Журналистік зерттеу

«Жарымжан» жарнамалардан қалай құтыламыз?

«Жарымжан» жарнамалардан қалай құтыламыз?


«Жарнама туралы» заңда мемлекеттік тілдің мәртебесі шегеленіп тұрып жазылса да, бүгінде қазақ тіліндегі жарнамалардың жағдайы мүшкіл. Әуелі орысша дайындалып, қазақ тіліне тура мағынасында аударылып, тікелей тәржімаланған «жарымжан» жарнамалар қаламызда қаптап кетті. Алысқа бармай-ақ, заманында «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп халқының қамын жеп өткен ұлы Абай атындағы даңғылдың қақ төрінде орналасқан «Темірлан» сауда үйіне бас сұқтым…

«Нандарлар» пісіретін «Ақсай-нан»

Бірінші қабаттағы «Кари» сауда желісіндегі балалар киімі орналасқан сөредегі «қорқақтар балалар ұлдар» деген жазуға көзім түсті. Сөйтсем ол балалардың ішкиімі (трусы) деген сөз екен. Одан әрі қарай «қорқақтар аталық», «қорқақтар әйелдер» деп жалғаса береді. Бұл қазақ тілін, ұлы Абай тілін қорлау емей немене? Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов даңғылы бойындағы гүл сататын дүкендегі «Жаннан шыққан гүл шоқтары» (цветы от души) деген «қисық» жарнама даңғылдың сәнін кетіріп, көзге шыққан сүйелдей болып тұр.

Ия, Өскеменді асықпай араласаңыз, бұдан да сорақы жарнамаларды кездестіруге болады. Әріп қателері ғана емес, сөйлем құрылымдары да қате жарнамалар жетерлік. Қала ішіндегі автобустарда «Кеуденің жиһазы» (корпусная мебель), «құрыш кіретін есіктер» (стальные входные двери) деген жарымжан жарнамалар да мен мұндалап тұр. Ал «порви всех – бәрін жырт», «бұзылған еркектердің сағатын жөндеу», «бұзылған әйелдердің етігін жөндеу», «требуется женщина на шашлык», «кәрі сүреттерді жөндеу» (раставрация старых фотографий) деген жазуларға тіпті не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Күлгенде қай бір жетіскеннен күледі дейсің, «ызалы күлкінің өзі де қайғы».

Абырой болғанда облыстық тілдерді дамыту басқармасының қадағалауымен кейбір қате жарнамалардың иелеріне ескертіліп, бүгінде жөнделу үстінде. Бұл қате жарнамалар сауда үйлері иелерінің өздеріне де аз шығын әкелмейтіндігін білгендері жөн. Өйткені, шағын дүкендерді айтпағанда, орташа, ірі сауда кешендеріндегі ақпараттық көрнекіліктердің құны 100-150 мың теңгенің үстінде болады. «Жарымжан» жарнамаларды диодтық жарықтармен безендіріп, түнімен жарқыратып қоятынын қайтерсің. Мұндай жағдайда тілдерді дамыту басқармасының мамандары қате жарнаманы түзету үшін иелеріне 10 күннен бір айға дейін уақыт береді. Сыртқы жарнамасында қателері өріп жүрген сауда орындары аз емес Өскеменде.

Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), нұсқаулықтарында мемлекеттiк және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуы тиiс. Тіпті аудармасы шалажансар шетелдік өнімдерді айтпағанда, «Ақсай-нан» ЖШС-нің Қазақстанда жасалған отандық өнімінің сыртында «қурылған нандарлар» (гренки) деп жазулы тұр. Атағы білдей кәсіпорында мемлекеттік тілді білетін бір қазақтың болмағаны ма? Мемлекеттік тілге деген құрмет, жауапкершілік қайда?

Еліміздегі «Тіл туралы» Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабында «Маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк және орыс тiлiнде жазылады» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мемлекеттiк тiлде сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағында немесе төменгi жағына орналасады және бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылуы тиіс. Бұл ереже сақталмаған жағдайда ірі кәсіпкерлерге – 50, орта кәсіпкерлерге – 20, шағын кәсіпкерлерге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Маңдайшалар мен дүкендердегі қателерден бөлек шаһарымыздың жол жиегінде ілініп тұрған билбордтар, яғни, жарнама тақтайшалары қаптап тұр. Негізінен мейрамдарға байланысты бір реттік акция немесе жаппай сатылым жөніндегі бұл жарнамалардың «ғұмыры қысқа» келеді. Тәуелсіздік даңғылы бойындағы осындай бір билбордта «Бір ай сыйлаймыз» деген жарнама тұр. Адамға бір ай уақыт сыйлайтындай «Теле 2» операторы Жаратушы ма еді? Дұрысы – бір айлық лимит сыйлайтын болар.

Гагарин бульвары маңында орналасқан Ломоносов көшесіндегі көпқабатты үйлердің көше аты жазылған тақтайшасында «Ломоносов к-си» деп жазылып тұрғалы қашан.

«Жарымжан» жарнамалардан қалай құтыламыз?

Қазақша атаулармен қауышқандар

Құдайға шүкір, ел болып, етек жиып, тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде облыстағы екі қаланың (Риддер, Семей), Молодежный кентінің (Қасым Қайсенов), 17 ауылдық округтің, 24 мектеп пен бір кітапхананың, екі вокзалдың (Өскемен мен Риддер), 666 көшенің аты өзгерді. Шаһарымызда тұрғын үй құрылысы қарыштап, жаңа шағын аудандар бой көтерді. Ондағы атауы жоқ көшелерге Ыбырай Алтынсарин, Бейімбет Майлин, Әлихан Бөкейханов, Көкжал Барақ, Әди Шәріпов, Ізғұтты Айтықов, Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықов, Әубәкір Байбатшиннің, Семей көшелерінің біріне Қайым Мұхамедхановтың, Зәкәрия Белібаевтың есімдері берілді.

Білім ордаларына тоқталатын болсақ, Риддер қаласындағы №3 орта мектебіне Дінмұхамед Қонаевтың есімі, Өскемендегі «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне» Оралхан Бөкейдің, Өскемендегі №33 орта мектебіне Абайдың, №1 орта мектебіне Шәкәрімнің, көпбейінді №3 мектеп-гимназиясына Шоқан Уәлихановтың, №16 орта мектебіне Зәки Ахметовтің, №23 орта мектебіне Мұхамет Шаяхметовтің, Үржар ауданы Благодарное орта мектебіне Ахмет Байтұрсынұлының, Ұлан ауданындағы М.Горький атындағы негізгі мектепке Ғадас Салықовтың, Үржар ауданындағы Крупская орта мектеп-балабақшасына Абылайхан есімі, Күршім ауданындағы Шеңгелді негізгі орта мектебіне Жақыпбек Малдыбаевтың, Жарма ауданындағы Қызылағаш орта мектебіне Мүтән Аймақовтың, Семей қаласындағы Прииртышский жалпы орта білім беретін мектебіне Біржан Исадиловтың, Катонқарағай ауданындағы Ленин орта мектебіне Сейтқамза Ластаевтың, Тарбағатай ауданындағы Чкалов орта мектебіне Қасым Қайсеновтың, Үржардағы М.Горький мектебіне Бауыржан Момышұлының есімі берілді.

Үлкен Нарындағы Ленин орта мектебі Үлкен Нарын орта мектебі, Ұлан ауданындағы Қазанның 17 жылдығы атындағы мектеп М.Әуезов орта мектебі болып мақұлданып, бүгінде құжаттары әзірленіп жатыр.

Қате көрсеңіз хабарлаңыз!

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Айдын Шаймардановтың айтуынша, заң талаптарының орындалуы басқарма тарапынан үнемі бақылауда ұсталынып келеді. – Мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі нығайтуда маңызды орны бар көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін ресімдеуді біріздендіру, үйлестіру жэне бақылау ісіне облыс жұртшылығын кеңінен тарту мақсатында Шығыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен биылғы ақпанның 13-нен наурыз айының 13-не дейін облыс аумағында «Қате жарнамаға жол жоқ!» айлығын жарияладық,-дейді Айдын Жомартұлы. – Жыл сайын өткізілетін бұл шара ведомстволық нысандарды, ақпараттық-қабырғалық жарнамаларды, коммерциялық құрылымдардың маңдайшаларын және басқаларын көркемдеп безендіру кезінде берілетін мәтіннің эстетикалық, дизайндік, тілдік-эмоциялық әсерін зерделеу және қателіктердің жөнделуіне қоғамдық ықпал ету мақсатын көздейді.

Тілдік нормалардың сақталуын бақылай отырып, мемлекеттік тілдегі мәтіннің қазақ тілінің табиғатына, қазақ ұлтының ұғымына сай болуын реттеу мақсатында жүргізіліп жатқан бұл шараның басы-қасында жүрген басқарманың ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Роза Төлемісованың айтуынша, Фейсбук әлеуметтік желісінде де «Қате жарнамаға жол жоқ!» акциясы жарияланды. Бұдан былай облыстағы «жарымжан» жарнамалар мен жекеменшік ғимараттарда орналасқан ақпараттардағы қателер суретке түсіріліп, Фейсбуктегі парақшада орналастырылатын болады.

-Көпшілік жағдайда ақпараттарда мемлекеттік тілдегі мәтіні жоқ немесе олардағы грамматикалық, стилистикалық қателерге байланысты ақпараттың мазмұны өрескел бұрмаланады. Өткен жылы облыста 130-ға тарта рейд өткізілді. 1300-ге жуық шаруашылық нысаны қамтылып, нәтижесінде 139 грамматикалық қате әшкереленді. Біздің қадағалауымызбен қателіктер толығымен түзетілді. Биыл да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз,- дейді Роза Әшімханқызы.

Кез келген мекеме басшысының, сауда орындары иелерінің мемлекеттік тілге деген көзқарасын мекеме маңдайшалары мен ақпараттық көрнекіліктердегі, жарнамаларындағы қазақшасынан-ақ байқауға болады. Сонымен, мемлекеттік тілді аяққа таптап, міз бақпай жүрген сауатсыз кәсіпкерлерді жауапқа тартуға құзырлы органдардың қауқары жетпей ме? Өкінішке қарай, бұл жерде заң солқылдақтық танытуда. Сала мамандарының сөзіне қарағанда, заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің көрнекі ақпараттарын, нысандарын тексеру жұмыстарында көптеген қиындықтар кездеседі. – Заң жүзінде оларға шара қолдану көрсетілгенмен, тексерудің нақты тетігі болмағандықтан, прокуратура органдарында тіркеліп тексеру үшін рұқсат алу мүмкіндігі болмай отыр. Тек азаматтардан өтініш түскен жағдайда ғана тексеруге рұқсат етілген. Сондықтан басқарма тарапынан тексеруге толық мүмкіндік жоқ. Тек осындай айлықтармен, акциялармен шектеліп отырмыз. Заңға қосымша өзгерістер енгізу керек. Әрине, бұл мәселе бойынша Тіл комитетіне тиісті шараларды қарастыру жөнінде ұсыныс жасалған,-деп жауап берді басқарма басшысы Айдын Шаймарданов.

Негізінен қателікке толы жарнама тақтайшалары Семей мен Өскеменде көп. Себебі ауылға қарағанда қалаларда кәсіпкерлер, сауда орындары басым. Аудандарда 1-2 жарнама агенттігі болса, Өскеменде оның 20-дан астамы бар. Ешқайда тіркелмей, шағын жарнамалық тақтайшаларды өздері жасап жатқандары қаншама.

-Жарнама иелері оны көшеге ілмес бұрын сәулет бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарына міндетті түрде жарнаманың сызбасын көрсетіп, рұқсат алады. Басқарма жанынан құрылған лингвистикалық орталық та бар. Сондықтан жарнама агенттігінің өкілдері ілетін жарнамасының мемлекеттік тілдегі нұсқасын осындағы мамандарға тексертіп, қателік болса бірден түзетіп алуына болады. Ақылы аудармашыға жүгіне алмаса, тіпті, тегін аударып береміз. Ең дұрысы – жарнама мәтіні орысшадан аударылмай, әу бастан қазақша дайындалса ешқандай қате кетпейді. Мәселен, Өзбекстанда бір-ақ тілде, өз ана тілінде ғана жазылады,-дейді Роза Әшімханқызы.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Елбасының 2005 жылғы Жарлығына сәйкес, мемлекеттік органдар арасындағы құжат алмасу мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Бұл маңызды шара кезең-кезеңімен жүргізілгендіктен, біздің өңірде қазақшаға көшу 2008 жылдан бері қолға алынған еді. Жарлық шыққалы он жылдың жүзі болса да бүгінгі күнге дейін хаттарын мемлекеттік тілде жібергенді қойып, тіпті, екі тілде де емес, тек орыс тілінде жіберетін мемлекеттік мекеме-ұйымдар бар.

Мемлекеттік тілдің бұрмалануына немқұрайлы қарамайтын тіл жанашырлары болса, кез келген жерде көрген қазақша қателіктерді мүмкіндігі болса суретке түсіріп алып немесе мекенжайын жазып алып, облыстық тілдерді дамыту басқармасының 705-991, 705-992, 577-998 телефонына, сонымен қатар редакцияның 75-14-45 телефоны арқылы хабарласуына болады. Мемлекеттік тілге пысқырып та қарамайтын жарнама иелерін осылайша ұдайы қадағалап, тіпті, заңға бағынбаса прокуратура органдарының араласуымен тосқауыл қоятын уақыт жетті.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button