Білім

Жағыпарова жаққан шамшырақ

     Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім саласында абырой-беделімен көрініп жүрген білікті ұстаз Нұргүл Жағыпарова десек, асыра айтқандық емес.

    Өмірдерегіне тоқталсақ, Қарғыба ауылында туып, Ю.Гагарин атындағы орта мектепте білім алады. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің физика және информатика пәндерінің  мұғалімі мамандығын бітіреді. Міне, содан бері Ойшілік ауылының Тоғас батыр атындағы орта мектебінде физика пәнінен ұстаздық еткеніне 26 жылдан асыпты.

     Нұргүл Құрманғалиева, Тарбағатай аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі: «Нұргүл Сартайқызы – жоғары санатты ұстаз. Өзі сабақ беретін физика пәнін терең меңгерген, әрбір сабағында теориялық білімін күнделікті іске асырып, тәрбие мен білімді қатар ұштастырып, шәкірттерін жоғары биіктерден көрсетіп жүр. Математика-физика пәндері мұғалімдерінің облыстық форумында озық деңгейдегі «Шебер-класс» сабағын көрсетіп, облыстық білім басқармасының мадақтамасымен марапатталды. «Шығыс» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен физика пәні мұғалімдерінің өңірлік семинарында сабақ өткізді. Аудандық «Үздік физика пәні мұғалімі-2014» сайысында бас жүлде иеленді. «Білім сапасы: жаңартылған білім беру мазмұнын іске асыру жағдайындағы жаңа тәсілдер» тақырыбындағы педагогикалық оқуда жүлделі бірінші орын иеленді. Өмірлік тәжірибесін жинақтай отырып, оны баспасөз беттеріне жариялап, республика көлеміне таратты. Н.Сартайқызының «Физика пәнін оқыту барысында топтық әдіспен оқыту арқылы оқушылардың ойлау қабілетін дамыта отырып пәнге деген қызығушылығын арттыру» тақырыбындағы баяндамасы «Педагогтің кәсіби құзыреттілігі – білім сапасын көтерудің факторы» атты І республикалық оқудың материалдар жинағына енгізіліп, І дәрежелі диплом иеленді. «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында физика пәнін оқытудың әдіс-тәсілдерінің заманауи аспектілері» тақырыбында өткен физика пәні мұғалімдерінің аудандық семинарында іс-тәжірибесі таратылды. Қазіргі заманғы білім сапасын көтеру талабына сай, жас ұрпақтың санасына тәрбие мен білім беру бағытында тынымсыз еңбек етіп, көшбасшылық қабілеттілігімен даралана білген Н.Сартайқызының марапаттары да жетерлік. Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының Құрмет грамотасымен, «Өрлеу» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының дипломымен, «Болашаққа бағыт» республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналы мен «Nur Otan» партиясының Алғыс хаттарымен, аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Дарынды оқушыларды ғылыми ізденушілікке баулу мақсатында мектепте «Зерек» ғылыми қоғамын ұйымдастыра білді. Оқушылары – Толғанай Тоқтасынова,  Балнұр Қабдулшәріпова «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсының облыстық, республикалық кезеңінде, «Болашаққа жол» атты оқушылар арасындағы республикалық өнер  байқауында жүлделі орындарға ие болды. Балнұр «IQANAT» олимпиадасының бірінші және екінші кезеңінің жеңімпазы атанып, «IQANAT БІЛІМ ҚОРЫ» қоғамдық қорының сертификатын иеленіп, ұстаз мерейін асқақтатты. 2018-2019 оқу жылында 7-11 сынып оқушылары арасында өткен физика пәнінен республикалық олимпиадада 11-сынып оқушысы Шырын Сайлауова І орын, Іңкәр Сайлауова  ІІІ орын иеленді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде 9-сынып оқушысы Назира Сайлауова физика пәні бойынша ІІ орын иеленді. Ұстаз еңбегі шәкіртінің жеткен жетістігімен көрінері хақ».

Міне, Нұргүл Жағыпарованың жаққан шамшырағы қаншама оқушыны үлкен өмірдің сүрлеуіне түсірді. Ендеше, ойымызды «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деген Мағжанның сөзімен түйіндедік.

Ерлан Бапанов

 Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button