Білім

 Өз ісінің мамандары анықталды

      Еңбек күні мерекесінің қарсаңында облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында «Өз ісінің маманы» байқауы басталды.

      Жастар арасында кәсіптік мамандықтарды  насихаттау, қазіргі нарық заманында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатын көздейтін шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев, «РОСТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженері Татьяна Маликова, «Казцинк» Өскемен металлургиялық кешені бас энергетигінің орынбасары Али Мударов қатысып, студенттердің шеберліктерін қадағалады.

Байқау Өскемендегі құзыреттілік орталықтардың базасында ұйымдастырылды. «Дәнекерлеу ісі» және «Аспаптар мен автоматиканы механикалық өңдеу» бағыттары бойынша Өскемен қаласының көпсалалы технологиялық колледжінде, ал мехатроника, IT – мамандықтар, электроника бағыттары бойынша Өскемен қаласының жоғары политехникалық колледжінде өтті.

Шара барысында колледж студенттеріне «Өскемен жылу электр орталығы», «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС, «РОСТ» ЖШС сияқты өңірдегі жетекші кәсіпорындардың білікті мамандары тәжірибе сабақтарын өткізді.

-Еңбек мерекесі төл мерекеміз деп айтуға болады. Өйткені біздің колледж отыз жылдан астам уақытта өңірдегі еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандарды даярлап отырған жетекші оқу орындарының бірі. Осы мерекеге орай колледж базасында жыл сайын жұмыс берушілердің қатысуымен бірнеше ауқымды шаралар өткізетінбіз. Бірақ биылғы елдегі карантиндік жағдайға байланысты студенттер теориялық білімді қашықтан алып отыр. Ал тәжірибе сабақтары барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, колледждің оқу-өндірістік шеберханаларында өтуде.

Акция барысында студенттер өздерінің мүмкіндіктері мен тәжірибелік дағдыларының деңгейін көрсетіп, облыстың ірі кәсіпорындарында тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болады, әрі рейтингі жоғарылап, арнайы номинацияларға ие болады. Теориялық білімімен қоса тәжірибе жүзінде де  көзге түскен студенттерге басымдық беріліп, колледжді бітірген соң тәжірибеден өткен кәсіпорында тұрақты жұмысқа  орналасады,-деді Өскемен қаласының көпсалалы технологиялық колледжі басшысының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Шынар Құмарханқызы.

Қажымұқан Оспанғалиевтың айтуынша, «Жас маман» жобасының аясында алдағы уақытта өңірдегі  бірқатар колледжде WorldSkills халықаралық стандарттарына сай болатын құзыреттілік орталықтары ашылады. Қазіргі еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандарды даярлайтын колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға бағытталған жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен екі жылға 3 миллиард 16 миллион теңге қарастырылған. Биыл оның бір миллиард 616 миллион теңгесі өңірдегі бес колледжді жабдықтауға бөлінді. Ал қалған бір  миллиард 400 миллион теңге қаражатқа алдағы 2021 жылы тағы бес колледжде толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кәсіптік білім беру ордалары заманауи құрал-жабдықтармен қамтылады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button