Ынтымақтаса жұмыс істеуге ынталы
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Норвегия Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Оле Йохан Бёрнойды қабылдады.
Кездесу барысында екіжақты әріптестік мәселелері, кәсіби және техникалық білім берудегі тәжірибелер алмасу, түрлі салалар бойынша алдағы уақытқа жасалған жаңа жоспарлар барысы кеңінен әңгіме болды. Қазіргі кезде ағымдағы жылдың алты айындағы көрсеткіш бойынша Норвегия мен Шығыс Қазақстан облысының арасындағы тауар айналымы 257,9 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,1 есеге артық.
2008 жылдың сәуірінде облыс әкімдігі мен Норвегияның Рогланд округінің курстық және кәсіби дайындау орталығы арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылған.
Аймақ басшысы елші мырзаға Шығыс Қазақстан өңірінің қазіргі таңдағы мүмкіндіктерін, тамаша табиғат байлықтарын, келешекке арналған жоспарларын таныстырып өтті. Сонымен қатар облыс Әкімі елшіге екі ел арасындағы әріптестік байланыстың оңды қалыптасып келе жатқандығын жеткізіп, қарым-қатынасты одан әрі де нығайта түсуге болатын салаларға тоқталды.
– Норвегия мен Шығыс Қазақстанды алып қарайтын болсақ, көптеген ұқсастықтарды байқауға болады. Сіздерде таулы өзендер өте көп. Біздерде олардың саны жеті жүзден асып жығылады. Сіздерде елдің басым бөлігін орманды алқап құрайтын болса, Шығыс Қазақстанда мыңдаған гектар аумақ орманды болып келеді. Сіздің ел мен біздің аймақ білім саласында әріптестікті жалғастыруда. Өскемендегі Қ.Нұрғалиев атындағы колледждің базасында «Қазақстандық-норвегиялық орталық» ашылып отыр. Орталық мамандар даярлау бойынша жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынастарды нығайтудағы, түлектерді жұмысқа орналастырудағы қанатқақты жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Сонымен бірге, Өскеменде «Техникалық және кәсіби білім» атты қазақстандық-норвегиялық корпоративті қор құрылған. Оның негізгі мақсаты – жоғары біліктілікке ие мамандарды даярлауға атсалысу. Сонымен бірге Шығыс Қазақстан алдағы уақытта әріптестіктің жаңа да бағыттарын қарастыруға әзір, – деді облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Норвегия су ресурстарын тиімді қолдана білудің нәтижесінде электр энергиясын өндіруде әлем бойынша алдыңғы орынға шығып отырғандығын, елдегі гидроэнергетикалық кәсіпорындардың мүмкіндіктері зор екендігін айтып, бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Мұнымен бірге елдегі Аяз Ата резиденциясының (Норвегия бойынша Юлениссен) жұмысы да жақсы жолға қойылғанын, бізде де Аяз Ата резиденциясы салынатынын жеткізді.
Норвегия Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Оле Йохан Бёрной ең алдымен Шығысқа табаны тиісімен-ақ үлкен қонақжайлылық танытып, жылы кездесулер ұйымдастырған облыс басшылығына үлкен ризашылығын білдіре келе, бұған дейінгі қол жеткізілген байланыстарды ары қарай да дамыта түсіп, ынтымақтастықтың жаңа қырларын да ашу керектігін атады.
– Норвегия мен осы облыстың арасында білім саласында үлкен байланыстар барлығын білемін. Сіздерде «Рогланд курстық және кәсіби дайындау орталығы» қорының филиалы табысты жұмыс істеуде. Мұндағы жұмыстың басты мақсаты – кәсіби білім берудің деңгейін халықаралық стандарттарға дейін көтеруді көздейді. Дегенмен, бір ғана білім саласындағы байланыс аздық етері сөзсіз, сондықтан мен алдағы уақыттарда өзіңіз атап өткен салалар бойынша әріптестікті дамытуға қызмет етуге даярмын. Мысалы, мен өзім көргендей, сауда саласында үрдістер жақсы жүруде. Сіздердің дүкендеріңізден норвегиялық сёмганы көргенімде таңданысымды жасыра алмағаным анық. Ал біздің ел Сіздерден астық алады. Экспорттағы оның көлемі 10 пайызды құрайды. Сіздің айтқан ұсынысыңызды біздің елдегі гидроэнергетика, пайдалы қазбалар саласындағы кәсіпкерлерге міндетті түрде жеткізетін боламын. Ал Аяз Ата резиденциясын салмақ болсаңыздар, тәжірибелерімізбен бөлісуге әзірміз, – деді елші Оле Йохан Бёрной.
Кездесу соңында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ елшіге Шығыс Қазақстан жайындағы кітапты естелік ретінде сыйға тартты.