Саясат

Ядролық қарусыз әлемнің көшбасшысы

Облыс әкімдігі мен Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті «Қазақстан Көшбасшысы – ядролық қарусыз әлем жаһандық саясатының көшбасшысы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Конференцияда облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ құттықтау хатын оқыды.

Ядролық қарусыз әлемнің көшбасшысы– Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ұлтымыздың болашағын жан-жақты ойластыра келіп, өз Жарлығымен 1991 жылдың 29 тамызы күні Семей ядролық сынақ полигонын жапты, – деді өз сөзінде Айтқазы Шерубаев, – сөйтіп, әлем халқының бейбіт өмір сүруін көздейтін «Ядролық қарусыз әлем» ісіне теңдесі жоқ үлес қосылды. Вашингтонда 2010 жылдың сәуіріндегі жаһандық саммитте Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жаңа ядролық қарусыз аймақтар құру жөніндегі бастамамен шығып, оның Таяу Шығыста да қажеттілігін мәселе етіп көтерді. Осының барлығынан ядролық саясатқа қатысты еліміздің ұстанымы айқын көрінеді. Дегенмен, ядролық сынақ полигоны Семей өңірінің экологиясы мен экономикасына, тұрғындардың денсаулығына зардабы ұзаққа созылатын орасан зор зиян келтірді. Оны қалпына келтіру салиқалы шешімдер мен қаржыны талап етеді. Сондықтан экология мен тұрғындардың денсаулығын оңалту проблемасын шешуде мемлекеттік мекемелермен қоса қоғамдық ұйымдардың да рөлі зор. Бұған дәлел – бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференция.

Қазақстан халқының жанына жара салған атомның үнін өшірген Елбасының еңбегі өлшеусіз. Мұндай тарихи теңдесі жоқ қадамға бару әлем алдында ел абыройын асқақтатып, өнеге болғандығы сөзсіз. Әсіресе, сынақтың тікелей зардабын көрген Семей жұртшылығы ел Президентінің бұл қадамын ерекше қолдайды. Конференцияда Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев былай деп өз ойын салмақтады:

– Бүгінде еліміздің ядролық саясатқа қатысты ұстанған бағыты айқын. Оны осы конференция барысынан да байқап отырмыз. Семей жерінде жылдар бойы сыналған атом үні біртіндеп ұмыт бола бастады. Енді ядролық қарусыз ел атанған Қазақстан Елбасының бастамасымен барша әлемді осыған үндейді.

Сонымен қатар осы конференция барысында халықаралық «Атом» жобасының маңыздылығы талқыланып, келген қонақтар осы бағытта да өз пікірлерін білдіріп, қолдау көрсетті. Медицина ғылымдарының кандидаты Советқазы Ибраев сынақ полигоны жабылғаннан кейінгі өңірде жүргізіліп жатқан оңалту жұмыстары орасан екендігін және экономикалық, экологиялық жобалардың игілігін халық көріп жатқанын атап айтты. «Енді атомның күш-қуатын бейбіт өмірге бағыттасақ, одан адамзат баласының ұтары көп» деді ол.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға шетелдік ғалымдар да онлайн режимінде қатысып отырды. Жиында студент жастар мен оқытушылар ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Атом» жобасын қолдап, онлайн-петицияға қол қойды. Петицияға қол қойғандардың бірі – Мақсат Кәріпбаев:

– Әр адам өзі ниетін білдіріп, еркін түрде келіп петицияға қол қойып жатыр. Әр адамның бұл петицияға қатысуы елінің болашағы үшін маңызды, – деп өз пікірін ортаға салды.

Ядролық сынаққа әлем бойынша толық тыйым салуға қол жеткізуді көздеген «Атом» жобасы биылғы 29 тамызда бастау алған болатын. Семейліктер осы күнге дейін 11 183 қол жинаған. Жобаның мақсаты ядролық қаруды сынауға толық тыйым салуға қол жеткізу мақсатындағы жаһандық қоғамдық күштерді біріктіру болып табылады. Бұл жоба негізінен ядролық сынақтарға үзілді-кесілді тыйым салуды, кейін толықтай жоюды қарастыратын жаһандық тетік ретінде бағалануда. «Атом» жобасы жаһандық ядролық қарусыздану мақсатына қол жеткізуді көздеу дәстүрін жалғастырып келе жатқан Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жаңа бастамасы болып табылатындығы және оның маңыздылығы кеңінен айтылды. Сондай-ақ, университет тарихына арналған мәдени-рухани мұражай ашылды.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button