Саясат

Жаңа әкімге тың міндеттер жүктелді

Жаңа әкімге тың міндеттер жүктелді

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Глубокое ауданында болып, Президент Әкімшілігінің және «Нұр Отан» партиясының, сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен әкім болып тағайындалған Арман Бекбосыновты аудан активіне таныстырды.

Соңғы жарты жыл көлемінде аудан әкімі лауазымы бос тұрған болатын. Осыған дейін аудан тізгінін ұстаған Нұрлыбек Шерубаев облыс әкімінің орынбасары болып ауысқандықтан, алты айдай аудан әкімінің міндетін Александр Брагинец атқарып келген еді. Аймақ басшысы өз сөзінде ауданның облыс орталығына жақын орналасқан, ауыл шаруашылығы дамыған, өндірісті, даму мүмкіндіктері мол аудандардың бірі екенін жеткізіп, жұмысты дұрыс атқара білген А.Брагинецке ризашылығын білдірді.

– Арман Ілиясұлын барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Ол бұған дейін мемлекеттік қызметтің біршама сатысынан өтіп, мол тәжірибе жинақтады. Көлік және коммуникация министрлігінде қызмет атқарып, саланың қыр-сырын жақсы меңгерді. Министрліктермен байланыс орнату жұмысын жақсы біледі. Катонқарағай ауданында әкім болып, үш жыл жемісті еңбек етті. Енді ол мол тәжірибесін Глубокое ауданының дамуы жолында пайдалана алуына мүмкіндігі бар. Сондықтан Арман Бекбосыновты өзіне жүктелген сенім мен тапсырылған міндеттерді ойдағыдай атқарады деп облыс басшылығы атынан сенім білдіремін, – деді облыс басшысы.

Арман Бекбосынов – Зайсан ауданының тумасы. Өскеменде-гі жол-құрылыс институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы автокөлік жолдары қазыналық кәсіпорны жүйесінен бастады. Көлік және коммуникация министрлігінің Автокөлік жолдары комитетінде қызмет етті. 2006 жылдан 2008 жылға дейін Атырау облысындағы жергілікті атқарушы органдар жүйесінде лауазымды қызметтер атқарды. 2008-2009 жылдар аралығында Көлік және коммуникация министрлігінің стратегиялық жоспарлау және көлік-коммуникация кешенін дамыту департаменті автожолдарды дамыту басқармасының бастығы, 2009-2010 жылдары Шығыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының бастығы, 2010-2013 жылдары Катонқарағай ауданының әкімі, ал 2013 жылдың тамыз айынан жаңа тағайындауға дейін «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.

Жаңа басшыға аудан активінің атынан аудандық Достық үйінің директоры М.Пекур ізгі тілегін айтып, алдағы бірлескен жұмысына тек сәттілік тіледі.

Глубокое аудандық ауруханасының соңғы бөліктерінің жұмысын облыс әкіміне мердігер мекеме – «Элхон» ЖШС-нің жетекшісі Л.Тұмашинов таныстырды. Бүгінде жұмысы бітуге таяған нысанда енді қажетті медициналық құрал-жабдықтарды орнату, айналасын қоршау, абаттандыру сынды шаруалар ғана қалған. Аймақ басшысы мердігер компанияға осы қарқыннан таймай, нысанды алдағы тамызда толықтай іске қосуды, ал жаңа аудан әкіміне бұрынғы аурухана ғимаратын жас дәрігерлерге арналған баспанаға айналдыруды, оған қажетті сараптамаларды жасауды тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button