледі. Әрбір этно-мәдени бірлестік өз үйлерінің алдында думан ұйымдастырып, шара қонақтарына ұлттық тағамдарын ұсынды. Орыс, кәріс, неміс, татар, еврей этно-мәдени бірлестіктерінің шаңырағын аралай келе, Бауыржан БАЙБЕК оларды бірлік мерекесімен құттықтап, татулық пен табыс тіледі.
Ал бұл кезде қазақ үйінің алдындағы орталық алаңқайда фестивальдің көрігі қыза түскен еді. Ат құлағында ойнаған шабандоздар, топ-топқа бөлініп арқан тартысқан бала-шаға, ақ дастарқан басында қазақи қара өлеңге басқан әжелер бұл шараның басты сәніндей көрінді. Алаңдағы ақ шаңқан киіз үйде «Нұр Отан» басшысы Бауыржан БАЙБЕК пен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жергілікті «Жас Отан» жастар қанатының мүшелерімен, «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен және өзге ұлт жастарымен кездесті. Әуелі жастар арасынан «Жас Отан» жастар қанаты Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Станислав Каримов сөз алды. Ол жастар қанатының бастамасымен түрлі шаралар ұйымдастырылатынын, облыстағы қоғамдық шаралардың бәрі жастардың қатысуынсыз өтпейтінін баяндады.
Бауыржан БАЙБЕК Шығыс Қазақстан жастары партияның әрбір бастамасына өте белсенді қатысатынын атады.
– Шығыс жастары партияның ең белсенді көмекшілеріне айналып үлгерді. Сан түрлі бастамалар да Шығыстан бастау алып жататыны соның дәлелі, – деді ол. «Болашақ» түлектері де партия басшысына облыста жас мамандарға қолдау қажет деңгейде көрсетіліп отырғанын айтты.
– Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде білім алған жас мамандарды тартуда Шығыс Қазақстан алдыңғы орында тұр. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұл мәселеге о бастан жоғары мән беріп келеді. Соның нәтижесінде аймақтарыңыз «Болашақ» түлектері ең көп шоғырланған өңірлердің бірі болып отыр. Елбасы жастар саясатының дамуын тікелей назарда ұстап отыр. Бұл бағытта да «Болашақ» түлектеріне көп үміт артылмақ. Сіздер өздеріңізді өзге жастардан оқшау ұстамай, бағдарламаның игілігін көруге мүмкіндіктері болмаған замандастарыңызбен өздеріңіз меңгерген білім мен тәжірибені бөлісуге міндеттісіздер, – деді Бауыржан БАЙБЕК.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жастар саясаты облыс басшылығының да жіті назарында екенін атап көрсетті.
– Облыс халқының 29 пайызын жастар құрайды. Олар барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда. Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының бастамасымен әр сенбі сайын игі шаралар өтіп келеді. Бұл шаралар біріншіден, жастардың уақытын тиімді өткізуге септігін тигізсе, екіншіден, осы мәдени-бұқаралық шаралар арқылы барлық мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасының тапсырмаларын жастар арасында насихаттауға мүмкіндік беріп отыр. Ал «Болашақ» түлектері осында өз қауымдастықтарын құрған. Олар да аймақтың дамуына белсенді араласып келеді, – деді облыс басшысы.
Бауыржан БАЙБЕК кездесу барысында жастар саясатына бөлінген қаржының екі есеге артқанын атап, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшылығын сол қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуына тікелей жауапты болуға шақырды.
– Атқарушы хатшыларыңыз облыстық мәслихат депутаты болғандықтан, қаржының қажетті бағыттарға бөлінуіне ықпал етерлік мүмкіндігі бар. Жастарға нақты қандай қолдау қажет екенін анықтап, мәселе етіп көтеру де атқарушы хатшының қолында. Алдыңғы шептегі жастар өз замандастары арасында жақсы әдеттерді сәнге айналдыруы керек. Қазіргі жастар зиянды болса да сәнге айналған үрдістерге құмар. Барлық жастар бірігіп, ұлт пен наным-сенімге жіктелмей, жақсы әдеттерді сәнге айналдыруымыз қажет, – деді ол.
Партия белсенділерімен өткен кездесуде Бауыржан БАЙБЕК «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ партия алдына қойған мақсат-міндеттерін түсіндірді.
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан БАЙБЕК Ертіс жағасындағы Семей қаласына болды.
Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Астанадан келген мәртебелі қонақты ең алдымен негізінен жиһаз шығарумен айналысатын «Дизайн Мебель» жекеменшік кәсіпорнына бастап барды. Осыдан он бес жыл бұрын құрылған кәсіпорын бүгінде жиһаздан бөлек өрнектелген есіктер, терезе перделерін, жылы көрпешелер шығара бастапты.
Кәсіпорын директоры Мақсат Сағатбековтің айтуынша, тұтынушылар тарапынан кеңселік, асхана, жатын бөлмесі, сондай-ақ, мектеп жасына дейінгі және емдеу мекемелеріне арналған жиһаздарға сұраныс артып келе жатқан көрінеді. Кәсіпорын өнімдері өз облысымызбен бірге, көршілес Павлодар облысына және Алматы қаласына жөнелтілуде. Қазір мұнда елуге жуық адам еңбек етіп жатса, олардың орташа жалақы мөлшері елу мың теңгенің көлемінде екен.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары кәсіпорынның келешегі туралы да сұрап, білді. Соған орай мұнда жаңа шикізат пен материалдарды пайдалана отырып, шығарылатын өнімнің сапасы мен түрлерінің арттырылатындығы айтылды.
Бұдан кейін қонақтар консультативтік-диагностикалық орталыққа барды. Бұл орталық жергілікті халықты кешегі ядролық сынақ зардаптарынан айықтыру мақсатымен сонау тоқсаныншы жылдары пайдалануға берілген болатын.
Қалыпты жұмыс істеп жатқан орталықта бір ауысымда үш жүз кісіге қызмет көрсетілуде. Және сонша мөлшерде адам қызмет істейді. Соның жүзге жуығы – жоғары білімді дәрігерлер. Мұндағы орташа жалақы жетпіс мыңнан асып жығылады. Орталық директоры Жанат Молдағалиева осының бәрін айта келіп, қонақтарға осында орнатылған заманауи емдеу, сауықтыру құрал-жабдықтарын көрсетті.
Қонақтар бұдан кейін орталық алдында тұрған жылжымалы медициналық кешеннің жұмысымен танысты. Алып кешенге арналған көлік Шымкент қаласында жасалса, оның іші шетелдік озық қондырғылармен жабдықталыпты. Былтыр осы кешен облыстың бес ауданындағы сексенге жуық елді мекенінде болып, ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетіпті. Биыл сол игі үрдіс өз жалғасын табатын болады дейді орталық басшылары.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары партияның Семейдегі филиалына соға кетуге де уақыт таба білді. «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Жігітбаева мәртебелі қонаққа филиал жұмысын егжей-тегжейлі таныстырды. Ол жыл басынан бері партия қатарына ай сайын 70-80 адам немесе күніне 6-7 адам қабылданып отырғанын айтты.
Бұдан кейін Бауыржан БАЙБЕК Абайдың республикалық қорық-мұражайында болып, ақынның өмірі мен және шығармашылығымен кеңінен танысты.
Дәулет Сейсенұлы