Саясат

Ядролық медицина орталықтың проблемасына ден қойды

Ядролық медицина орталықтың проблемасына ден қойды
Семейге арнайы жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Ядролық медицина орталығының проблемасына ден қойды. Айта кетейік, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бұл мәселені ұдайы бақылауында ұстап, республикалық ведомствоаралық комиссияның жұмыс істеуіне ықпал етті.
Үкімет тапсырмасы бойынша, Ядролық орталықтың құрылысын толық аяқтап, полигоннан зардап шеккен тұрғындарды сауықтыру үшін ел игілігіне тезірек беру қажет болып отыр.
Құрылысы 2012 жылы наурыз айында басталған, 2013 жылдың желтоқсан айында толық салынып бітіп, халық игілігіне берілуі тиіс емдеу-сауықтыру орталығы әлі күнге дейін аяқталмады. Бұл жай құрылыс нысаны емес, радиациялық қауіп-қатер орын алмас үшін ішіне жаңа технологиялар орнатылғандықтан да шығын мөлшері өте көлемді. Орталықтың радиоизотопты диагностика және терапия бөлімінің іске қосылуына орай, онкологиялық дерттерді емдеуге Қазақстанның бүкіл аймақтарынан және көрші елдерден адамдар келуі жоспарланып қойылған. Радиотерапияны жылына 600 адам өтіп, тексеріліп, ерте бастан сырқаттарын анықтауға жылына тағы қосымша үш мың адам келуі тиіс. Депутаттар сұйық радиоактивті қалдықтарды сақтайтын жабдықты көрді. Проблема әлі сол күйінде тұр. Радиологиялық нысанның жұмысы бізге аса қажет, деді диспансер директоры Марат Сандыбаев. 2012-2013 жылдары осы жерге екі позитронды-эмиссиондық томограф сатып алынды. Бірақ іске қосылмапты.
– Мемлекет әлеуметтік бағдарламаларға республика бюджетінің 40 пайызын жұмсайды,-деді мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев. – 2017 жылы онкологиялық қызметтің жылдық бюджеті 32 млрд. 600 млн. теңге болып отыр. Ал Семейдегі Ядролық медицина орталығына 6 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бірақ осы уақыт бойы мүдделер қайшылығы жалғасып келеді. Ал халық ем қабылдай алмай отыр.
Оның үстіне осы онкологиялық диспансердің отыз шақты мамандары шетелдерде оқып келген екен. Бірақ Ядролық медицина орталығы іске уақтылы қосылмай тұрғандықтан, олар басқа жақтарға жұмыс іздеп кетуде. Осылай жалғаса берсе, диспансерде білікті маман қалмауы мүмкін дейді, басшылық.
-Мемлекет мамандарды шетелдерден оқытуға қыруар қаражат жұмсайды. Оларды оқыттық, ал одан не шықты? Олар алған білімдерімен әлі қорабы шешілмеген жабдықтардың айналасында жүреді де қояды. Өздерінің білімдерін іске асыра алмайды. Ертең Ядролық медицина орталығы іске қосылса, олар бірден жұмысқа кірісіп кете ала ма? Тәжірибе де керек қой ол үшін. Тәжірибе жоқтықтан алған білімдерін ұмытып, медицинаның басқа саласына кетулері де мүмкін, – деді бұл орайда Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей.

Осы айдарда

Back to top button