Саясат

Жаңа экономикалық саясаттың бағыттарын түсіндірді

Жаңа экономикалық саясаттың бағыттарын түсіндірді

Елбасы Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық ақпараттық-насихаттық топ Шығыс Қазақстан облысында болды. Аймағымыздағы 19 қала мен аудан орталығында барлығы 38 кездесу өтіп, оларға бес мыңнан астам тұрғын қатысты. Ақпараттық-насихаттық топтың жетекшісі, Энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-да болып, кәсіпорынның басшыларымен және қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Жиын барысында елімізде атом энергетикасын дамыту, баламалы қуат көздерінің болашағы, энергияны үнемдеу сияқты өзекті мәселелер әңгімеге тиек болды.
– Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы – бірінші кезекте бүкіл әлемнің алдында тұрған экономикалық дағдарыс кезінде экономика өсімінің қозғалтқышы болатын құнды құжат. Қиын-қыстау шақта тығырыққа тірелмес үшін келер жыл Жолдауда айтылған міндеттер үдесінен шығатын тиімді де нақты шешімдер қабылдайтын кезең болуы қажет. Бүгін сіздермен кездесуге Астанадан арнайы келіп отырған ақпараттық топтың мақсаты да осы, – деп түсіндірген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Жолдауға сәйкес өңір экономикасын алға жетелейтін негізгі бағыттарға тоқталды.
Ал Владимир ШКОЛЬНИК Жолдаудың басым бағыттарына ден қойды. Министрдің айтуына қарағанда, келер жылы әлем жұрты осыдан алты жыл бұрын жаһандық экономиканың дамуын құлдыратып жіберген дағдарысқа тағы да тап болуы ықтимал. Сондықтан мұндай алмағайып заманда басқа төнген қиындықтарды тек ауызбіршілік танытып, жұмыла әрекет еткен елдер ғана жеңіп шыға алмақ. Ол үшін ең әуелі алда тұрған мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз керек. Бұл ретте шамшырақтай жол көрсетіп тұрған Президент Жолдауының маңызы жоғары.
– Алдағы жылдан бастап Жолдау аясында жүзеге асырылатын басым бағыттардың ішінде қалалардың инфрақұрылымын қайтадан құру жұмыстары мықтап қолға алынады. Оған қыруар қаражат қарастырылып отыр. Дәлірек айтсақ, коммуналдық-техникалық жобаларды орындауға шамамен 20 миллиард доллар көлемінде қаржы бөлу жоспарланған, оның тең жартысы ұлттық қордан берілсе, қалғанын қаржылық институттар бөледі, – деп нақтылаған Владимир ШКОЛЬНИК энергетика саласын дамытуда Шығыс Қазақстанға ерекше көңіл аударылып отырғанын жеткізді.
Оның айтуынша, Жолдаудың энергетика бөлімінде «Екі жобаға назар салу қажет. «Екібастұз – Семей – Өскемен» және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді» деп анық айтылған.
Өз кезегінде министр Семей мен Алматының арасын жалғайтын электр желісінің құрылысын қаржыландыруға «KEGOC» компаниясы 40 миллиард теңге көлемінде инвестиция салады. Бүгінде жобаға қатысты жұмыстар басталып кеткен.
Жиында министр кәдімгі тас көмірден көмірсутек өндіруге болатыны туралы айтты. Энергетика саласындағы тың бағыттардың бірі болып табылатын бұл жобаның болашақта ел экономикасындағы алатын орыны ерекше дейді маман. Сондықтан аталмыш министрлік бұл бағыттағы кез келген жобаны қарап, қолдау білдіруге дайын.
Сонымен қатар, Владимир ШКОЛЬНИК өскемендік «Kazakhstan Solar Silicon» кәсіпорыны өндіретін күн батареяларын үлкен көлемде Катар мемлекеті сатып алуға ықылас танытып отырғанын жеткізді. Әрине, мұндай жағымды жаңалық жиынға қатысушылардың ешқайсысын бейжай қалдырған жоқ.
Кездесу барысында зауыт жұмысшылары көкейде жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Айталық, жиында белсенділік танытқан Евгений Гамулин, Сергей Геновский, Дмитрий Слободин, Сергей Фролов сынды қызметкерлер облыс аумағында АЭС салу, кәсіпорындар арасында ұзақмерзімді шарттар жасасу, ішкі кооперацияны дамыту мәселелерін көтерді.
Министрдің пікірінше, елімізде АЭС салынуы ықтимал үш облыс таңдап алынған. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысы. Нақтырақ айтқанда, Курчатов қаласына жақын маңда атом стансасын тұрғызу жоспарда бар. Бүгінде аталмыш стансаны салуға көмектесетін Ресей елімен үкіметаралық келісімдер жүріп жатыр. Тиісті құжаттарға қол қойылғаннан кейін нақтыланған өңірде құрылыс жұмыстары басталмақ. Оған дейін біздің министрліктер АЭС өндіретін электр энергиясын өткізетін нарықты анықтау бойынша зерттеу амалдарын жүргізуде. Ертеңгі күні қолда бар мол қуатты «қайда өткіземіз?» деген сұрақ туындамас үшін.
Атом энергиясына қатысты өз ойын білдірген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ: – Бұл саланың болашағы зор. Мәселе атом стансасының қай өңірде салынатынында емес, оның өнімін тиімді пайдалана білуде. Мұндағы басты ерекшелік сол, бір саланы игере бастасаңыз, ол міндетті түрде басқаларын да дамытуға жол ашады. Сондықтан елімізде жаңа АЭС салудың тиімділігі өте зор. Оны басқа емес, осы саланың нағыз мамандары сіздер жақсы түсінесіздер ғой. Ертеңгі күні көршілес мемлекеттердің экономикасы өзара бәсекелестікке түседі. Осы кезде энергия үнемдеу мәселесі бірінші кезекке шығады, – деді.
Жұмыскерлер сауалына жауап берген Энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК ұзақмерзімді шарттар жасау мен кооперацияны дамыту мәселесіне қатысты Премьер-министрдің орынбасарына арнайы хат жолдауды ескертті. Сондай-ақ, министр кәсіпорын ұжымын, оның ішінде ғалымдар мен өнертапқыштарды Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне инновациялық жобалармен келіп қатысуға шақырды.

Энергетиканы әртараптандырудың бірден-бір жолы

Ақпараттық-насихаттық топтың жетекшісі, Энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИКПЕН «Қазцинк» ЖШС өкілдері жүздесті.
Энергетика министрі атап өткендей, мұндай кездесулер игі дәстүрге айналған. «Қазцинк» ұжымы кәсіпорынның заман ағымынан қалыспауы үшін ғана емес, сонымен қатар Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған міндеттерді орындауы үшін күнделікті жұмыс жүргізеді. Бұл тек өнеркәсіптік өндіріске ғана емес, сондай-ақ өңір тұрғындары алдындағы әлеуметтік міндеттемелерге де қатысты.
Владимир ШКОЛЬНИК республикадағы және облыстағы соңғы 10 айдың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы қысқаша айтып өтті. Еліміз геосаяси үрдістерге, әлемдік экономикалық проблемаларға қарамастан өсу қарқынын сақтап, тұрақты дамып келеді. Айталық, елдің ішкі жалпы өнімі төрт пайызға өсті. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 10 пайыздан астам ұлғайды, ауыл шаруашылығындағы өсу 4,2 пайызды құрады.
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өз Жолдауында ұсынып отырған шаралары – бұл дағдарыс кезеңінде әлемдік қауымдастық алдында тұрған қауіп-қатерлерге алдын ала жауап.
Владимир ШКОЛЬНИК әңгіме барысында энергетиканың даму мәселелеріне барынша тоқтады. Ол бүгінде Қазақстан энергия қуаты артық ел болып табылатынын және бізге экспортқа шығуға, өндірілген энергияны көршілес елдерге сатуға мүмкіндік беретін бірқатар батыл жобалар бар екенін атап өтті. Бірінші кезекте бұл қалпына келетін энергия көздеріне қатысты. Біз фотоэлектрлі панель өндірісі бойынша толық технологиялық кешені бар әлемдегі бесінші ел болып отырмыз. Оларды құрастырудың бір кезеңі Шығыс Қазақстандағы зауытта жүргізіледі.
– Баршаны бензиннің қамбаттау мәселесі алаңдатады. Отын тапшылығы неліктен туындап отыр? Себебі, барлық үш республикалық мұнай өңдеу зауыты қазір қайта жаңғыртудан өтіп жатыр және елдің бензинге деген сұранысының бар-жоғы 70 пайызын қанағаттандыруда. Сондықтан бізге оны көршілес елдерден сатып алуға тура келеді, ал ол елдерде бензин бағасы біздікінен жоғары. Қымбатқа сатып алып, арзанға сату ешкімге де пайдалы емес. Келер жылдың қаңтарынан бастап салық заңнамасындағы акциздерге қатысты кейбір өзгерістер күшіне енеді. Бұл келешекте отын тапшылығынан арылуға мүмкіндік бермек, – деп түсіндірді жағдайды Владимир ШКОЛЬНИК.
Мұнымен қоса, Энергетика министрі Каспий теңізінен мұнай өндіру жөніндегі бірегей жоба туралы айтып берді, оның қиындығы «Марсқа ұшумен бірдей». Көлдің түбінде «қара алтынның» орасан зор қоры жатыр. Судың астынан тереңдігі 12-15 шақырымдық ұңғыма қазу қажет. Бүгінгі таңда бірнеше мемлекет өкілдерінің консорциумы жиналған, жобаны әзірлеу жүріп жатыр.
– Энергетикада мәселелер бар, бұл – желілердің шектеулілігі, электр энергиясының, табиғи газдың жетімсіздігі. Жолдауда Екібастұз – Семей – Өскемен желісінің құрылысы және Зайсан ауданындағы тоғыз елді мекенге газ құбырын ары қарай салу туралы айтылады. Табиғи газ тұрғындар қажеті үшін қолданылуы тиіс, – деді Владимир ШКОЛЬНИК.
«Қазцинк» ЖШС өкілдері энергетика министріне осы саланың дамуына қатысты сұрақтар қойды. Солардың бірі «жасыл» энергетика саласында іске асырылып қойған жобалар туралы болды. Владимир ШКОЛЬНИК бүгіннің өзінде Қордай ауданында ірі жел электр стансасы іске қосылғанын, дәл осындай стансаны Астана түбінен және бірқатар шағын стансаларды оңтүстік аймақтарда салу жоспарланып отырғанын айтты. Мұнымен қатар, Катар елімен алдын ала келісімшарт жасалған, ол бойынша Қазақстан фотоэнергетикалық пластиналарды аталмыш елге жеткізетін болады. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды жылу сорғылары жүйесіне көшіру жобасы іске асырылуда. Көмірді синтетикалық отынға айналдыруға қатысты бірқатар бастамалар бар.
Өңірдің әрбір тұрғынын толғандыратын келесі бір мәселе Курчатовтағы АЭС құрылысы болды.
– Елімізде екі атом электр стансасын салу туралы шешім қабылданған. Бұл – энергетиканы әртараптандырудағы айтулы қадам. Құрылыс жүргізілуі мүмкін үш орын анықталды. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. АЭС-ті салу ғана емес, сонымен қатар, одан өндірілген қуатты қайда бағыттауды білу де маңызды емес пе?! – деді министр.
«Қазцинк» ЖШС өкілдері ақпараттық-насихаттық топпен кездесуде «жасыл» энергетика – еліміздің болашағы деген бір пікірге келді. Мұнымен қоса, «Қазцинк» жұмысшылары Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындауға, яғни, әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканың өсу қарқынын төмендетпеуге бар күштерін салмақ.

Экология мәселесіне ерекше мән берілді

Шығыс Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында Энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков қатысты.
Қабылдауға бес адам жазылған екен, олар ауызсумен қамтуға, облыс орталығының экологиялық мәселелеріне және медициналық қызметтердің сапасына қатысты сауалдарын қойды.
Аблакетка кентінің тұрғыны Аяулым Бекзаданова шамамен 40 отбасы және саяжайшылар тұратын көшенің ауызсумен қамтылу мәселесін шешуге көмек көрсетілуін сұрады. Атап өтілгендей, аз адамдарға арналған 230 миллион теңге тұратын жоба экономикалық тұрғыда тиімсіз болып табылады, осыған байланысты бұл проблема жіті зерттеуді қажет етеді. Мұнымен Парламент Сенатының депутаттары айналысатын болады, министр тұрғындардың мәселесін оларға жеткізуге уәде етті.
Өскемендегі радиоактивті дақтарды жоюдың қажеттілігі және ауаға автоматты мониторинг жасау жүйесі жұмысын реттеудің қиындықтары туралы Шығыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Владимир Лопаткин және экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков айтып берді. Дақтарды кетіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, бірақ қомақты қаражат құюды талап етеді, өйтпеген жағдайда бұл мәселе ондаған жылдарға созылып кетуі ықтимал. Радиобелсенді аумақтардан арылу үшін облыс орталығына 900 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Мұнымен қоса, өңірде жыл сайын қоршаған ортаға эмиссия ретінде жиналатын миллиардтаған теңге әлеуметтік мақсаттарда жұмсалуда, ал экологиялық мәселелерді шешуге тек соның аздаған бөлігі (шамамен бір пайызы) ғана қарастырылады. Владимир ШКОЛЬНИК аталмыш мәселені мәслихат сессиясында жан-жақты қарастырып, қандай мәселелер негізгі болып табылатынын түбегейлі анықтауды ұсынды.
Ауаға автоматты түрде мониторинг жасау жүйесінің жұмысы жекелеген экологиялық проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік береді, аталмыш жүйе өзінің Интерет арқылы тарайтын жаңа әрі нақты мәліметтері арқасында тұрғындар арасында танымал болып барады. Дей тұрғанмен, жүйе Қазгидромет мекемесімен қарама-қайшылықта әрекет етуде, себебі, оның қызметін қайталайды және жұмысы мемлекеттік органдармен үйлестірілмеген дейді Геннадий Корешков. Энергетика министрі аталмыш түйткілді біржақты шешетінін жеткізді. Тағы бір атап өтерлік жайт, осы орталықты құруға 150 миллион теңге қаражат жұмсалған-ды.
– Бұл жүйені мемлекеттік мониторинг үрдісіне енгізу керек. Себебі, соған сүйеніп, оның барынша нақты әрі жедеғабыл ақпарат тарататынын бағалаған жөн, – деді Владимир ШКОЛЬНИК.
«Экокелісім» қауымдастығының басшысы Татьяна Чернышова медициналық мамандардың тапшылығы, №2 Өскемен қалалық ауруханасын жөндеу қажеттілігі мәселесін және өзге де дәрігерлік қызмет сапасына әсер ететін проблемаларды алға тартты, сонымен қатар, трансшекаралық Ертіс өзенінің Глубокое кентіндегі өндірістік қалдықтармен ластануы проблемасын атап өтті. Зерттеулер топырақта ауыр металдардың айтарлықтай үлесі барын, мұнымен қоса ауданда түрлі аурулар мен өлімнің пайызы жоғары екенін көрсеткен.
Автокөліктерді көгілдір отынға көшіру Үкіметтің араласуын қажет етеді деген пікір білдірді Өскемен қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Станислав Каримов. Мұндай жоба отынға кететін шығынды қысқартып, облыс орталығындағы атмосфераның ластану деңгейін азайтар еді. Энергетика министрі бұл бағытты келешегі зор және коммерциялық тұрғыда тиімді деп атап көрсетті, өйткені, ол бүкіл ел үшін қажет. Идеяны Үкімет мүшелеріне қарастыруға ұсыну үшін оны қосымша жетілдіру және нақты есептеу талап етіледі.
Степное ауылының тұрғындары Қабизолда Қоңырбаев пен Төлеуғазы Садықов министрдің қабылдауына өз ауылдарының мүддесін қорғау үшін келіпті. Олардың айтуынша, кен орнын игеру жұмыстары елді мекенге тым жақын жерде жүріп жатыр, бұл келешекте үлкен проблемалар туындатуы мүмкін. Осы сауал облыстық экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригинге бағытталды, ол кәсіпорын жұмысының жобалық шешімдерге сәйкестігін және барлық міндеттемелерді орындауын тексеруі тиіс. Айтылған мәселелердің шешілу барысын Владимир ШКОЛЬНИК өз бақылауына алды.

Ержан Әбіш
Серік Әбілхан
Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button