Жаңа әкімге тың міндеттер жүктелді
Глубокое ауданына жаңа әкім тағайындалды. Оны аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ аудан активіне өзі таныстырды.
Бұл лауазымға облыс әкімінің өкімімен, аудандық мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауымен осыған дейін Катонқарағай ауданын басқарған Қалихан Байғонысов тағайындалды. Облыс басшысы жаңа әкімнің қызмет жолын баяндай келе, оған жүктелетін міндеттерді атады.
-Қазіргі әкімдеріңіз Арман Бекбосыновтың басқа қызметке ауысуына байланысты ауданға жаңа басшыны ұсынып отырмыз. Бұл өлке аграрлық сала мен өнеркәсіпті қатар дамытуға қолайлы өңір болғандықтан, басшыларыңыздың ауыл шаруашылығын бес саусағындай білгені өте маңызды, – деді аймақ басшысы.
Қалихан Байғонысов 1959 жылы Катонқарағай ауданында дүниеге келген, екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын Катонқарағай ауданы «Коробиха» кеңшарында автомеханик болып бастап, кейін кеңшар директоры қызметінде болды. Тәуелсіздік жылдары ауылдық округ әкімі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Бұған дейін Бесқарағай және Катонқарағай аудандарын басқарған.
Өз кезегінде Қалихан Байғонысов аймақ басшысы мен аудандық мәслихат депутаттарына өзіне сенім білдіргендері үшін алғыс білдіріп, аудан халқымен бірге Елбасының алға қойған міндеттерін жемісті орындауға дайын екенін жеткізді.
Ал Арман Бекбосынов әріптестеріне бір жарым жыл қоян-қолтық жұмыс істегендері үшін ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін облыс басшысы аудан активіне бүгінгі қалыптасқан экономикалық жағдай барысында атқарушы органдардың жұмысында қандай бағыттарға басымдық берілетініне тоқталды.
-Еліміздің, соның ішінде біздің облыстың да сыртқа экспорттайтын негізгі өнімдеріне деген сұраныстың түскенін білесіздер. Бұл сын-қатерлердің алдын алу үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бес институттық реформаны жариялады. Бұл реформалар елдің экономикасын қайта құруға қауқарлы. Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік жағдайдың жақсара түсуі де аталған бағдарламада көрініс тапқан, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс әкімі әлеуеті толықтай пайдаланылмай отырған салаларды атап, дамыту тетіктерін атады. Соның бірі –сүтті мал шаруашылығы. Бұл бағыт бойынша Глубокое ауданында роботтандырылған сүт фермасының озық үлгісі бар. Осы іспеттес халықаралық талаптарға сай шағын фермалар өңірдің әр түкпірінде жұмыс істейтін болады. Ал жергілікті әкімдерге халықтан сүт қабылдауды ың-шыңсыз ұйымдастыру жүктеліп отыр. Бұл өз кезегінде өңірімізді сүтпен толық қамтуға мүмкіндік береді.
Елімізге жыл сайын 200 мың тонна құс еті сырттан әкелінеді. Бұл сұранысты өз кәсіпорындарымыздың көмегімен қанағаттандыру үшін ет өндіру және өңдеу бойынша нақты жобалар жүзеге асуы тиіс. Тек өзімізді ғана қамтып қоймай, көрші жатқан Қытай нарығын игеруге мүмкіндік ашу қажет.
Ал өткен жылы межеден түсіп кеткен өнеркәсіп өнімінің көлемін ұлғайту үшін, «Азия Авто» сынды алпауыттардың жұмысын жандандыру үшін ішкі сұранысты ынталандыруға күш салынбақ. Ішкі сұранысты төл өнімдерге бағыттау арқылы қазақстандық құрамды арттыру – басты талаптардың бірі болмақ.
Дағдарысқа қарамастан облыста тұрғын үй құрылысы бәсеңдемейді. Ол үшін Еуропа қайта құру және дамуы банкі сынды қаржылық институттардан инвестиция тартылуда. Жергілікті әкімдерден де сырттан инвестиция тарту қатаң талап етілуде. Сырттан келер инвестиция құрылыстан бөлек, аграрлық сала мен қуат көздерін үнемдеуге де тартылуы тиіс. Ал үнемдеуден қалған қаржыға медицина мамандарын халықаралық орталықтарда жарты жыл бойы біліктілігін арттыруға жіберу көзделіп отыр.
– Осы аталған бағыттарды алға оздыру үшін жергілікті актив пен аудан әкіміне бірлесіп жұмыс істеу қажет, – деді аймақ басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы