Журналистік зерттеу

Қырық күндік оқу-жаттығу әскердегі бір жылға тати ма?

Бұрындары ауылдың бір баласы әскерге аттанса, ауыл болып, сәт сапар айтысып шығарып салушы еді. Қазір ауылдасыңның әскерге барып келгенін байқамай да қаласың. Қоянның терісі де шыдайтын бір жылың шолтаң етіп өтеді де шығады. Жылды қойып, Өскемендегі әскери-техникалық мектепте бар-жоғы қырық күннің ішінде ақылы түрде әскери борышыңды өтеуге болатынын бірі білсе, бірі білмес. Ол үшін денсаулығыңыз жарап, төлейтін қаржыңыз жеткілікті болса болғаны.

Қырық күндік оқу-жаттығу әскердегі бір жылға тати ма?

Әскери мектепте білім алу үшін
қандай талаптар қойылады?


Өскемендегі әскери-техникалық мектепте 2013 жылдың наурызынан қатардағы әскерлерді дайындай бастады. Бастабында 30 күнге созылған оқу, қазіргі таңда 40 күндік болып өзгертілді. Аталмыш мектеп ди-ректорының орынбасары Марат Чурбановтың айтуынша, мұнда оқып, білім алған сарбаз арнайы емтихан тапсырғаннан кейін сертификатқа ие болады. Сарбаз ол сертификатпен жергілікті жердің қорғаныс бөліміне барып әскери билет ала алады екен. Демек, әскери билет қолға тигеннен кейін келісімшартпен әскери бөлімшелерге немесе құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасуына мүмкіндік туады. Бірақ екі жыл емес, бір жыл емес, қырық күннің ішінде қаншалықты дайын сарбаз шығатынына күмән келтірушілер де жоқ емес.

– Бұл уақыт ішінде нормативтерді орындау, автомат ату былай тұрсын, сапта жүруді үйрене алар ма екен?! Кеңес үкіметі кезінде екі жылда сарбазды әскери өмірге әрең дайындайтын. Керек десеңіз, оның өзі жеткіліксіз, – дейді Ауған соғысының ардагері Дархан Уәзіров.

Әрине, әр адамның өз пікірі, өз пайымы бар. Ал біз өз тарапымыздан Өскемендегі әскери-техикалық мектепте білім алып, жаттығып жатқан сарбаздардың бір күндік тірлігімен танысып қайттық. Жалпы, әскери-техникалық мектепте білім аламын деуші 22 мен 27 жас аралығындағы азаматтар тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істер бөліміне арыз жазуы тиіс. Содан кейін барып медициналық комиссияның тексеруінен өтесіз. Салмағыңыз, бойыңыз, денсаулығыңыз жарамды болса, әскери-техникалық мектепке келіп, әскери борышыңызды өтеуге мүмкіндік аласыз. Сондай-ақ, жоғарыда айтқандай, 263318 теңге ақы төлейсіз. Осы тұста айта кетерлігі, күнделікті үш уақыт тамағыңыз, киетін әскери киіміңіз, жатын орныңыз өзіңіз төлеген төлемақының есебінен алынады.

Сарбаздардың күндері қалай өтеді?

– Әскери-техникалық мектепке осында оқыған балалардан естіп келдім. Қазір әскери бағытта білім алып, жаттығып жүрмін. Әскери билетімді ал-ғаннан кейін ішкі істер органдарына жұмысқа орналасамын, – дейді қатардағы сарбаз Жас-ұлан Тастанбеков.

Қатардағы сарбаздар таңғы сағат 6.30-да тұрып, жуынып-шайынады. Таңғы жаттығудан кейін бәрі бір кісідей астарын ішеді. Күнделікті өтетін сабақтарымен қатар тізіліп сапта жүруді үйренеді. Сайдың тасындай сапқа тұрған сарбаздар оңға, солға, кері бұрылуды меңгереді. Оқудың алғашқы күндерінде оң мен солды айыра алмайтын сарбаздардың да кездесетіні жасырын емес сияқты. Бірақ қырық күн тыңғылықты дайындалған сарбаз сапта жүруден бөлек, автоматты бөлшектеп, белгілі уақытта қайта жинап беруді де меңгеріп шығатын көрінеді. Тіпті, қырық күн ішінде екі рет полигонға шығып, окоп қазып, автоматтан оқ атып көреді екен. Ахмер кентіндегі 27943 әскери бөлімшесіне де барып, біліктіліктерін шыңдайды. Сабақ беретін мұғалімдерінің дәрістерін тыңдайды.

Сарбаздардың, сонымен қатар, күнделікті оқу-жаттығудан бөлек, спортпен айналысуларына болады. Зілтемір, гір тасын көтеріп, ауыр атлетикамен айналысамын деушілерге бір бөлек, былғары қолғап киіп жекпе-жек спортымен айналысамын деушілерге бір бөлек спорт залы бар. Тек ниет болса болғаны. Мұндағы сарбаздардың көпшілігі күнделікті бокспен, армрестлингпен, гір спортымен шұғылдануды әдетке айналдырған. Енді бірі бос уақыттарында шахмат ойнайды.

– Бұл мектепте күрестен, бокстан спорт шеберлері де келіп білім алды. Тіпті, Серік Сәпиевпен деңгейлес боксшы да осында оқып, ант қабылдап әскери билет алған болатын, – дейді бөлімше командирі Нұртас Базарбаев.

Күнделікті оқу-жаттығумен, әскери дайындықпен, одан қалса спортпен шұғылданып күндері өтетін сарбаздар 22.30-да ұйқыға жатады. Әрине, бұрынғыдай үйлеріне хат
жазып, суреттерін жібермейді.

Мотоспортты дамыту жоспарда бар

Алдағы уақытта бұл мектепте мотоспортты дамытуды да жолға қойып отыр. Ол үшін су жаңа алты мотоцикл сатып алынған. Мотоцикл тізгінін ұстауды үйрететін арнайы нұсқаушы қызмет істейді. Демек мотоциклмен жүріп, куәлік алып шығу мүмкіндігі де қарастырылуда. Қажет болған жағдайда ақысын төлеп, біліміңізді жетілдіріп, жүк көлігіне де куәлік алуыңызға болады.

Әскери-техникалық мектеп ашылғаннан бері, яғни 2013 жылдың наурызынан бері 690 сарбаз түлеп ұшқан екен. Қазіргі уақытта 60 сарбаз оқып жатыр. Оларға сенбі, жексенбі күндері қаладағы туған-туыстарына барып қайтуға рұқсат беріледі. Реті келсе соғыс ардагерлерімен кездеседі, шеруге шығады. Оқу мерзімі аяқталғаннан кейін арнайы комиссияға емтихан тапсырады. Одан кейін Өскемендегі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің алдында әскери ант қабылдайды. Баса айта кетерлігі, қырық күндік әскер мен бір жылдық әскердің бағдарламасы бірдей екен. Мұнда тек сарбаздар қысқа мерзім ішінде дайындалып шығады.

Керек дерек


Біздің облыста әскери-техникалық мектеп Өскемен мен Семейде бар. Жалпы, республика бойынша 16 әскери-техникалық мектеп жұмыс істеуде.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button