Білім

Ысқақтың үрім-бұтағынан жиырмадан астам педагог шығыпты

Ысқақтың үрім-бұтағынан жиырмадан астам педагог шығыпты

Көкпектілік Айжақсиндер әулетіне мұғалім мамандығы құт болып қонған десе де болады. Арғы аталары Ысқақтың үрім-бұтағынан 20-дан астам педагог шыққан екен.
Ысқақ ұстаз – Көкпекті ауданында білім беру жүйесін құруға қатысқан қайраткер. 1912 жылы Зайсанда дүниеге келген ол Алматыдағы қазақ педагогикалық институтының география факультетін бітіріп, 1931 жылы алты айлық мұғалімдер даярлайтын курстан білімін жетілдіреді. Еңбек жолын сол кездегі Үшарал ауылдық кеңесінің Аягөз, Қарасу колхозында мұғалім болып бастаған ұстаз 1935 жылы Көкпекті ауылында қазіргі Ж.Шайжүнісов атындағы мектепте ұстаз, кейін аудандық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет атқарады. Жер-жерлерде білім беру мекемелерін құруға атсалысып жүрген шағында майданнан дабыл естіліп, 1944 жылы ауыр жараланғанға дейін қаламын қаруға айырбастауға мәжбүр болады.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда колхоз басшысы ретінде еңбек еткен Ысқақ Айжақсин 1948-1951 жылдары Қарағандыкөл ауылында, 1951 жылдан 1977 жылы өмірден өткенге дейін Үлгілі малшы ауылында жас ұрпаққа білім береді.
49 жыл мұғалім болған ардагер ұстаздың артында «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі» атағымен қатар баспа бетіндегі әдістемелік мұралары қалды. Сол мұраны Ысқақтан туған бір ұл мен үш қыз өмірлеріне азық етіп, әке жолын қуған. Шаңырақтың мұрагері Мұхамедияр Айжақсин өмірінің 41 жылын мектеп қабырғасында өткізіпті. Сол кездегі Семей педагогикалық институтын денешынықтыру пәні бойынша бітіріп, Үлгілі малшы ауылының Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінде табан аудармай қызмет істеді. Сабақтан тыс уақытта волейбол үйірмесін ұйымдастырып, ала допты алақанда ойнатқан талай спортшыны баулып шығарған. Сол шәкірттерінің алды облыстың құрама командасына қабылданған кездер де болыпты. М.Айжақсиннің жары Қорлығайын Фазылқызы қазақ тілі мен әдебиетінін мұғалімі болып зейнетке шыққан. Ерлі-зайыпты ұстаздардың төрт баласы мен үш келіні де ұстаздықты өмірлеріне серік еткен.
Ысқақтың інісі Ысқақбай да ағаның ізімен мұғалімдікті таңдап, физика, математика пәндерінен дәріс береді. Алайда, Фин-Карель шайқасында соғысқа араласқан жас мұғалім кейін Ұлы Отан соғысында алмастай жарқылдап, капитан шеніне дейін көтеріледі. Жеңіске санаулы күн қалғанда, Берлин түбінде оққа ұшқан боздақтың артында соңғы хатынан басқа дерек қалмапты. Кейін Ысқақтың балалары шырақ алып іздегенімен, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны жөніндегі жазбалардан басқа дәйек таба алмаған. Ысқақбай соңғы рет қаруын қоя тұрып, қолына қалам алғанда «Берлинге дейін 20 километр қалды. Кешікпей жауды өз ұясында талқандаймыз» деп жазған екен. Жастай хабарсыз кеткен боздақтың орта жолдан үзілген ұстаздық жолын ағасы Ысқақтың ұрпағы жалғап келеді. Нәдияр Ысқаққызы да ағасы Мұхамедиярдан қалмай, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, «Аға мұғалім» атағымен, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Бұлардан кейін Санияр мен Әлияр да әке жолын абыроймен жалғап келеді.
Ал Мұхамедиярдың үлкен ұлы Қанат Астанада №53 мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеуде. Екінші ұлы Әсет психолог болса, үшінші ұлы Олжас Семей медициналық университетінен дәрігер-терапевт мамандығын алып тұрып, әке жолымен дене тәрбиесінің мұғалімдігіне ауысыпты. Үш ұлдың жұбайлары әулеттің дәстүрін жалғап, ұстаздық етуде. Ал Нұрбақыт Мұхамедиярқызы – Семей қаласындағы №19 мектептің мұғалімі.
-Әкеміздің шөберелері де еліміздің әр бұрышында келер буынға білім беріп жүр. Солардың жетеуінің ұстаздық өтілдері бес жылдан асқан, – дейді Мұхамедияр Айжақсин.
Ғасырдан ғасырға ұрпақ арқылы жалғасқан сауапты мамандықтың бұл әулетке бергені қаншалықты мол болса, әулеттің де еліміздің білім беру ісіне қосқан үлесі соншалық.

Есімжан Нақтыбайұлы
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button