Саясат

Өзбектер тілі үшін өзегін жұлып беруге дайын. Ал біз ше?

Төрткүл дүниедегі адамзат баласының үштен екі бөлігін жаулап, бағы жанып, мейманасы тасыған тілдердің бірі әрі бірегейі – ағылшын тілі.

Өзбектер тілі үшін өзегін жұлып беруге дайын. Ал біз ше?

Қажеттілік болмаса,
қадірі артпайды

Дәл ағылшын тіліндей беделді болмаса да, осыған жетеғабыл дамып, қоғамда кәдімгідей қажеттілік туғызып, үстемдігін жүргізіп тұрған тілдердің бірі – орыс тілі. Қазақстанда, әсіресе, қалалы жерлерде орыс тілінсіз күн көру мүмкін емес деуге болады. Бұл – ащы да болса, амалсыз мойындайтын ақиқат.

Өйткені, патшалық Ресей – қазақ жеріне отарлау саясатын жүргізген күннен бастап жергілікті ұлт тілін, яғни, қазақ тілін «қажетсіз» деп таныған.

Міне, содан бері бабадан мұра боп келген қасиетті қазақ тілінің төбесіне үйірілген қара бұлт сейілер емес. Қашан көрсең босағадан жаутаңдаған жетім баланың күйін кешіп, жоқ жерден шетқақпай көріп, мүйізделіп кеп жүргені. Өзгені айтпағанда, мемлекеттік мекеме басшыларының өзі күнделікті өткізілетін жиындарда «өзгелерге де түсінікті болуы үшін» деген сылтаумен қазақ тілін ысыра салып, орысша сайрайды. Осының барлығын көрмейтін зағип, естімейтін керең емессің. Туған тіліңнің осыншама қадірінің кеткеніне қорланасың, намыстанасың. Ішің қазандай қайнаса да, күресетін дәрменіңнің жоқтығына налисың.

Қазақтың кез келген жағдайға мақал-мәтелі дайын тұрады. Кей күндері қазақ тілінің қазіргі ахуалын айта бастасаң, «Е-е, оған несіне күйіп-пісесің, бұдан да жаман кезімізде тойға бардық емес пе?» деп, бүгінгі тіл мәселесіне тоқмейілсіп, өзіңді жазғырады. Болмаса, «асықпаған арбамен қоян алады» дегенді айтып, онсыз да күрмеуі шешілмей келе жатқан өзекті мәселені ұзын арқан, кең тұсауға салып қоятындары да бар.

Бәлкім шынымен де, асықпауымыз керек шығар? Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қадап тұрып айтқандай, 2020 жылы күллі қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеріп кетер. Тек – қажеттілік тудыруымыз керек шығар?

Қажеттілік дегеннен шығады, 1989 жылы Тәшкенде үлкен айтыс өтетін болып, Өзбекстанға жолымыз түсті. Ол кезде әлі де болса, Кеңес үкіметінің үстемдігі жүріп тұрған шақ. «Тәшкенге күнде келіп жатқан жоқпыз» деп екі-үш ақын өзбек әкәлардың астанасын тамашалап, орталықтағы дүкендеріне бас сұқтық. «Ауру қалса да, әдет қалмас» дегендей, ананы-мынаны сұрап, тілімізді бұрап, өзіміздің елдегідей сатушыларға «шүлдірлейміз» ғой баяғы.

Сөйтсек, сатушылардың еркегі де, әйелі де ақылдасып алғандай бетімізге бежірейе қарайды да, «ләм» деместен сырт айналып кете барады. Әуелде ештеңенің мәнісін түсінбедік. Біраздан соң өзімізше ашуланып, тағы да сол білген орысшамызбен «Елге келген меймандарға неге дұрыстап жауап бермейсіңдер?» дегендей, өкпе-ренішімізді білдіре бастадық. Осы кезде бір бейтаныс адам бізбен сыпайы амандасып, сөзге араласты. Мән-жайға қаныққан ағамыз көп жылдардан бері Тәшкенде тұратын қазақ азаматы екен.

– Әй, бауырларым-ай! Сендер қайда жүргендеріңді ұмытпасаңдаршы. Мұндағы сатушылар ғана емес, кез келген жергілікті ұлт өкілі орыс тілін сендерден артық білмесе, кем білмейді. Солай бола тұра, олар өз тілдеріне деген құрметті осылайша білдіріп, оған деген қажеттілікті осылайша тудырады. Біз, қазақтар, осы тақиялы ағайындардың тілі мен дініне, ұлты мен салт-дәстүріне деген көзсіз сүйіспеншілігінен үлгі ала алмай сорлап жүрміз ғой, – деді әзіл-шынын араластыра.

Біз, әрине ұялып қалдық. Сосын «ұялған тек тұрмастың» кебін киіп, әртүрлі уәж айтқан болып, сыртқа қарай сытыла бердік… Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

Хатшысы шала бастықтың
өзі де шала

Жасырып-жабары жоқ, үлкенді-кішілі билікте, әжептәуір лауазымды қызметте басшылық етіп жүрген «бойында қазақы намысы бар-ау» дейтін көптеген азаматтардың қабылдау бөлмесіне түрлі себептермен телефон шалсаң, еститінің сол – орыс тілді хатшылар. Ары кеткені «құлағың қайсы?» десең, мұрнын көрсететін шалақазақ қыз-келіншектер.

Осыдан соң әлгі басшыға деген көзқарасың мен құрметің бірте-бірте өзгере бастайды екен. Өйткені, туған тілін қол астындағы қызметкерінің табанына таптатып қойып, ештеңе болмағандай, жайбарақат күй кешіп отырған басшының бойында ұлтқа деген, оның тілі мен дініне деген құрметі жоқ. Ондайлардың бойынан ұлттық мінез немесе намыс іздеп әуреленудің өзі бекер. Өйткені, хатшысы шала басшының өзі де толыққанды қазақ бола алмайды. Яғни, оның тілі мен діні де, ісі мен жүріс-тұрысы, ойлау қабілеті де шала.

«Әр облыста тілдерді дамыту жөніндегі басқармалар бар емес пе, олар қайда қарап отыр?» деушілер де табылар. Олар ай сайын қала көшелеріндегі жарнамалар мен дүкендердің маңдайшаларындағы қате жазылған жазуларға рейд жүргізіп тұрады. Бірақ, қолдары қысқа. Өйткені, олардың қолында тіл туралы, оны қолдану тәртіптері, заң талаптарын дұрыс орындамағандарды жауапқа тартарлықтай құқықтары жоқ. Сондықтан, бар болғаны мемлекеттік тілді бұрмалап-жырмалап жүргендерге ескерту жасаумен ғана шектеледі. Осыдан соң мемлекеттік тілдің мәртебесі қайтіп оңалмақ?

Айта берсек, тіл мәселесі таусылып бітпейді. Ол солай болуы керек те. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қазақтың тілі қазаққа ғана керек екендігін, оның жоғын қазақ қана жоқтайтындығын түсінетін, түсініп қана қоймай, «е-е, аман болса өкімет өлтірмейді» деген тоғышар түйтіктен, қол қусырып отырғаннан арылып, бойында намысы бар ұлт екенімізді дәлелдейтін кез жеткен секілді. Бұған, әсіресе, қол астындағыларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын түрлі мекеме басшыларының атсалысқаны ауадай қажет-ақ.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button