Журналистік зерттеу

Қымызханалар ашуға неге құлықсызбыз?

Қымызханалар ашуға неге құлықсызбыз?

Мынау шыжыған ыстықта шөл қысқан жұрттың жанын жай таптыратын сусын – қымыз болса керек. Бірақ бәрінен бұрын қазаққа құдайдың өзі тарту еткен сол сусынымыздың қадіріне жете алмай жүргеніміз қынжылтады. Қымыздың шипасы туралы қызынып әңгіме айтқанымызбен, сол қымызханаларды ашуға келгенде іскерлігіміз жетпей жатқандай көрінеді. Неге?

Өскеменде ұлттық сусын сататын бірде-бір орын жоқ

Таяуда сонау Талдықорғаннан қыдырып келген жездемнің қымыз сұрап қылқылдағаны. Қонақтың меселін қайтармаған жұртпыз ғой, қымыз іздеп, көкбазарға қарай жүгірдік. «Катонның қымызын» тапқанымызбен, жездеміз бір ұрттап тыжырынды да қойды. «Таза емес» дейді. Шынында да, базардағы саудагердің қымызға көк су қосып сатпаса, көңілі көншитін бе еді. Содан жездемнің «Немене, бұл қалада қымызхана жоқ па?» деп сұрақты төтесінен қойғаны. «Қымызхана дейсіз бе?» деп күйеуім бажасына бажырая қарады. «Иә, Өскемендеріңде қымызхана жоқ па? Біздің Талдықорғанда қымызхана деген көп. Қымызсыз тұра алмаймыз. Қымыз дегенің нағыз шипалы сусын ғой. Сыраңды мың орап кетеді…». Жездемнің қымызхана жайында айтқан ұзақ әңгімесі бізге ертегідей көрінді. «Шіркін-ай, біздің қалада да сол Талдықорғандағыдай «Қымызханалар» болса ғой» дейміз іштей. Әсіресе, экологиясы сын көтермейтін Өскеменге қымызханалар керек-ақ. Улы түтінге тұншығып, дем жетпей жүрген тұрғындардың денсаулығын жақсартуда қымыз дегеніңіз нағыз ем болар еді-ау.
Қонағымыз кеткеннен кейін, «Осы жездемнің айтып отырғаны шын ба, өтірік пе?» деп, арнайы ғаламторға кірдім. Жоқ, обалы не керек, жездем бекер бөспепті. Сөзінің бәрі рас екен. Алматы облысының орталығы болып саналатын Талдықорған қаласының көрнекті жерлерінен аудан және қала әкімдіктерінің қолдауымен жаз айларында жиырмадан астам қымызхана қалашықтары ашылып, қала тұрғындары мен меймандарына қызмет көрсететін көрінеді. Жалпы, 2013 жылы ғана Алматы облысында барлығы 115 қымызхана ашылып, халыққа қызмет көрсеткен екен. Маусым барысында 718 мың литр қымыз, 467 мың литр шұбат өнімдері сатылып, 459,4 млн. теңге пайдаға кенелген. Нәтижесінде, 350 жаңа маусымдық жұмыс орындары ашылып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұрт табыс тапқан.
Ал біздің Шығыстағы жағдай қандай?
Аймақ көлемінде қанша қымызхана бар екенін білмек ниетпен облыстық кәсіпкерлік басқармасына қоңырау шалғанымызбен, мардымды жауап ала алмадық. Түсінгеніміз, биылғы жаз маусымында өңірімізде қанша қымызхана ашылғанын санап отыру ондағы мамандардың міндетіне кірмейтін көрінеді.
Жалпы, ұлтының саулығын, ұрпағының қамын ойлаған мемлекет халқының не ішіп, не жеп жатқанына да үлкен мән беретіні белгілі. Мысалы, жапондар халқын көк шайды жаппай ішуге үгіттегенде, алдарына жан салмайды. Өйткені, көк шайдың адам денсаулығына тигізетін пайдасын жақсы біледі. Ал біз болсақ, ұлттық сусынымыздың қадір-қасиетін жақсы білсек те, оны насихаттап, қымызханаларды көптеп ашуға еш асығар емеспіз. Қымызханалар ашу үшін де жоғарыда отырған көкелердің бұйрығын күтуіміз қажет. Сұрастырып көрсек, облыс орталығы Өскеменде бірде-бір қымызхана жоқ болып шықты. Қымыздан гөрі, сыраны тәуір көретініміз де рас. Бір қызығы, елімізде өндірілетін сыра көлемі жылына бір адамға 35 литрден келеді екен.

Біздің облыста жылына 1200 тонна бие сүті өндіріледі

Қымызханалар ашуға неге құлықсызбыз?

Жалпы, республика бойынша қымыз өндірісі жақсы жолға қойылған өңірлердің қатарында Шығыс Қазақстан облысы да бар. Дәл Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарындағыдай қымыз өндірісін дамытып жібермесек те, облысымызда бие байлап, қымыз сатуды кәсібіне айналдырған шаруашылықтар жетерлік. Әсіресе, бұл істе Қатонқарағай, Абай, Үржар, Ұлан аудандарының шаруашылықтары көш бастап тұр. Жалпы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, бойынша біздің өңірде жылына 1200 тоннаның үстінде қымыз өндірілетін көрінеді. Оны дайындаушыларға өткен жылы 72 миллион теңге көлемінде субсидия бөлініпті. 2012 жылдан бері қымыздың 1 литріне 60 теңгеден субсидияның беріле бастауы Қамбар ата түлігінің көбейіп, қымыз өндірушілер санының артуына әжептәуір ықпал еткенін де байқауға болады. Тек Абай ауданындағы Саржал ауылында бір күнде орта есеппен алғанда 4-5 тонна қымыз өндіріледі. Шағын ғана ауылдағы шаруашылықтарда 8 мыңға жуық жылқы бар. 2012 жылы саржалдықтарға айына 800 мың теңге көлемінде субсидия берілсе, өткен жылы бұл сома 1 млн. 200 мың теңгеге дейін ұлғайған.
Ал Катонқарағай ауданында жылына 700 тоннадай қымыз өндіріледі. Катонқарағай аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмас Кезеңбаевтың айтуынша, бүгінгі күні аудан бойынша 38 жерде бие сауылып, қымыз дайындалып отырған көрінеді. Ереже бойынша субсидия алу үшін шаруашылықтағы биенің саны 35-тен кем болмауы, оның 20-сы сауылуы қажет екен.
Десе де, қымыз өндіретін шаруашылықтардың қолы субсидияға жеткенімен, оның қызығы ұзаққа бармаған сыңайлы. Биыл субсидиялаудың ережесіне тағы да өзгерістердің енгізілуіне байланысты мемлекеттен берілетін көмектен біраз шаруашылықтар қағылып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әлібек Саршановтың айтуынша, өткен жылы субсидияға 60-қа жуық шаруашылық ие болса, үстіміздегі жылдың жартыжылдығында оған 11 ғана шаруашылық қол жеткізіпті. Енді қымыз өндірушілер мемлекет тарапынан берілетін көмекке ие болғысы келсе, жаңа ережеге бағынуы тиіс. Ең алдымен, шаруашылықтағы жылқылардың бәрі ветеринарияның талабына сай «ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіруден» (ИСЖ) өтуі тиіс. Яғни, қой, ірі қара малдарының сырғаланып, базаға енгізілгені секілді жылқы малы да белгі салынуы қажет. Бұған Үкімет тарапынан арнайы қаржы бөлінуі тиіс. Өкінішке қарай, үстіміздегі жылы бұған қаржы қарастырылмаған. Содан кейін биылдан бастап шаруа қожалықтарына өндірілген қымыздың құтыға құйылып өткізілуі де міндеттеліп отыр. Бұл қымыз өндіру үшін шағын зауытыңыз болуы керек деген сөз. Ал қымызды құтыға құятын цехтың құрал-жабдықтары Қытай мен Ресейде сатылады. Оның бағасы шамамен 1-1,5 миллион теңге тұрады. Ондай жабдықты сатып алуға барлық шаруа қожалықтарының шамасы келеді деп айтуға тағы да болмайды.
– Бізде мұндай өндірілген қымызды құтылайтын цех облыс бойынша Абай ауданының Саржал ауылы мен Катонқарағай ауданындағы «Тұлпар» атты шаруа қожалығында ғана бар, – дейді Әлібек Әнуарбекұлы.
Қазіргі күні қымызды құтылайтын цех жабдықтарын сатып алып, қымыз өндіруге Күршім, Аягөз, Тарбағатай аудандары да ынта танытып, қам жасап жатқан көрінеді.
Десе де, бір байқағанымыз, әзірге шаруа қожалық басшылары қалаларда қымызханалар ашуға құлықсыз. Қымызға берілетін субсидияның өзі көзден бұл бұл ұшып бара жатқандай.
Әрине, қалаға келіп қымызхана ашамын десе, оларға ешқандай кедергі жоқ. Бірақ, биенің жайлауда байланып, сауылатынын ескерсек, өндірілген өнімді қалаға тасудың өзі де үлкен шығынды қажет етеді. Болашақта қаламызда, облыс көлемінде көптеп қымызханалар ашылып жатар. Ал әзірге қымызды насихаттау, қымызханалар ашу туралы әңгіме көтерілген жоқ, – дейді Әлібек Әнуарбекұлы.

Бұл өнімді ашытудың 60 түрлі әдісі бар

Қымыздың пайдасын Бородулиха ауданы, Переменовка ауылының тұрғыны Қуанышбек Сәбитұлы жақсы біледі. Біз Қуанышбекпен Астана күні қарсаңында Өскеменде өткен Бородулиха ауданының мәдени күндері аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде тілдескен болатынбыз. Ол 2000 жылдан бері бие байлап, қымыз өндірумен айналысып келеді екен. Шаруа қожалығында 78 биесі бар. Күніне 35-40 литр қымыз өндіреді. Қымызға Семейден, тіпті, сонау Жезкенттен тапсырыс берушілер көп.
– Үлкен атам 105-ке жетіп қайтыс болды. Жалпы Ахметовтер ұзақ жасайды. Бәрі де осы қымыздың арқасы. Күніне бір литр, тіпті, моншаға түскенде, екі жарым, үш литрге дейін қымыз ішеміз, – дейді Қуанышбек Сәбитұлы.
Қуанышбек қымызға ешқандай субсидия алмайды. Переменовка ауылында «Қуаныш» деген дүкені бар. Қуанышбектің қымызын іздегендер осы дүкеннен табады. Литрі – 400 теңге.
Қуанышбектің айтуынша, қымызды ашытудың 60 түрлі әдісі бар екен. Бірақ – қымыз өндірушілер ешқашан өздерінің құпияларын оңайлықпен біріне бірі ашпайтын көрінеді. Қуанышбек те бізге өз құпиясын ашқан жоқ. Ал жәрмеңкеде жұрт оның қымызын пышақ үстінен бөліп әкетті.

P.S: Белгілі кәсіпкер, «Саржайлау» қымыз орталығының президенті Ахметбек Нұрсила қымызды ұлттық брендке айналдыру үшін қымыз туралы заң қабылдауымыз керек, қымыз өндірісіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс дегенді жиі айтып жүр. Мұны біз де құптаймыз. Ұлттық сусынымыздың қадірін арттырып, халқымыздың денсаулығын жақсартамыз десек, қазірден бастап қимылдағанымыз жөн. Ертең деп жүре берсек, ештеңе ұтпаймыз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button