Саясат

Жаңа стратегия жастарға тың серпін береді

Кеше Астанада Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен «Жас Отан» жастар қанатының II съезі өтті. Съезде «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі стратегиясын қабылдау, жастар қанатының атқарушы хатшысын және орталық кеңестің құрамын сайлау, Жастар қанатының Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралды.

Жаңа стратегия жастарға тың серпін бередіАстанадағы «Сарыарқа» велотрегі жастарға лық толды. Ел болашағына бейжай қарамайтын белсенді бозбалалар мен бойжеткендер бас қосты. «Арман! Еңбек! Сенім!» деп ұрандаған олар «Жас Отан» жастар қанатының съезін екінші мәрте өткізіп отыр. Жақын болашақтағы өздерінің басты құжаты «Жастар – Отанға!» деп аталатын 2020 жылға дейінгі стратегиялық құжатты нақтылау мақсатында еліміздің бас қаласына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1100-ден астам делегат жиналды.

Біздің облыстан барған 88 делегатты «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков бастап келді. Ауқымы кең, маңызды шараға облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ербол Нұрғалиев арнайы барған болатын. Аймағымыздың белсенді жастарынан құралған делегация құрамында облыстың жас депутаттары, үздік жұмысшы жастар, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, өнер және білім саласында топ жарған өрендер бар.

Жалпы, бүгінде «Жас Отан» өз стратегиясында бірінші кезекте адам капиталын дамытуды, сапалы білім мен кәсіби өсуді және әрбір жас қазақстандықтың табысты болуын, сонымен қатар салауатты өмір салтын қолдап келеді. Стратегияда 11 басты бағыт айқындалған. Оның ішінде сапалы білім, еңбек, жастардың мәдени дамуы мен бірлігі, жастар кәсіпкерлігін дамыту, ғылымды қолдау және волонтерлік қозғалыс сияқты көптеген салалар бар.

«Жас Отан» жастар қанаты Елбасының жүргізіп отырған саясаты төңірегіне барлық жастарды жұмылдыруға күш салып келеді. «Жас Отанның» стратегиясында «Нұр Отан» партиясының 2020 жылға дейінгі бағдарламасында белгіленген басымдықтар да көрініс тапқан. Қабылданған жаңа «Жастар – Отанға!» стратегиясы алты бөлімнен тұрады.

Елбасымыз өз сөзінде жастар саясатын дамыту мақсатында алға ауқымды міндеттер қойып отырғанын айтты. «Біз, Қазақстан халқы, татулыққа ұйыған, жастары жасампаздыққа ұмтылған елге айналдық. Бір буын ауыспай-ақ мүлдем басқа сипаттағы жаңа ұлт, жаңа ел болдық. Күллі әлем таныған, құрметтеп, төріне оздырған беделді мемлекетпіз» деді Мемлекет басшысы.

Мұның бәрі бір күнде, бір сәтте бола қоймағандығын баса айтқан Елбасының пайымынша, 20 жылда екі ғасырға татитын еңбек сіңіргеннен кейін ғана Қазақстан қос ғасырға бергісіз табысқа жетіп отыр. Сонымен қатар, Елбасы осыдан төрт жыл бұрын «Жас Отан» партияның Жастар қанатына айналғанын, сол уақытта «Нұр Отанның» жас мүшелеріне өздерінің келешек стратегияларын жоспарлауға мүмкіндіктер қарастырылғанын айтты.

Президенттің пайымынша, бұл дұрыс шешім болды. «Біріншіден, сендердің өз саяси авангардтарың бар. Екіншіден, «Жас Отан» аса белсенді жастарды өзіне жинай алды. Үшіншіден, «Жас Отан» айналасына студенттер, жас фермерлер, жұмысшылар, ғалымдар мен білім иелері коалициясы топтасты. Төртіншіден, жастардың «Нұр Отан» партиясының жеңіске жетуіне қосқан үлесі зор» деді Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Елбасы, сондай ақ, Үкімет пен «Нұр Отан» партиясына жастар саясаты жөніндегі заң жобасын келесі жылдың бірінші жартысына дейін Парламентке өткізуді тапсырды.

– Еуразия университетінің базасында жаңа ғылыми зерттеу орталығы құрылды, бұл орталықтың міндеті – жастарға байланысты барлық түйінді мәселелерді зерттеп, талдап отыру. Жастардың мамандық таңдау мәселесін де нақты жолға қою қажет. Ауылдың, кенттің әкімдері мектеп бітірген түлектердің қандай оқуға түсіп, қай саланы таңдағысы келетінінен хабардар болуы керек. Мектеп бітірген жастарға ауыл әкімдері бағыт-бағдар беріп отыруы тиіс. Түлектер Қазақстанға қандай мамандар қажет екендігін білуі міндет. Қазақстанның болашағы сапалы білім мен білікті мамандарға байланысты. Мен Үкімет алдына орта мектепті бітірген әр қазақстандық мамандық алу мүмкіндігіне ие болу туралы міндет жүктеймін. Экономикаға орта буынды техникалық жұмысшылар – слесарьлар, электриктер, механиктер және басқа да мамандық иелері қажет. Индустрияландыру, бизнестің жол картасы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысушы әрбір ірі кәсіпорын жастарды оқыту және жұмысқа орналастыру жөнінде квота белгілеуі тиіс. Өзге маңызды бағыт – мамандарды даярлаудағы қосар жүйе. Менің тапсырмам бойынша, бұл үлгі қазірдің өзінде «Қазақмыс» кәсіпорындарында, Дон кен-байыту комбинатында, Павлодар электролиз зауытында енгізілді. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры өз компанияларына қолдана бастады. Бүгінде 60-тан аса ел қосар жүйеде табысты жұмыс істеуде, – деді Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жуықта Астананың төрінен тағы бір ғажайып сәулет туындысы бой көтереді. Мемлекет басшысы елордамызға Жастар сарайының қажет екендігін атап өтті. Жастар қауымы Елбасының бұл ұсынысын қызу қолдады. Президент үш тұғырлы тіл саясатына, ел ішіндегі бірлік пен татулықтың негізгі басымдықтарына тоқталып өтті. Қазақ қыздарының тым діншіл болып, арабтың ұлттық киіміне әуестенуі жарқын болашақтың кепілі емес. Дінге сенген жастар орта ғасырларға шегінбеуі керек. Елбасы жасотандықтарға теріс діни ағымдардың жетегінде жүрген жастарға оң жолды нұсқау керектігін айтты. Елбасының айтуынша, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша жыл сайын жас отбасыларға 3 мыңға тарта пәтер беріледі. Биылдың өзінде мемлекет 95 мыңға тарта жас қазақстандықтың жұмысқа орналасуына жәрдемдескен.

Дүйім жұрттың алдына шығып, сөз сөйлеген әр аймақтың жастары «Жас Отан» жастар қанатының 2008-2011 жылдар аралығында көптеген ауқымды шаруалар атқарғанын тілге тиек етті. Семейлік Еркебұлан Балтабеков Елбасымыздың жастар мәселесіне ерекше ден қойып отырғанына тоқталып өтті.

– Мен 1991 жылы Семей қаласында дүниеге келдім. Дәл осы жылы жарты ғасырға жуық сынақ алаңына айналған менің туған жерімде ядролық полигон жабылған болатын. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ табанды шешімінің нәтижесі деп білемін. Біздің, яғни, жастардың өмірге деген құштарлығы ерекше. Себебі, біз ашық аспан астында, татулық пен келісім салтанат құрған елде өмір сүрудеміз. Мен барша құрдастарымды Қазақстандай ыстық ұямыздың өсіп-өркендеуі үшін Елбасымыздың игі бастамасын белсенді насихаттауға шақырамын, – деді семейлік делегат.

Павлодарлық Сапар Шалабаев, астаналық Нұрсұлтан Топиев, теміртаулық Ольга Долженко және тағы басқа съезге қатысушы жастар өз ойларын ашық та батыл айта білді. «Wikibilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы мен параолимпиадалық ойындарға қатысушы Әнуар Ахметов Мемлекет басшысының еліміздің ақпараттық даму саясатын жүзеге асырудағы және Қазақстанның спорттық табысындағы жетістіктерге жетуде жоғары деңгейдегі ерекше рөлін атап көрсетті.

Біздің облыстан барған делегация құрамындағы жастар да өз пікірлерін білдірді. Жарма ауданы, Қалбатау ауылында мұғалімдік қызмет атқарып жүрген жас маман Данара Әлімбаева съезге делегат болып қатыса отырып, Елбасының айтқан сөзінен көңіліне көп дүние тоқығанын айтты.

– Қабылданған стратегия еліміздегі жастарды топтастырудың маңызды факторы болып табылады, – дейді ол. Ал семейлік Олжас Шәріпбековтің айтуынша, «әрбір жас мемлекет маған не береді демей, мен мемлекетке не бере аламын?» деп ойлануы керек.

БІЗДІҢ ДЕЛЕГАТТАР МИНИСТРМЕН КЕЗДЕСТІ

Еліміздің барлық аймақтарынан келетін жастар делегацияларын күтіп алу жұмыстары Астанадағы министрліктерге бекітілген екен. Шығыстан келген жастар тобын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері қала қақпасынан қарсы алды. Бекітілген бағдарламаға сәйкес, делегация мүшелері алдымен аталмыш министрліктің ғимаратын аралап, ондағы мамандардың күнделікті жұмыс барысымен танысты.

Шығыс Қазақстан облысы Әкімінің бірінші орынбасары қызметін бірнеше жыл абыроймен атқарып, бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындалған Серік Әбденов шығысқазақстандық делегацияны ерекше ықыласпен қабылдады.

– Біздің министрлікке Шығыстан келетін жастар тобы бекітілгенде шын ниетіммен қуандым. Себебі, Шығыс Қазақстан десе, менің кеудемді сағыныш сезімі кернейді, мен бұл аймаққа бауыр басып қалған екенмін. Шығыстың жарқын жүзді жастарын Астананың төрінен көріп отырғаныма қуаныштымын, – деген министр осы саланың өзекті мәселелеріне тоқталып өтті.

Министр жастар делегациясына министрлікте күнделікті атқарылатын жұмыстар мен осы саланың ерекшеліктерін атап көрсетті. Мамандар «Жас Отан» жастар қанатының делегаттары қойған сұрақтарға жауап берді.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button