Журналистік зерттеу

Жаңа аурухананың құрылысы белгіленген мерзімде біте ме?

Глубокое кентінде салынып жатқан жаңа аурухана құрылысының басталғанына бір жылға жуық уақыт болып қалды. Келесі жылдың наурызында тапсырылуы тиіс нысанның бүгінде жай-күйі қалай? Мұндай ауқымды құрылысты жүргізуге жұмыс күші жеткілікті ме? Осы сұрақтарға жауап алу үшін аудан орталығындағы аталмыш нысанның басына барып қайтқан болатынбыз.

Жаңа аурухананың құрылысы белгіленген мерзімде біте ме?

Қаржының тапшылығынан
бірнеше ғимарат жұмысы тұралап тұр

Бұл жерде учаскедегі жұмыстарға бас-көз болып жүрген Ермек Шабанов деген азаматты жолықтырдық. Ол нысанның құрылысымен бас мердігер «Құмаров и К» компаниясы айналысатынын айтып, жұмыс алаңы бірнеше бөлікке бөлінгенін жеткізді.

– Бұл жерде емхана, екі стационар және науқастарды қабылдау бөлімшесі сияқты төрт негізгі ғимарат, сонымен қатар, шаруашылық блогы, микробиологиялық орталық, гараж сияқты кішігірім құрылыстар бой көтеретін болады. «Құмаров и К» компаниясынан басқа мұнда «Сантрейд», «Нұғыманов» және «Маржан» ЖШС-лері жұмыс істеуде. Алайда, әзірге қаржы тапшылығынан бірнеше ғимараттың құрылысы тұралап тұр. Мысалы, ақшаның жоқтығынан «Маржан» ЖШС науқастарды қабылдау бөлімшесінің құрылысын екі аптадай уақытқа тоқтатуға мәжбүр болды, – деген Е.Шабанов қазір құрылыста 84 жұмысшы еңбек етіп жатқанын айтты. Олардың дені Белоусовкадан, сонымен қатар, Семей қаласы мен Көкпекті ауданынан келгендер екен. «Жұмысшылардың жағдайы қалай?» деген сұрағымызға Е.Шабанов «Қарамағымыздағы адамдарды үш уақыт тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етеміз. Бұл мақсат үшін осындағы «Рахат» қонақүйінің бір қабатын толықтай жалға алып отырмыз. Әзірге жұмыс уақыты 8-9 сағаттың мөлшерінде» деп жауап қатты.

Бұл жерде учаске бастығының «әзірге» деуі бекер емес екен. Себебі, құрылысты ойдағыдай жүргізуге жұмысшылармен қатар, техниканың жетіспеуі де кедергі болуда. Құрылыс басында небәрі үш-ақ кран бар көрінеді. Осылайша, бір жағынан техниканың аздығы, екіншіден, қаржының жоқтығы сынды проблемалар қабаттасып, бара-бара бұл жердегі жұмыс екі ауысымдық кестеге көшірілуі әбден мүмкін.

Жобада бар, сметада жоқ дәліз

Ермек Шабановтың сөзіне сенсек, құрылыстағы тағы бір проблема – жобалық-сметалық құжаттың дұрыс жасалмауы салдарынан қайсыбір құрылыс жұмыстарына тиесілі қаржы қарастырылмай қалған. Мысалы, шаруашылық пен негізгі блоктардың арасын жалғайтын дәліздің құрылысы жобада бар болғанымен, сметада жоқ екен. Соның салдарынан құрылыста қаржы тапшылығы мықтап сезіліп тұрған жайы бар.

Сол сияқты бағаналар қағу жағында да түйткілді мәселелер жетерлік. Атап айтқанда, бастапқыда бұл жерде финдік заманауи бағана қағатын техника жұмыс істеген көрінеді.

– Бұл техниканың жылдамдығына тіптен бағана жасаушылардың өздері ілесе алмай қалды. Нәтижесінде бағана қағу техникасын ұсынған компанияға әр жұмыссыз тұрған күні үшін 150 мың теңге көлемінде ақша төлеуге мәжбүр болдық. Содан ол компаниямен қош айтысып, қазіргі кезде кеңестік заманда қолданылған техникамен жұмыс істеудеміз. Бұл техника финдік өзі тектес құралға қарағанда екі есе баяу жұмыс істейді. Соның салдарынан жұмысымыз біраз кешеуілдеуде, – деді учаске бастығы.

Кенттің қақ ортасында орналасқан жаңа аурухана өзінен екі аттам жерде тұрған ескі денсаулық орталығының орнын баспақ. Сапарымыздың соңында біраз бөлігі қиратылған ескі аурухананың басшысы Қайрат Беделмановпен кездесіп, құрылыс жүріп жатқан жердің дәл іргесіндегі денсаулық мекемесінің жұмысына кедергісі бар-жоғын білген едік. Ол аурухананың бірқатар бөлімшелері өзге екі ғимаратқа көшірілгенін айтып, науқастарды қабылдап, орналастыру жағында ешқандай қиыншылық жоқ екенін жеткізді.

– Глубокоеда жаңа аурухана салу мәселесі баяғыда-ақ туындаған. Ескі аурухана ғимараты өздеріңіз көріп отырғандай, әбден ескірген, қабырғаларының кейбір тұстарында жарықшақтар да пайда болған. Міне, сондықтан тұрғындар да, мекеме қызметкерлері де біздегі уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауда. Қазір бәріміз жаңа аурухананың ашылуын асыға күтіп жүрміз, – деді ол.

Сейіл ШУАШПАЕВ,
облыстық құрылыс басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Келісім бойынша мердігер компания аурухана кешенін 2012 жылдың желтоқсанында тапсыруы керек болатын. Жалпы, мұндай құрылыстар екі жылға жуық уақыт жүргізіледі. Алайда, Төтенше жағдайлар министрлігі ескі аурухана ғимаратын апатты деп тауып, қаржы республикалық бюджеттен бөлінгендіктен, сол жылы игерілуі керек болатын. Қазір бюджет нақтыланып жатыр. Ақша түскеннен кейін жұмысты жалғастыратын боламыз. Жалпы, құрылыс нысанындағы жұмысты ұйымдастыру жағы әлсіздеу болып тұр. Бұл мәселе бойынша мердігер компаниямен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бас мердігер ауысуы да мүмкін. Мамыр айының соңына дейін анық-қанығы белгілі болады.

Бет қатталып жатқанда:

Соңғы күндері маңайындағы құрылыста бағаналар қағу әсерінен (бір бағананы қағу күші – 60 тоннаға пара-пар) ілініп-салынып, әрең тұрған ескі ғимаратта жаңа жарықшақтар пайда болып, кейбір қабырғалар қақ айырылудың сәл-ақ алдында қалыпты. Мамырдағы мазасыз ауа райы да бұрынғы апаттық ғимараттағы дәрігерлердің алаңдаушылығын туғызғаны анық. Оқтын-оқтын жауған жаңбыр аурухананың төбесінен сорғалап, медициналық қызметкерлерімен қатар сырқаттардың да құтын қашырып отыр. Соған орай аурухана уақытша есігін тарс жауып, науқастарды қабылдауын тоқтатқан. Мекеме басшысы Қайрат Беделмановтың айтуынша, қазіргі кезде аурухананы уақытша орналастыруға лайық екі ғимарат қарастырылып қойылыпты. Ал ескі ғимаратта рентген қызметі ғана қалатын болады.

Нұржан Кенжеұлы

Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button