Жастар бастамасы қолдау табады
«Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов облыс орталығы Өскеменде болып, өңірдің жастарымен бірқатар кездесулер өткізді.
Ол алдымен «Қазцинк» акционерлік қоғамына ат басын тіреп, кәсіпорынның жұмысшы жастарымен салиқалы кездесу өткізді. Заманауи техникалардың тетігін басқаруға машықтанған кәсіпорын жастарымен болған емен-жарқын жүздесу барысында жастардың тарапынан биылғы Елбасы Жолдауында айтылғандай, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша үй алу, шетелде кәсіби біліктілікті арттыру, жастардың өзін-өзі басқаруын дамыту мәселелері көтерілді. Сонымен бірге қызықты бастамалар да көпшілік талқысына салынды. Атқарушы хатшы жастар бастамаларының жүзеге асатынына сендірді.
Ал «Алтай» технопаркінде болған кездесуде студенттік жастар ұйымдарының көшбасшылары ойларын ортаға салды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы міндеттерді кеңінен талқылап, 2020 жылға дейінгі «Жас Отан» жастар қанатының стратегиясы, еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы жайында пікірлерін білдірді.