Басты

Қызыл суға дайынбыз ба?

Өскемендегі Жаңа Согра кентінің ішімен ағып өтетін Безымянный ключ бұлағында мұз кептелісі қалыптасып,  соның салдарынан су арнасынан шығып, іргедегі төрт мыңнан астам тұрғыны бар «Титан» саяжайлар массивінің халқына қауіп төндірген.

Тез арада оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жетіп, апаттың алдын алу іс-шараларын ұйымдастырды. Сонымен қатар бұл жұмысқа коммуналдық қызмет өкілдері, полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары да жұмылдырылды.

Кезекті оқу-жаттығу жиындары демесеңіз, бұл күні саяжай массивінде көргеніміздің  барлығы шындыққа жанасып тұр. Арнайы ауыр техника мен полиция көліктерінің дабылдары да «қойылымды» нанымды ете түскендей.

– Еліміздің барлық аймағында «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтуде. Бұл оқу-жаттығулардың мақсаты – су тасқынына дайындықты пысықтау. Оқу-жаттығу сценарийін жазу барысында таңдауымыздың Жаңа Согра кентіне түсуі бекер емес. Өйткені бұл елді мекенде көктем сайын апатты жағдай қалыптасады. Сол себепті, төтенше жағдайлар департаменті мен басқа да қызметтердің оқыс жағдайларға дайындығын күшейту мақсатында осындай оқу-жаттығулар өткізудеміз, – дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Титов.

Ал енді оқу-жаттығудың өзіне келер болсақ, бұл іс-шара ойдағыдай өтті деуге әбден болады. Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчеріне су тасқыны туралы хабар келіп түскеннен кейін, көп ұзамай саяжай массивіне құтқарушылар мен арнайы техника жетіп, апат салдарын жоюға кірісіп кетті. Оқу-жаттығу жиындарын тамашалаған журналистер қауымы оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен «Шерп» жол талғамайтын көлігінің «өнеріне» тәнті болды. Еске салайық, осыдан біраз бұрын облыстық ТЖД-ға мұндай көліктің екі данасын Ішкі істер министрлігіне қарасты төтенше жағдайлар комитеті табыстаған-ды.

– Ауа райы ауыспалы, жер бедері әртүрлі аймақ үшін мұндай көліктердің аса қажет екені айтпаса да түсінікті. Арнайы дөңгелектермен жабдықталған «Шерп» көлігі 70 сантиметр қалыңдыққа дейінгі қарды оп-оңай кешіп өте береді. Ол тіптен су бетінде де қалқып жүзе алады. Сол себепті құтқарушылар үшін бұл – таптырмайтын техника, – дейді Д.Титов.

Ол сонымен қатар облыста көктемгі мезгілдегі су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында ақпарат берді. Белгілі болғандай, таяуда облыс әкімі тасқынға қарсы іс-шаралардың кешенді жоспарын бекітіпті. Маманның айтуынша, бүгінде облыстағы 108 елді мекенді су басу қаупі бар. Осыған орай әр елді мекенге қатысты арнайы жұмыс жоспары әзірленген екен. Сонымен қатар бүгінге дейін ауыл-қалалардан 600 мың текше метр қар шығарылып, жалпы ұзындығы 170 шақырымды құрайтын арықтардың арнасы тазартылған-ды.

– Рас, биыл облысымыздың бірқатар ауданы мен қаласында қар жылдағы мөлшерден айтарлықтай көп түсті. Дегенмен температура күрт көтерілмейтін болса, алаңдауға негіз жоқ. Жалпы, облыстық және аудандық бюджеттерден өзендердегі жарылыс жұмыстарын жүргізуге 150 миллион теңге бөлінгенін айтқым келеді. Бұған қоса резервте орын алуы мүмкін апат салдарын жою және өзге де қажетті жұмыстарды жүргізу мақсатына жұмсалатын 1 миллиард 800 миллион теңге көлеміндегі қаражат сақтаулы тұр, – дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button