Жолдау жол нұсқайды

Зейнетақы жүйесінің тиімділігі артады

Соңғы уақытта қоғамда ең жиі көтерілген өзекті мәселелердің бірі – әйелдердің зейнет жасын 63 жастан төмендету болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауындаәйелдердің зейнеткерлік жасы бес жыл көлемінде  61 жас деп тұрақтанатынын айтты.Қазақстандық зейнеткерлерді бұдан басқа тағы қандай өзгерістер күтіп тұрғанын бізге Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Марина Шаронова түсіндіріп берді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар топтамасын ұсынды.

Біріншіден, әйелдер зейнеткерлікке 61 жаста шығады. 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыру 61 жас деңгейінде бес  жылға дейін тоқтатылады.Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер еткенін ескере отырып қабылданды. Сондықтан алдағы бес жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Бұл орайда ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құруға, сондай-ақ кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады.

Екіншіден, Қазақстанда зейнетақы төлемдері өседі.Елімізде базалық және ортақ зейнетақыны, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін (қызметкердің зейнетақы жинақтары есебінен қалыптастырылады) қамтитын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасқаны белгілі. Ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқаруда, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ескеріледі.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын – тиісінше 100 %-дан 120 %-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізу көзделіп отыр.  Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін артатын болады. Ал базалық зейнетақының орташа мөлшері жыл сайын шамамен 13%-ға өседі, бұл барлық 2 млн. зейнеткерді қамтиды.

Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға өсіруге (3 жыл ішінде – 109 мыңнан 138 мың теңгеге дейін) және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдайды, – деді Марина Валерьевна.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button