Қытайдың техникасына қызығушылар көп
Кеше Өскемендегі №11 орта мектептің жанындағы мұз айдыны ғимаратында Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы (ШҰАР) мен біздің облыстың бірлескен жетінші ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі болды.
– Қытай Халық Республикасы мен Қазақ елі ежелден достық қарым-қатынаста өмір сүріп келе жатыр, – деді «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков жәрмеңкенің ашылу салтанатында. – Осы тату көршіліктің ең бір жарқын көрінісі – достық қарым-қатынас. Екі ел арасындағы достық байланыстың аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатыр. Соның бір дәлелі бүгінгі жәрмеңке екенін де атап өткен жөн.
ШҰАР коммерциялық департаментінің хатшысы Сия Куан Тай өз сөзінде Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы екіжақты сауда-экономикалық байланыстарға кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, екі елдің арасындағы сауда байланысы әріптестіктің негізгі бағыты болып табылады.
Қазіргі кезде еліміздің облыстары мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы екі жаққа да тиімді сауда және экономика, ғылыми техника, мәдениет, туризм, білім, денсаулық сақтау салаларындағы байланыстарды нығайта түсуде. Өткен жылы Қазақстан мен ШҰАР арасындағы сауда-саттық тауар айналымы 10 млрд. 600 млн. АҚШ долларын құрады. Соңғы 20 жылдан бері Қазақстан ШҰАР-дың сауда саласындағы ең ірі әріптесі болып келеді.
Бұл жәрмеңкеге көрші елдің Тарбағатай, Алтай аймақтарындағы, Бортал моңғол ұлысындағы, Үрімші қаласындағы 49 кәсіпорынның 99 өкілі қатысуда. Олар ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектер, көкөністер мен жемістер әкеліпті. Осы жәрмеңкеге қатысқан екі елдің кәсіпкерлері енді ауыл шаруашылығы, экономика және сауда салаларында екі жаққа да тиімді жаңа байланыстарды ашуға құлшыныс білдіріп отыр.
Сия Куан Тай жәрмеңкені ойдағыдай өткізуге қолдау көрсетіп, жоғары деңгейде ұйымдастырған облыс басшылығына алғысын айтып, шығысқазақстандықтарды биыл 1-5 қыркүйекте Үрімші қаласында болатын «Қытай Еуразия Экспо» халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.
Одан соң жиналған қауым жәрмеңкені аралап, онда қойылған 60-тан астам техникаларды, құрылғылар мен құрал-саймандарды көрді. Қытайлық мамандар ауыл шаруашылығындағы науқандық жұмыстарда қолдануға аса қолайлы шағын тракторлардың тиімділігі туралы айтып берді. Бұл трактордың сегіз түрі Тарбағатай аймағы Шиқу қаласындағы зауытта құрастырылыпты. Қуаты 250 аткүшілік тракторды жүргізуге солярка қолданылады. 100 шақырымдық қашықтыққа 10 литрдей солярка жұмсалады. Трактор 6 мың АҚШ долларына бағаланған.
Орман шаруашылығында ағаш көшеттерін отырғызатын, тұқым себетін шағын техникаларды да ала келіпті. Қар күрейтін шағын машинаны қызықтаушылар да көп болды. Қонақтар ағаш кесетін, өсіп тұрған ағаштардың бұтақтарын шырпитын, үйдің ауласындағы екпе шөпті шабатын механикалық қондырғыларды жүргізіп, іс жүзінде көрсетті.
Сондай-ақ жалпы жиыны 80 тонна алма, қияр, қызанақ және басқа да көкөніс, жемістерді, ұн, күріш, өсімдік майларын келушілерге ұсынды.
– Қазақтың байырғы қол өнері бұйымдарын алып келдік. Шығысқазақстандықтар біздің бұйымдарымызды жоғары бағалады. Әртүрлі оюлармен өрнектеп тігілген киіз үйдің ішіне іліп қоятын тұмарларды, қазақтың шаңырағы бейнеленген кішкентай кілемшелерді, басқа да бұйымдарды көрсеттік. Құшақ жая қарсы алған шығысқазақстандықтарға ризашылығымызды білдіреміз. Достығымыз жалғасып, нығая түссін, – деді Алтай аймағынан келген Лина Ақанқызы.
– Қазақстанның кәсіпкерлерін, іскер азаматтарды, туризм саласының мамандарын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районындағы өнеркәсіп кәсіпорындарында шығарып жатқан өнімдерімізді көріп, өлкемізді аралап қайтуға шақырамыз, – деді ШҰАР Алтай аймағы партия комитетінің мүшесі Бақыт Инаят.