Білім

Зайсанда 600 орындық мектеп, 300 орындық интернат ашылды

Зайсанда 600 орындық мектеп, 300 орындық интернат ашылды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында іссапармен Зайсанға барғанымызда аудан орталығына кіреберісте алыстан менмұндалап тұрған үш қабатты еңселі әсем екі ғимаратты көрдік. Бұл ғимаратқа жақында ғана 57 жылдық тарихы бар М.Дәуленов атындағы орта мектеп-интернаттың ұстаздары мен шәкірттері көшіп келіпті.
– 600 орындық мектеп, ауыл балаларына арналған 300 орындық интернат құрылысын Зайсандағы Қуат Әбжанов жетекшілік ететін «Шығыс» құрылыс-монтаж басқармасы екі жылда сапалы етіп салып берді. Оның құрылысына 1 миллиард 470 миллион теңге жұмсалды. Мұның алдында ескі мектепте қысылып-қымтырылып үш ауысымда білім алып келген балаларға жақсы болды. 600 шәкірт бір ауысымда оқып жатыр, сондықтан да ата-аналары алаңдамайды, білім ордасында арнайы жабдықталған кабинеттер, компьютер сыныптары, үлкен асхана, спорт, акт залдары бар. Интернаттағыларға төрт мезгіл ыстық тағам беріледі, ал аз қамтылған 300 отбасының балаларына бір уақыт ас береміз, – деп мектеп-интернат директоры Айтбек Жиенгелдинов оқу ордасын аралатып көрсетті.
Мұрат Дәуленов – ауданның өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан, өңірдің екі-үш ауданын басқарған, Зайсанның өнері мен мәдениетін көтерген абыройлы азамат еді. Кезінде Зайсан өнерпаздарының Мәскеудегі Кремль сарайында өнер көрсетуіне ықпал еткен. Абыройлы азамат 1992 жылы дүниеден өтті. 1994 жылы М.Дәуленовтың есімі білім ордасына берілді. Енді, міне, жаңа мектеп-интернат жас ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындата бермек. Мұрат ағаның қарындасы мен күйеубаласы – білім беру ісінің үздігі, профессор Зүлжамал Нұрғазықызы, ғылым докторы, профессор, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің кафедра меңгерушісі Құсайын Рысалды білім ордасының ашылуы қарсаңында екі мың доллардың құрал-жабдықтарын сыйға тартыпты. Мұның алдында да Құсайын Рысалдының отбасы мектепке демеушілік жасап келген.
Мектеп-интернат директорының орынбасарлары Гүлнар Абдилдинова, Гүлнар Дуанханова және Дамир Ерзин білім ордасындағы 43 мұғалімнің кәсіби шеберліктерінің шыңдалғанын, ғылыми жұмыстармен шұғылданатынын, биыл ҰБТ-дан шәкірттердің орта есеппен 82 балл жинағанын тілге тиек ете келіп, жаңа білім ордасы жаңаша жұмыс істейтініне сендірді.

Оңдасын Елубай

Осы айдарда

Back to top button