Жақсылыққа жаны құмар жастар
Ерлан Бапанов, Тарбағатай
Биылғы қыстың аязы да, қары да ерекше. Ақ ұлпа Тарбағатай өңіріне де молынан жауды. Арасында боран үрлеп, үй аулалары күпсе қарға нығыздалып қалған жағдайлар да бар. Бұл әсіресе қолында қолғанаты жоқ жалғызбасты егде жандарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға біршама қиындық тудырды.
Мұндайда тарбағатайлық жастар қолына күрек ұстап, оларға қол ұшын созды. Аулаларын ақ ұлпадан тазартып қана қоймай, су тасып, отынын жарып беріп, азық-түлікке дейін жеткізді. «Тамшыдан көл, ұсақ-түйектен сауап жиналады» деп есептейтін олар қысылтаяңда қол қусырып қарап қалмады.
Қайырымдылыққа құштар жастар көп болса, қоғам түзеледі. Ерікті болу қиын емес, тек ниет пен таза жүрек керек. Сонда уақыт та, қаражат та табылады. Мұқтаж жандарға көмектесу үшін міндетті түрде кәсіпкер болуың шарт емес, –дейді ауыл жастары. Мәселен, жуырда Ақжар жастарынан құралған еріктілер үш үйдің ауласын қардан толықтай тазартты. Жасаған жақсылықтың үлкен-кішісі болмайтыны баршаға мәлім. Телефондағы қайталана беретін «трендтегі» бейнелерді көріп телміруден гөрі, жастар ерікті түрде жиналып, ойнап-күліп жүріп-ақ көп іс тындыра алатындарын айғақтады.
Тарбағатай аудандық жастар ресурстық орталығының дерегінше, ауданның әр ауылында волонтерлер тобы құрылған. Бұл топ құрамына қоғамға шынайы жанашыр, қайырымдылыққа құштар жоғары сынып оқушылары мен студенттер, ауылдың жұмыскер жас азаматтары өз ықыластарымен қосылған.
Жастардың көмегіне үй иелері де дән риза. «Ауламның қардан тазаланғанына емес, жастардың жақсылыққа құлшынып жүргеніне қуанып тұрмын. Қиналған адамдарға қол ұшын созу – сауапты іс. Қайырымдылық шарасы жалғасын таба берсін. Мұндай игі істер жастарды жақындастырып, игілікті дәріптейді. Істеріне сәттілік тілеймін», – дейді ізгі ниетін білдірген Ақжар ауылының тұрғыны Гүлбану апа.
Мұндай игілікті іс жер-жерде жалғасын тауып жатыр. Мысалға, Қарасу ауылының «Қолғанат» еріктілер тобы мешіттің ауласын қардан тазартса, Жетіарал жастары ауылдағы мешіттеріне екі тонна көмір алып берген. Құйған ауылында «Қолғанат» еріктілер тобы мүмкіндігі шектеулі Қайырлы Сейсенбаевтың ауласындағы қарын күреп, қолғабыс еткен. Тұғыл ауылында еріктілер жалғызбасты тұрғынның ауласын қардан тазартқан. Жалпы, жастардың бастамасымен Тарбағатай ауданының ауылдарында «Мейірім», «Ізгілік» акциялары жиі ұйымдастырылады. Онда ауылда тұратын тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларына қажетті азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды апарып табыстап отырады.
Бүгінде аудан жастары әлеуметтік және қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылып келеді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», –дегендей еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың қоғамдағы орны бөлек. Қазіргі таңда елімізде жастар саясатына айтарлықтай көңіл бөлінген. Мәселен, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жастарға 2,5%-бен несие беру қолға алынды. Сонымен қатар бизнес-идеяларды іске асыру бойынша беріліп жатқан қайтарымсыз қаржылай грант алушылар қатарында да жастар көп.