Саясат

Жаңа басшының мақсат-міндетін айқындап берді

Жаңа басшының мақсат-міндетін айқындап берді

Ұлан ауданында жаңадан әкім тағайындалды. Бұрынғы әкім Айдос Садықовты басқа қызметке ауысуына байланысты Президент Әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен осыған дейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген Бақытжан Байахметов алмастырды.

– Барлықтарыңызға бірлесіп жұмыс істегендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл қызметте мен үлкен тәжірибе жинадым. Менің ұсыныстарымды қолдап отырған депутаттарға зор алғыс айтамын, – деп ағынан жарылған Айдос Садықовқа аймақ басшысы алдағы уақытта еңбек ететін қаржы саласында жаңа табыстарға жетуге тілектестік білдірді.

Ауданның жаңа әкімін жауапты қызметке келуімен құттықтаған өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ алда тұрған мақсат-міндеттерді айқындап берді. – Президенттің берген жоғары бағасына қарамастан, бізге арқаны кеңге салуға болмайды. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін тынбай еңбектенуіміз керек. Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті өте зор. Топырағы құнарлы, су мол. Тек ерінбей жұмыс істеп, мемлекеттің қолдауын пайдаланса болғаны. Қазіргі күні мүмкіндіктер толық ұқсатылмай отыр. Ауданның жаңа әкімі осы жағына баса назар аударғаны абзал. Өскемен сияқты 330 мың тұрғыны бар тұтынушы нарық іргеде тұр. Апта сайын жәрмеңке өткізудегі басты мақсат – тұрғындарды арзан әрі сапалы, жаңа піскен өнімдермен қамту болса, екінші жағынан шаруалардың өз тауарларын саудалауына жол ашу. Мұның бәрін қатаң қаперде ұстау қажет, – деп атап көрсеткен облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құрылыс жұмыстарының дұрыс жүргізілуіне де ерекше мән берді.

Аймақ басшысының айтуынша, ауданда бес мектептің, екі ауылдағы су құбырының, екі мәдениет үйінің құрылыстары жүргізіліп жатыр. Бұл нысандардың жоспарлы уақытта қолданысқа берілуін және сапалы салынуын қатаң қадағалап отыру – басты міндет.

Сонымен қатар, облыс әкімі бизнес саласы өкілдеріне кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіру, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін тұрақты ұстап тұру, Бозанбай, Таврия сынды іргелі ауылдарды дамыту және басқа да мәселелерді тілге тиек етті. Өз кезегінде Бақытжан Байахметов жүктелген барлық тапсырмалар мен міндеттерді аудан активімен және мәслихат депутаттарымен тізе қоса отырып, жоғары жауапкершілікпен орындауға күш салатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Бақытжан Байахметовтың негізгі мамандығы – энергетик. Осы салада еңбек жолын бастаған ол Мәдениет және экология министрлігінің бөлімінде жұмыс істеген, үш жыл Аягөз қаласын басқарған. Кейінгі уақытта Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button