Саясат

Қытайдың Алтай округімен алыс-беріс артады

Қытайдың Алтай округімен алыс-беріс артады

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономды районының Алтай округінен келген ресми делегацияны қабылдады. Көрші елден келген бір топ делегацияны Алтай округі партия комитетінің хатшысы Ден Чжан Ву мырза бастап келген. Кездесу аясында қытайлық және шығысқазақстандық кәсіпкерлер арасында келіссөздер жүргізіліп, облыстағы инвестициялық жобалардың таныстырылымы өткізілді.

– Біздің өңір мен Қытай елінің көршілес аймақтары арасында бұрыннан-ақ өзара тиімді ынтымақтастық орнаған, сауда-экономика саласындағы қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді. Қазір Шығыс Қазақстан мен Шыңжаң өлкесінің іргелес округтері арасындағы тауар айналымы жыл санап өсу үстінде. Біз алдағы уақытта сіздер жаққа тек шикізат түрлерін ғана емес, сондай-ақ, дайын өнімдерді де экспорттауға ниеттіміз, – деді Ермек Көшербаев.

Кеден бекеттері арқылы аспан асты еліне үш күнге дейін визасыз кіріп-шығуға рұқсат берілгеннен соң, біздің кәсіпкерлер ол жаққа жиі қатынайтын болды, нәтижесінде алыс-беріс біршама арта түсті.

Кездесу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев қытай тарабын ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Осыдан екі жыл бұрын Зайсан қаласында Қытайда шығарылған агротехникалық өнімдердің көрме-жәрмеңкесі табысты өткен болатын. Әсіресе, шағын ауыл шаруашылығы құрылғылары, атап айтсақ, кішігірім тракторлар, жер өңдейтін, тұқым себетін, дайын өнімді жинайтын тіркемелер біздің шаруалар арасында үлкен сұранысқа ие. Осыған орай, облыс басшылығы Зайсан ауданында сондай өнімдерді шығаратын бірлескен зауыт салу жөнінде ұсыныс жасады. Мысалы, дәл қазір облыста «Екі дос» атты ағаш тақтай өндіретін бірлескен қазақ-қытай кәсіпорны сәтті жұмыс істеп тұр. Облыс басшылығы Қытайдың технологиясын пайдалана отырып, өзіміздегі бал өнімдерін және марал мүйізі мен қанын ары қарай толық өңдеп, үшінші елдерге сатудың да өзара тиімді екенін жеткізді көршілерге. Мұнымен қоса, облыс Қытайдың тамақ өндіретін кәсіпорындарына күнбағыс майы мен жоғары сұрыпты дәнді дақылдарды да ұсынуға әзір.

Жиын барысында Қытайдағы шағын және орта бизнесті дамыту тәжірибесін өз өңірімізде қолдану, сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестікті де дамыту мәселелері талқыға салынды.

– Сіздердің делегацияларыңыздың құрамы өте салиқалы екенін байқаймын, бұл екі тарап арасындағы қарым-қатынастарға сіздердің зор мән беріп отырғандарыңызды көрсетеді, осы кездесу екі жаққа да пайдалы болады деп үміттенемін, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ермек Көшербаев Алтай округінің басшылығын және іскер топтарын тамыз айының 22-інде Абай ауданында өтетін республикалық «Шыңғыстау» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне, сонымен бірге Бал фестивалі мен биыл алғаш рет ұйымдастырылатын марал өнімдерінің фестиваліне қатысуға шақырды.

– Біз ең алдымен сіздердің жылы қабылдауларыңыз үшін шексіз ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Бүгінгі таңда Алтай округі мен Шығыс Қазақстан арасында тауар айналымы артып келеді. Дей тұрғанмен, осы қарым-қатынастар әрмен қарай дамытуды қажет етеді. Біздің топ алда осы бағытта жұмыс істейтін болады, айтылған ұсыныс-бастамаларды қарастырып, нақты істерге қадам басатын боламыз, – деді Алтай округі партия комитетінің хатшысы Ден Чжан Ву мырза.

Осы жылдың алғашқы бес айында Шығыс Қазақстан мен Қытай арасындағы сыртқы тауар айналымы 238 миллион долларды құраған. Яғни, біздің облыс Шығыстағы көршісіне 204 миллион доллардың өнімін сатып, 79 миллион доллардың тауарын алған. Қытайға біз негізінен шикізат: мырыш, қорғасын, өзге де түсті және қара металдарды жөнелтіп, Қытайдан киім-кешек пен ауыл шаруашылығы техникаларын, басқа да құрал-жабдықтарды аламыз.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button