Білім

Жаңа Қанай ауылында мектеп ашылды

Жаңа Қанай ауылында мектеп ашылды

Тұңғыш Президент күніне орай Ұлан ауданының Жаңа Қанай елді мекенінде жаңадан мектеп ашылды. Ауыл жұртын қатар келген қос мерекемен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтады.

Жаңа Қанай ауылында мектеп ашылды

Бұл тарихи күн қанайлықтардың есінде талайға дейін сақталады. Мұны жүздері бал-бұл жанған балалардың күлкісінен, ертеңгі күннен зор үміт күткен үлкендердің ниет-тілегінен анық аңғардық. Әсіресе, мектеп ұстаздары мен оқушылардың қуанышында шек жоқ. Басқаша болуы мүмкін емес әрине. Көптен бері күткен жаңа білім ошағы Президент күнінде өзінің есігін айқара ашты.
Мерекеге арнап ашық аспан астында тігілген кең сахна. Сахна төрінде жиналған көпшілікті ән-жырға сусындатқан өнерпаздар. Ауыл шетінде ауыздығымен алысқан бір-бір қылқұйрықты тақымдаған жігіттердің көкпар ойыны. Көтерілген қазанда буы бұрқырап ет пісіп жатыр. Келімді-кетімді қонақтар дәм татсын деп кең-молымен дастарқан жайыпты. Қысқасы, нағыз қазақы тойдың өзі.
– Бүгін міне, Тұңғыш Президент күні облысымызда бірнеше әлеуметтік нысан ашылып, мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – сіздердің ауылдағы мынау білім ошағы. Жалпы, кейінгі екі жылда Ұлан ауданында жаңадан бес мектептің құрылысы аяқталды. Бұл күнді жергілікті жұрт көп күтті. Кешегі кеңестік заманда құрылысы аяқталмай орта жолда қалған нысан тәуелсіздік алғаннан кейін пайдалануға берілді. Осының өзі егемен еліміздің экономикасы қуатты, даму әлеуеті зор екенін көрсетеді. Ауылдық жерде бүгінгі заман талаптарына сай осындай ғимараттардың салынып, қолданысқа берілуі Елбасының дұрыс жүргізіп отырған саясатының жемісі, мемлекеттің халқына жасаған қамқорлығы, – деп атап көрсеткен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мерекеге жиналған барша ағайындарды облыс басшылығы атынан құттықтап, түрлі түсті теледидар сыйға тартты.

Жаңа Қанай ауылында мектеп ашылды

Жаңа Қанай орта мектебі шынымен бүгінгі заманның талаптарына сай үлгіде салынып, оқу-құралдарымен толықтай жабдықталған екен. 80 оқушыға арналған ғимаратта 20 пән бөлмесі, асхана, спорт және акт залдары бар. Информатика сабағын оқытуға қажетті дербес компьютерлерден бастап, физика, химия, биология, география, еңбекке баулу сияқты барлық пәндердің құрал-жабдықтары сақадай сай. Оқушыларды былай қойғанда тіпті, ұстаздардың өздері бұрын пайдаланып көрмеген аспаптар сатып алынған.
Мектеп директоры Әсия Садықованың айтуынша, бүгінде жаңа ғимаратта оқитын оқушылар саны – 75. Болашақта олардың саны ауылдағы алтын құрсақ аналардың арқасында көбейе түспек.
– Бәріміз қуаныштымыз. Бұрынғы ғимаратымыз ескі және заман талабына сай емес еді. Ал жаңа мектепте барлық жағдай жасалған. Енді ұстаздарымыз сапалы білім берумен еш алаңсыз айналысатын болды. Бұрын ҰБТ-да біздің орташа көрсеткішіміз 55 балды құраса, ендігі жерде мұны жақсарта түсуге мүмкіндігіміз бар, – деген Әсия Садықова ескі мектеп балабақша ретінде қайта жөнделіп, пайдаланылатынын айтты.

Жаңа Қанай ауылында мектеп ашылды

Мерекелік жиында ауыл ақсақалы Бұхай Сайлау, мердігер компания «У-Ка Техногрупп» ЖШС-нің атқарушы директоры Михаил Литвинов сөз сөйледі. Құрылысты жүргізген мердігер компания өзінің қаражаты есебінен білім ошағының қасбетін сарғыш кірпішпен тұтас қаптап беріпті, енді су шығаратын ұңғыма қазып жатыр екен. Оған қоса оқушыларға спорттық киім-кешек сатып алып бермекші. Мұның бәрі жобалық құжаттамада қарастырылмаған.
Сонымен қатар, осынау айтулы мереке күні Ұлан ауданының тағы екі елді мекенінде: Ізғұтты Айтықов пен Алғабаста жаңадан мектептер ашылды. Ұлан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Болат Мамарбаевтың айтуынша, қолданысқа берілген бұл әлеуметтік нысандар Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған апаттық жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектептердің проблемасын шешу тапсырмасының өңірлерде нақты жүзеге асырылуының көрінісі.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button