«Дидардың» қонағы

Заттыбек КӨПБОСЫНОВ, әнші: – Тойға тегін баратын кездерім де болады

 Заттыбек КӨПБОСЫНОВ, әнші: - Тойға тегін баратын кездерім де болады

Еңбек жолымды «Шалдардан» бастағанмын


Жуырда Өскеменге әнші-cазгер Заттыбек Көпбосынов жеке шығармашылық концертіме келген болатын. Сол кезде әншімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Оңтүстік жұрты Сізді «Тойдың каролі» деп атайды екен. Өйткені, сіздің әніңізсіз бұл өңірде той да сирек өтетіні жасырын емес. Халықтың ерекше ықыласына ие болып жүрсіз. «Жұлдыз ауруына» шалдыққан кездеріңіз болды ма?

– Расында, көңілді әндерді жиі жазамын. Той стилінде жазылған туындыларым көп. Оның үстіне «арнайы мерейлі жиындарға арнап ән жазып беріңіз» деп өтініш айтатындар жетерлік. Тіпті, біразы тойда айтылып та жүр. Ал негізінен лирикалық және тақырыптық әндерім де бар. Бірақ көбіне тойға арналған әндерімнің тыңдармандары басымырақ. Өзімді жұлдызбын деп есептемеймін. Ол туралы халық айтсын. «Жұлдыз ауруымен» ауырдым ба, жоқ па, білмеймін. Қолымнан келгенше қарапайым болуға тырысамын (күліп).
– «Ауылда жүріп-ақ, астананы мойындатуға болады. Өнердің ордасы болып саналатын Алматыға кетпеймін» депсіз бір сұхбатыңызда. Алайда, қазір Алматыда тұрып жатыр екенсіз. Бұл ойыңыздан айнып қалуыңызға не себеп болды?
– Алматыға қоныс аудару бұрын-соңды жоспарымда болған емес. Ол жаққа тек шығармашылық концертімді берген кезде ғана барып жүргенмін. Кейін халықтың ықыласына бөленген соң, Алматыға көштім. Өйткені, «Шығармашылықпен айналысамын, тыңдарманымның жүрегінен орын аламын» деген өнер адамдары үшін бұл мекен таптырмас орын. Тіпті, мұны өзге аймақтағылар да мойындап жатады. Бір кезде берген сұхбатымда солай деп айтқаным рас. Бірақ Алматыда өсемін деген адам үшін мүмкіндік көп.
– Сіз сахнаға орда бұзар жасыңызда шығыпсыз. Оған дейін қай салада қызмет атқардыңыз?
– Еңбек жолын 1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы «Шалдар» балалар саз мектебінде мұғалімдік қызметтен бастадым. 1997-1998 жылдары «Шалдар» мәдениет үйінде көркемдік жетекші болдым. 1999-2000 жылдары «Шаншар» театрында жұмыс істесем, 2000-2003 жылдары Шымкент қаласындағы №71 орта мектепте музыка пәнінен сабақ бердім. Ал 2004-2007 жылдары Шымкент қаласындағы №2 балалар музыка мектебінде домбыра класында сабақ бере жүріп, шамам келгенше, терме өнерін де насихаттауға атсалыстым. Шымкентте бес жыл қатарынан өткізілген республикалық «Шалқар термесі» байқауының лауреаты атандым. 2008 жылдан бері жеке шығармашылығыммен айналысып келемін.

Немере туралы ән шырқау үшін немерелі болу міндет емес

 Заттыбек КӨПБОСЫНОВ, әнші: - Тойға тегін баратын кездерім де болады

– Ең алғаш термемен танылдыңыз. «Ақ маржан» әні алғаш шыққанда әннің авторын да, орындаушысын да тыңдарман қауым көпке дейін біле алмай жүрді. Неліктен эстрадаға бет бұрдыңыз? Сахнаға кеш шықтым деп өкінбейсіз бе?
– Терме деген насихатқа толы керемет дүние. Әсіресе, жас ұрпақты тәрбиелеуде таптырмайтын құрал. Термемен танылғаным рас. Эстрадаға бет бұруыма іштегі дүмпу дес бермеген болар. Әйтеуір, тасада қалып кетпей, жұртшылықтың көңілінен шыққан жайымыз бар. Сахнаға кеш шыққаныма өкінбеймін. Өз тыңдарманымды тапқаныма қуаныштымын. Ең бастысы – осы.
– Ел арасында кеңінен тараған той әндерінің қатарында жүрген «Ақмаржан» әнінің әуел бастағы аты «Көгершін болып кеткенмін» деген сөз қаншалықты рас?
– Ән кездейсоқ жағдайда дүниеге келген. Бірде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Баян Бекетованың «Үмітім менің» атты өлеңдер жинағын оқып отырып, көзім «Көгершін болып кеткенмін» деген жыр жолдары түсті. Мұндағы өлең жолдарының ұнағаны соншалықты, дайын әнге өңдеу жасап, өзім орындай бастадым. Әуел баста ән аты «Көгершін болып кеткенмін» болғаны рас. Кейін Алматыда өткен «Шаншар» әзіл-сықақ театрының концертінде осы әнді шырқадым. Осы кезде ән халыққа кеңінен таралып, «Ақмаржан» болып таныла бастады. Осылайша «Ақмаржан» деген ән атауын халықтың өзі берген еді.
– Тұңғышыңызды ұзақ күтіпсіз. Балаңыздың есімін қалай атадыңыздар? Болашақта өнер жолына барамын десе, қалай қарайсыз?
– Қызымның есімін Айзере деп қойдым. Болашақта Абай атамыздың әжесіндей ақылды, парасатты ана болсын деген ниетпен осылай атадық. Қазақта «Дәулет пенен перзенттің кештігі жоқ» дейді. Бұл сәбиді жұбайым екеуміз 10 жыл күттік. Сондықтан Айзере – Алланың бізге берген сыйы. Қызым қазір үш жаста, қылықтары күн өткен сайын шығып келе жатыр. Алдымен бойжетсін, кейін бойындағы таланты жарып шығып жатса, көре жатармыз.
– «Ақмаржаннан» кейін «Немереме» деген әніңіз халық арасына кең тарады. Атаның немересіне арнаған шығармашылық туындысының орындаушысы сіз екенін білгенде, жұрт тағы да бір таңғалды. Алайда, өзіңіз тұңғышыңыз үш жаста деп айтып қалдыңыз. Сонда бұл ән репертуарыңызға қалай енді?
– Мұндай әнді орындау үшін немерелі, шөберелі қарт болу міндетті емес. Оны менің әкемнің немересіне арнаған әні деп қабылдаса екен тыңдарманым. Ал мен оның тек орындаушысымын. Әкем 40 жыл бойы ұстаз болған. Өзі бала тәрбиесіне келгенде қаталдау болды. Сол мінезінің арқасында біз шыңдалып өстік. Тіпті, анам «Әкең келе жатыр» десе, барлығымыз тыныш отыра қалатынбыз. Уақыт өте келе, әкемнің немере сүйгеннен соң, қаталдығы лезде жоғалып кеткендей болды. «Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» деген мақалдың жаны бар-ау, сірә. Өз балаларының бірде-бірін арқасына мінгізбеген адам немересін еркелетіп, тіпті, қолынан түсірмейтін болды. Содан ата мен немере арасындағы махаббат пен ерекше қамқорлықты көріп, мен де толқыдым. Содан бір күні Шалқар Әбішұлының кітабын оқып отырып, «Немереме» деген өлеңіне көзім түсіп, ән жаздым.
– Сіз эстрадаға келген соң той әндері көбейе бастады. Дегенмен, туындыларыңыз билеуге жақсы болғанымен, жеке репертуарыңыз тек «шығыстық» стильдегі әндермен ғана толығып, тыңдарманыңызды жалықтырып алған жоқсыз ба?
– Көпке бірдей жаға беру мүмкін емес. Сондықтан, мұны тойшыл қауым өзі саралайтын шығар деген ойдамын. Меніңше, халықтың қуанышына арналып шыққан туындылардың ғұмыры ұзақ болатын сияқты (күліп).
– Әншілердің барлығы тойда ән айтып, қаражатын тауып жүргені жасырын емес. Өзіңізді баймын деп есептейсіз бе?
– Қаржы жағынан келгенде, асып-тасып жатқан бай болмасам да, рухани тұрғыдан баймын деп санаймын. Тойдан түскен қаражатты өнерімді дамыту үшін, сондай-ақ, туған-туысқандарыма қол ұшын созу үшін жұмсаймын. Кейде қаржы артылып жатса, туған ауылымдағы салынып жатқан құрылыс нысандарына беретін кездерім болады.

Әндерімді сатқан емеспін

– Әріптестеріңіз сіз туралы көп әзіл-қалжың айтады. Бұған ренжіген кезіңіз болды ма?
– Достардың арасында өзім де қалжыңдағанды жақсы көремін. Сондықтан, орынды әзіл болса ренжімеймін. Өйткені, оның да астары, айтар ойы болады.
– Қазақ эстрадасының жұлдыздарының көбі әндерін Ташкентте жаздырады. Өзіңіз қайда жаздырасыз?
– Өз басым өзге елде бірде-бір әнімді жаздырған емеспін. Бәрі де отандық өнім деуге болады.
– Құпия болмаса, әндеріңіз қанша тұрады?
– Әндерімді сатқан емеспін. Рақметіміз болсын десе, ол еңбегімді бағалағаны шығар. Мен мынанша тұрады деп еңбегімді сатпаймын.
– Тойға қанша сұрайсыз?
– Нақты осынша талап етемін демеймін. Қаражат жағы той иесінің мырзалығына байланысты төленеді. Кейде тегін де баратын кездеріміз болады.
– Өнеріңізге жанашырлық танытып, қаржы жағынан көмек қолын созған демеушілеріңіз бар ма? Қазіргідей дәрежеге жетуіңізге көмектескен сахна саңлақтарынан кімді атар едіңіз.
– Осы күнге дейін демеушінің де демеушісі болатынына көзім әбден жетті. Кейбір қалталы адамдар өнерге шын жанашырлықпен көмектеседі. Ал кейбіреулер өз мақсатына пайдаланып, той-томалағында қызмет көрсету үшін көмек көрсетіп жатады. Ол әрине, әркімнің сана-сезіміне байланысты. Қазіргідей деңгейге көтерілуіме Уәлибек Әбдірайымов ағамның көрегенділігі мен ағалық ниетінің арқасында жеттім. Ол кісіге деген алғысым шексіз.
– Өнер адамдары жасы келгенде шығармашылық тоқырауға ұшырап, сахнадан алыстап кетеді. Осы орайда, сіз жасыңыз келгенде не істемек ойыңыз бар?
– Алдағыны болжағанды ұнатпаймын. Десе де, сахнасыз болашағымды елестете алмаймын. Жасым келгенде де өнер жолында жүретін шығармын.
– Шығыстан қандай әсер алдыңыз? Өскемен сіз үшін несімен ерекшеленеді?
– Төр Алтайдан тіршілік бастау алады. Себебі, күн алдымен шығыстан арайлап атады. Сондықтан шығар, шығысқазақстандықтардың өте еңбекқор жандар екенін байқадым. Бұл аймақтың тұрғындарының кеңпейілділігі мен өнерге деген ерекше құрметі ұнайды. Ал Өскемен бізді қысының суықтығына қарамастан, табиғатының сұлулығымен баурап алды.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен – Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button