ҮЙІР ІЗДЕГЕН КӨКЖАЛ
Бір жылы Алматының «Самал» ықшам ауданында «Евразия» деген сауда-саттық кешені бой көтеріп, алты қабат алып ғимараттың бірінші қабаты тұтастай кітап дүкеніне болып ашылды. Осы жерден тұлымды ұлды жетелеп, үш-төрт кітапты көтеріп, жайдарлана шығып келе жатқан сатирик, ақын Қажытай Ілиясовты қарсы жолықтырдым. «Ассалау…», «Әликсалам!». Амандықтан кейін:
– Өткенде Ғабиден Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» романын сатып алдым. Керемет. Оқыдың ба? – деді ағамыз менің онымен ауылдас екенімді білетіндіктен. «Иә, оқыдым». Ғабиденнің бұл шығармасын бір демде оқып шыққам. Қазақ әдебиетіндегі ұмытыла бастаған детектив жанрын қайта тірілткен, сюжеті тартымды, шытырман оқиғалы шымыр дүние.
– Мен жақында Шұбартау жақтағы ағайындарды аралап келдім, деді ағамыз сөзін жалғап. – Пойызбен бара жатып, осында айтылатын әлгі Қопаның қамысы, Шыңыраудың құмы дейтін жерлердің тұсынан басып өттік. Былай қарасаң, алып бара жатқан керемет ештеңесі жоқ. Елсіз дала. Бірақ, соның өзін Ғабиден дала тағысының көзімен қалай суреттейді, а? Қамысы – қашқанға пана, құмы – бауырыңды жылытатын ыстық от. Меніңше, туып-өскен мекенінде аласұрған, үйірі жоқ көкжалың сол Ғабиденнің өзі сияқты!
– Мүмкін. – Айтылған ойдың астары терең. Азулы көкжал кейде жер қорыған адам бейнесін елестетеді.
– Гәп сонда! Қашқынсың ба, қасқырсың ба, бәрібір, сен ең алдымен, туған жеріңнің қожайынысың. Білдің бе? Жылтырағы көп мына алдамшы қоғамда Ғабиден жалғыздықтан қатты құлазыған секілді. Сол ойымды қағазға түсірсем деп, толғатып жүрмін.
Ол кісінің Ғабиден туралы пікір қозғауы кездейсоқтық емес еді.
1964 жылдың күзінде Қажытай Ілиясов біз оқитын «Жүзағаш» орта мектебінде әдебиеттен, суреттен, дене шынықтырудан бір тоқсан сабақ берді. Жүріс-тұрысы шалт, сөзі от, бесаспап ұстазымыз қалай келді, солай бір күнде жоқ болды. Ол кезде оның мәнісін кім біліпті? Алтайдың аржағынан қашып өтіп, «аса қауіпті элемент» ретінде үш әріптің қуғынында жүргенін кейініректе, Алматыға келгенде бірақ естідік қой. Бір ғажабы, аз ғана күн дәріс берсе де, сол Қажекең әппақ қағаздай балалық жан дүниемізде мәңгі жазылған, жалт еткен сәуледей әсер қалдырып кетті. Ұстазымыздың елден ерек қасиеті – қоңыр үнді домбырадан бастап, сырнай, мандолина, балалайка, гитарада ойнай береді екен. Мектеп ішінде жүрген басқа паң оқытушылардай емес, маңына өлең-жырға, әнге бейімі бар ұландарды көптеп тартатын. Солардың бірі – төртінші кластың оқушысы Ғабиден Құлахмет еді.
Төңкерілген тостағандай шағын болғанымен, біздің тоқсан жылдық тарихы бар «Шолпан» ауылы мың сан тарау бұлағы мөлдірей аққан Тарбағатайдың күнгей баурайында орналасқан.
Сағынышпен сенделтіп мың сан ағын,
Өкініштен ішем де жыр шарабын.
Шолпан деген ауылды есіме алып,
Шолпан жұлдыз,
Өзіңе мұң шағамын, – деп, Ғабиденнің университетте бірге оқыған үзеңгілес досы, ақын Ұлықбек Есдәулет тебіреніспен жырға қосатын ауылымыз осы. Шұрқыраған жылқының дауысы жетер жердегі Ай, Таңсық, Мыңбұлақ, Тасбұлақ, Лайбұлақ, Текебұлақ… деп кете беретін, сулы да, нулы, мамыражай тірлігі бар көп ауылдардың бірі. Ерекшелігі – жыршылыққа, күйшілікке құмар жандар көп еді.
Әлі есімде, қу соғыстың зардабынан екі көзі бірдей көрмей қалған соқыр Нұрғали атты күйші мен молда Жақып, Байдрахман
Әбжан-Ысқақұлы дейтін қиссашы қариялар болды. Солардың айтқандарын Ғабиден көшіріп әкеліп, өзі де соларға еліктеп, бірдеңелер шимайлап, Қажекеңе жақын жүретін.
Шежіре қарттан аумаған,
Шекпенін шешті тау маған.
Ақ сақалынан төгілді,
Ақ моншақтары саулаған.
Арада көп жылдар өткен соң, осылайша екпіндете, әдебиеттің төріне саңқылдай көтерілген Ғабиденді жасұлан кезінде тап басып танып, қаршығадай баулыған, сөз өнеріндегі алғашқы жол көрсетушісі осы Қажытай ағамыз болатын. Бұл – ақиқат. Сондықтан «үйірі жоқ көкжалдың өзі – Ғабиден» деп айдар тағып, шығармасына да, өзіне де ағалық көңілден баға беруіне толық хақысы бар еді.
Ал, Ғабиден Құлахмет туралы айтылар әңгіменің ұшығы сан тарау. «Алыс-алыс кетіпті бүгін бәрі, жапырақтар солай деп сыбырлады. Жолдар да көп, жылдар да, есімдер көп, олар әлі біздерді кешірген жоқ…» депті бір өлеңінде ол. Өмір қырқасында көкжалдай жалт етіп, артына бір қараған күйі қыр асқан Ғабиденмен тай-құлындай жарысып, алысып өскен күндеріміз де сағым жылдардың тасасында қалып барады.
… Төбе ғой деп, қомсындың суық күлдің,
Көзге ілмей бұл жердің Қоңыртауын.
… Жан аға, бұл сөзіңе жабырқадым, – деп Ғабиден айтқан, өзімізге әлемдегі ең биік тау көрінетін «Утөбе» шоқысы, көктемде тасып, жазға қарай жуасып қалатын, балық ұстайтын Қарақол өзені, ауылдың кіре берісіндегі өз қолымызбен өсірген шоқ тоғай – балғын шақтардың кейбір елестерін ғана еске түсіреді.
Осы кішкентай ауылдан бір қолдың саласындай бірқатар белгілі ақын, журналистер шықты. Ең бірінші болып, қаламгерлік арнаға жол салған Нұркенже Хасенов деген ақын болды.
«Есіме туған жер түсті,
тырналар шулап ұшқанда.
Мен сағынған Ертісті,
сағынады екен құстар да», – дейтін бір өлеңімен елді елең еткізгенімен, толық ашыла алмады. Артына «Сырлы толқындар», «Туған топырақ» дейтін жыр кітаптарын қалдырып, өмірден ерте өтті. Іздеушісі болмаған соң, бүгінде есімі мүлде естілмей қалды.
Одан кейін, іле-шала Аманжол Арғынгелдин дейтін ағамыз журналистикаға түрен салды. Ұзақ жыл «Алға-Вперед» газетінің жауапты хатшысы, бас редакторы, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, Мамырсу ауылдық округының әкімі сияқты жауапты қызметтерде болып, зейнетке шықты. Өмірінің соңғы кездерінде Мамырсу шежіресін зерттеуді қолға алған еді. Баяғы тарихтан мәлім, Абылай хан мен Ер Жәнібектің қатысуымен 1754 жылғы «Қандыжап бітімі» жасалған атақты Мамырсу ғой. Өкінішке қарай, оны да бітіре алмай кетті.
Аманжол аға КазГУ-де оқып жүрген кезінде, каникулға келген сайын, мектебіміздегі өлең-сөзге таласы бар бозөкпелерді жинап алып, шүйіркелескенді жақсы көретін. Сол ағалық ыстық ілтипаттың мол әсері тигендігінен болар, уақыты келгенде, Ғабиден Құлахмет, тележурналист Тілеген Ахметов, кейінгі буыннан біз (осы жолдардың авторы), Болат Көкенайұлы іркес-тіркес журналистика факультетінің табалдырығын аттадық.
Бір жолы Аманжол ағаның қолдауымен Ғабиден бастап, жас талапкерлер қостап, «Жүзағаш» орта мектебінің радиохабар тарату нүктесін ашуды және «Жауқазын» әдеби-өнер қолжазба журналын шығаруды ойластырдық. Бақсақ, айтуға оңай болғанымен, радио торабын құру, журнал ұйымдастыру оңай шаруа емес екен. Біріншіден, радиохабар жүйесін тіркетіп, эфирге шығару үшін жоғары жақтың (құпия органдардың) рұсатын алу керек екен. Екіншіден, радио нүктеге қажетті техникалық аппаратураларды іздеу, сатып алу, орнату, оған қоса журнал түптейтін шағын станокты табу, әкелу, іске қосу, айналып келгенде, қаржыға тіреледі екен. Мұндайда кімнен көмек сұраймыз?
Абырой болғанда, мамандығы физик болса да, әдебиетті өте жақсы көретін өнердің жанашыры, мектеп директоры, «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» Әділет Өзбеханов ағамыз бізді баласынған жоқ, бастамамызды қызу қолдады. Қаржыны да тапты. Өзі де жүгірді.
«Жүзағаш» орта мектебінің шағын радиосы ауладағы биік бағанада орнатылған репродуктор арқылы мектеп көлеміндегі жаңалықтарды бүкіл ауылға таратып, жақсы оқыған оқушыларды дәріптеп, ұл-қыздар шырқаған әсем әуендерді төгілтіп, ата-аналардың да мерейін тасытты. Ал, әп-әдемі болып түптеліп, жарық көрген «Жауқазын» журналын әдебиет пәнінің мұғалімі Биғайша Әбілова (белгілі ақын Дихан Әбіловтің қарындасы) аудандық оқу бөлімінен өкілдер шақыртып, ауыл зиялылары мен мектеп ұстаздарын, оқушыларды қатыстырып, таныстырып, тұсаукесерін өткізді. Аманжол Арғынгелдиннің «Тайшабыс» атты өлеңімен ашылған қызық журналдың дақпырты сонау астанадағы Қазақ радиосына, республикалық балалар газетіне дейін жетті. Аудандағы басқа мектептерден де сұратып, оқитындар шыға бастады.
Қарапайым ауыл мектебіндегі осындай шығармашылық бастама әдебиетке, өнерге деген құлшынысты оятты, ұл-қыздар рухани өмірге жаңаша көзбен қарай бастады. Музыкалық училищеге, консерваторияға, журналистикаға қарай ойысқан талапкерлердің қарасы көбейді. Солардың қатарынан ақын, жазушы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Ғабиден Құлахмет, біз пақырыңыз – Қайым-Мұнар Табеев, Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі Майра Ілиясова, Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі, флейташы, композитор Дәлелхан Біләлов, «Ақ жауын» ансамблінің белді мүшесі, әнші, домбырашы Азамат Нәдірбеков, республикалық байқаудың жүлдегері, суретші Мұхамедкәрім Құндақбаев, бокстан спорт шебері Балтақай Тұрсынтай сынды (басқа да көптеген) тұлғалар өсіп шықты. Олардың барлығы да руханият әлеміндегі алғашқы әлппесін мектептегі осы бір қарапайым үйірмелерден үйренгенінде дау жоқ.
Әрине, бұл қадам қазақтарды ауылдан ұзатпай, тек мал бақтыруды ғана көздеген мәскеулік жымысқы саясатқа мүлде кереғар болса да, ұстаздарымыз оны айналып өтудің жолын тапты. Өнерді дәріптеген болып, байыппен бағыт көрсетіп, мектеп бітірушілердің басым бөлігін сол «Екінші тыңның» дүрмегінен аман алып өтті. Сол үшін де, асыл ұстаздарымызға мәңгілік қарыздармыз деп ойлаймын. Ол қарыз, әрине, шәкірт мойнына артылған ұстаздық сенімді ақтаумен, елге адал қызмет етумен ғана өтелмек.
Ғабиден мектепті алтын медальмен бітіріп, КазГУ-ге түсіп кеткен соң, Сенбі Нұркенов, Сейсен Төлегенов, Едіге Абдрахманов, Рыскелді Жобалаев сынды жаңа талапкерлермен бірігіп, «Жауқазынды» одан кейін де тоқсан сайын үзбей шығарып тұрдық. Радиомыз саңқылдап, жаңалықтардың соңын ала Абайдың қара сөздерінен үзінді, жас өнерпаздардың өз шығармаларын орындатып, өлең оқытуды дәстүрге айналдырдық. Алаңсыз жастық шақтығы сол қызық күндердің, жазу-сызу әлеміне талпынған қарлығаштардың ұмытылмас кейбір сәттері осындай еді.
Жас талдар жапырақ жайғасын,
Естілмей кетті ертектер.
Парталас қыздар қайдасың,
Қайда екен қара тентектер?..– деп, Ғабиден жырлағандай, қайран уақыт жүректерге сағыныш ұялатып, бірге өскен бәрімізді бір-бірімізден алыстатып жіберді.
****
Ақын ретнде Ғабиден Құлахмет шығармашылық ортаға ерте танылды. Алғашқы өлеңдері 1966 жылдан бастап баспасөз беттерінде, “Жыл он екі ай” (1969), “Көктем тынысы” (1975) жинақтарында топтамалары жарияланды. Соның ішінде Аягөз, Тарбағатай өңірінен түлеп ұшқан қаншама жас таланттың қанатын қатайтып, қаламымызды ұштаған аудандық «Алға» газетінің орны бөлек еді. Ғабиденнің де әр сенбілік нөмірдегі әдебиет бетінде ерекше ырғаққа толы, әуезді өлеңдері жиі жарияланатын.
Ауылдың маңы, баурайы белі,
Жамырай өскен тал-қайың еді.
Тырналар қайтқанда тыраулай ұшып,
Жапырағы түгел сарғайып еді…
Ғабиденнің тұнық бастаудай мөлдіреген, толқынды жырлары, «Көзімнің қарасы», «Ақ бастау» атты алғашқы жыр жинақтары қазақ поэзиясына ұлттық нақыш дарытты. Одан кейінгі «Ұрпағың үзілмесін», «Көл түбіне кеткен ел», «Ердің сыны», «Жалғыз бөлтірік», «Серінің соңғы сәлемі» хикаялары мен «Үйірі жоқ көкжал» романы проза саласын жанрлық тұрғыдан түрлендірді. Оның жарқын жемісі – Ғабиденнің республикалық “Жалын” баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екі дүркін жүлдегері, “Алаш” әдеби сыйлығының иегері атануы. Мұның бәрі қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен шығармашылық иесіне аз мәртебе емес.
Журналистика факультетін бітірген соң, Ғабиден Құлахмет “Жалын” баспасында редактор, Қазақстан баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде бас маман, Қазақ теледидарында редактор қызметтерін абыроймен атқарды. Бір күні Мәскеуге М.Горький атындағы әдебиет институтының жоғары курсына оқуға кеткенін естідік.
1989 жылдың сәуірі еді. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында бір топ жігіт – Дидахмет Әшімханов, Еркін Жаппасұлы, Жаңабек Шағатай, Жүсіпбек Қорғасбеков бар, бәріміз түс мезгілінде әңгімені соғып отыр едік, қасында кепкен қайыңдай сұрқай өңді, қалақтай біреу бар Ғабиден кіріп келді. Мәскеуге кеткелі көрмеген біздер атып тұрып, жамыраса амандастық.
– Ал, бауырлар, танысып қойыңдар. Менімен бірге әдебиет институтын бітіріп, Қазақстанға қоныс аударып жатқан моңғолиялық талантты ақын Қуанған Жұмаханов, – деп таныстырды мейманды. Қол алыстық. Аты-жөнімізді айтып жатырмыз. Құданың құдіреті, алыстағы шет мемлекетте жүрсе де, қонағымыз бәрімізді сырттай жақсы білетінін айтып, әрқайсымыздың не тақырыпта жазатынымызға дейін сыдыртып тұр. «Сен Желтоқсанды жазатын інімсің ғой?» деп, маған кезек келгенде, бұрыннан білетіндей тіл қатып.
– Замандас боларсың, өзің не жазасың? – деп сұрады жасы үлкеніміз Дидахмет ағамыз іштартып.
– Мен қазір әдебиет тарихы, оның ішінде, Баян-Өлгейде тұратын қалың қазақтың сіздерге беймәлім бай әдебиетін зерттеп жүрмін. Осы сапарымда кандидаттық диссертациямды Алматыда қорғасам ба деп, соның жолымен ақылдасу үшін кеп қалдық.
– Е-е, жөн екен. Ақ жол болсын!
– Ағаларың зерттеушілігімен бірге үлкен ақын. Кезінде айтысқа да қатысып, жүлде алғаны бар, – деп сөзге араласқан Ғабиден серігін көтермелеп қойды. Қуанған аға ешкімді жатырқамайтындай, әлде атамекенге аяғы алғаш тиіп тұрғандағы сағыныш сезімі түрткі болды ма, әңгіме тиегін ағытты.
Сол жолы Моңғолиядағы қазақ зиялыларының көшбасындағы Ақыт қажы Үлімжіұлының есімін, оның «Ахуал-қиямет» атты насихат толғауы, бірнеше дастандары бар екенін Қуанғанның аузынан бірінші рет естідік. Кейін қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелген Жамлиха Шалұлы, Кəкей Жаңжұңұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Құрманхан Мұхамадиұлы, Жүкел Қамайұлы сияқты үлкенді-кішілі қаламгерлердің де көп екенін, олардың бәрі атамекенге елеңдеп, құйысқандары көтеріліп отырғанын білдік. Қазақстанға қарай бет бұрған мыңдаған қандастарымызға жол ашқан ұлы көштің бастауында сол кезде Қуанған Жұмаханов сияқты ақын-жазушылар тұрғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
Жалғыз ол емес, алыс-жақын шетелдерде елеңдеп, зарығып жүрген ондаған қандас қаламдастардың атамекенге көшіп келуіне, қатарға қосылуына, қызметке тұруына қол ұшын берген Ғабиден Құлахметтің еңбегі аз болған жоқ. Оның шапағатын көргендер реті келгенде айтып та жүр.
Ол Мәскеуден мүлде басқа Ғабиден боп оралды. Туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігі артып, барымызды екшеп, жоғымызды түгендеуге ден қойды. Ұлттық болмысымыздың еңсесін көтерудегі өлшеусіз қызметі қайраткерлік қабілетінің ашылуына алып келді. Ғабиден «Қазақ жастары және бизнес» бейресми орталығын құрып, ұлт мүддесін ұлықтау жолындағы бітіспес күреске шындап кірісіп кетті.
Біз көппіз. Тұтаспыз. Жөн білсең,
Біз жоқпыз, емінсең, бөлінсең.
Біз азбыз шындықтан шегінсең,
Біз бармыз, асқақ рух, өміршең!
Ел-жұрттың намысын қайрап, қоғамдық жұмыстағы алғашқы қадамын өзі тұратын «Айнабұлақ» ықшам ауданынан қазақ мектебін аштыру үшін қол жиыстырудан бастады. Тұрғындары он мыңға жетіп қалса да, бұл аудандағы мектептің бәрі орыс тілді болатын.
Бұл көрсеткіш – бір аудан емес, сол кездегі тұтас Алматыға ортақ көрініс еді. Қазақтың тілін, ділін тұқырту саясатының зардабы орасан зор болғаны соншалық, бір миллион халқы бар ел астанасында үш-ақ қазақ мектебі (оның екеуі мектеп-интернат) жұмыс істегенін бүгінгі ұрпақ ұмытып қалды. Ал соның алдында үш-ақ жыл бұрын, 1986 жылғы Ұлы Желтоқсанда негізгі ұран болған тақырыптың көкесі осы еді – Тәуелсіздік пен Ана тілдің тағдыры! Осыдан кейін, Ғабиден бастаған ынташыл топ, басқа да жазушы, журналистер, зиялылар жаппай қол жинау науқанына белсене қатыса бастадық. Сондай бір топтың алдында әйгілі сатирик, ақын Шона Смаханұлы жүрді. Соның нәтижесінде, «Айнабұлақта» бүгінгі Мағжан Жұмабаев атындағы қазақ орта мектебі ашылғанда, қуанбаған жан жоқ шығар! Ұлт жанашырларының айғай-шусыз тірлігімен қазақ мектебінің қарасы өсіп, қазіргі таңда 100-ден асты. Олардың қатарында Шона Смаханұлы аштырған, бүгінде өз есімі берілген орта мектеп те бар. Бұл шын мәнісіндегі, ұлттың мерейін өсірген үлкен жеңіс еді! (Өкінішке орай, ұшқындай жарқ еткен сол ұлттық жалын, күрескерлік рух бүгінгі ұрпақ бойынан көп байқала бермейді).
Қоғамдық саладағы азаматтық белсенділігімен жұрт назарына іліккен Ғабиден Құлахмет Алматы қалалық Кеңесінің депутаты, қалалық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы Сайраш Әбішеваның шақыруымен орынбасар болып сайланды. Жаңа қызметте жаңаша ойлар туындады. Енді үй аралап, көше кезудің уақыты өтіп бара жатқанын көңілге түйген Ғабиден қоғамды оятудың сыннан өткен демократиялық үрдістерін пайдалануды жөн көрді. Ана тілінің рухын көтеру мақсатында «Азамат» газетін шығаруды қолға алып, өзі Бас редакторлық міндетті атқарды. Жанына Тұрсын Смақов, Армиял Тасымбеков сияқты сөз ұстарлық қабілеті бар журналистерді тартты. Әрине, қоғамдық ұйымның аппаратын ұстау, газет шығару ісі оңайға соқпады. Уәде етілген қаржының арты сұйыла берді. Соған байланысты, ғұмыры қысқа болған газеттің ұжымы жалақысыз қалған кездері Ғабиден ауылдан қой-тоқты, картоп алдыртып, тығырықтан шыққан сәттеріне куә болған қаламдастар арамызда жүр.
*****
Бұдан кейін Ғабиден Құлахмет әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың “Қазақ әдебиеті тарихы” кафедрасының ғылыми тобында өнімді жұмыс істеп, ел арасында сақталған фольклорлық жыр-дастандарды, жәдігерлерді жинақтау мақсатында Ұлы Даланың біралай өңірлеріне ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Мысалы, 1991 жылы Аякөзге барған тіл-әдебиет факультетінің студенттерінен жасақталған зерттеушілер тобы 12 әдеби мұраның көзін тауып әкелді. Олардың арасында кеңестік жүйе қалыптастырған «Саяси талаптарға сәйкес емес» деген желбуаз тұжырыммен ауыз әдебиетінен сызылып қалған, «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін» шешендік сөз иелерінің, ақын-жыраулардың асыл мұралары (өлең, жыр, қисса, бата, тілек, мақал-мәтел, нақыл, қанатты сөз, жұмбақтар) бар еді. Сөйтіп, рухани жаңғырудың аясында өмірге келген «Қазақ фольклоры мен әдебиетінің тарихы» ғылыми тобы осы өңірдің қоғамдық-әдеби тарихи мұрасын жүйелі түрде зерттеуге ден қойды.
Соның бірінде, 1993 жылы қыс айында, ХІХ ғасырдағы біртуар сөз зергері Дулат Бабатайұлының шығармашылығын жаңғырту мақсатындағы сапарнамаға Ғабиден мені де қатысуға шақырды. Тау биігінен құлағандай жыр нөсерін сорғалатқан зар заман ақындарының көшбасында тұрған Дулаттың есімі «Бес ғасыр жырлайды» жинағында аталғанымен, жалпақ ел арасында тым көмескі естілетін. Оның басты себебі, орыс империясының шеңгелінде қалған атамекені мен ел тағдырын, басқыншылық әрекеттерді ашық айтқан жырларды кеңестік жүйе де жақтыра қоймады.
Өксігіңді ойласам,
Ұйқы беріп, қайғы алам,
Ел құлағы саңырау,
Кімге айтамын сөзімді?
Дулат сынды сорлыда
Ұйқы, тыныштық бола ма?
Дулат Бабатайұлы Аягөздің Сандықтас өңірінде дүниеге келген. Ақынның 190 жылдығына арналған ғылыми шаралар сол туған жерінде өтетін болып белгіленді. Экспедицияны белгілі әдебиетші, ғалым, сыншы, филология ғылымының докторы, ҚазМҰУ-дың профессоры, кафедра меңгерушісі Тұрсынбек Кәкішев бастап барды. Экспедиция құрамы да салмақты еді. Ғылыми ортада беделі зор, Дулат шығармашылығын жақсы білетін әдебиетші-зерттеушілер, ғылым докторлары Рәбиға Сыздықова, Дандай Ысқақов, Серік Негимов, жастардан айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков, жалпы жиыны он бестей адам бір апта бойы Аягөздің түтеген ақ боранына қарамай, ауылдарды аралап, жұртпен кездесу өткізіп, ел есінде сақталған аңыз-естеліктерді молынан жинақтап қайтты. Осыншама тірі академиктер мен профессорларды алғаш көрген біздің жақтың адамдары өз әсерлерін бертінге дейін ұмытпай, айтып жүрді. Жас ұрпаққа берер тағлымы мол, ғалымдарымен қоса айтыскер ақындары бар, әнші-термешілері бар өзгеше экспедиция туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде сол жылы жарияланған «Дүбірлеп қайта туды Дулат ақын» атты жолжазбамызда толық баяндап бергенбіз.
Бұл ұмытылмас сапар жайында 2003 жылы күзде, тағы да сол Аягөзде өткен Дулат Бабатайұлының 200 жылдық мерейтойында Рәбиға Сыздықова апамыз тебіреніп тұрып, толғана еске алды. Белгісіз себептермен ұлы жиынға қатыспаған Ғабиденді сұрастырып, келе алмағанына өкініш білдірді. Аягөз өлкесінің арғы-бергі тарихын шолып келіп, Қозы-Баян, Еңлік-Кебек жай тапқан, осы қасиетті өңірдегі атақты Дулат, Ақтамберді жырау, Қу дауысты Құттыбай сынды ақындардың, Қаракерей Қабанбай, Би Боранбай, Баймұрат, Шыңғожа, Қазымбет батырлардың, басқа да ұмыт болған көнекөз сөз зергерлерінің алтын көмбелерін зерттеуді тапсырып, ел азаматтарын осыған қолдау көрсетуге шақырды.
Осы ақ тілектің әсері болар, Ғабиден Құлахмет кейінірек «Аякөз ақындары» антологиясын жасауды қолға алып, есімі көпшілікке беймәлім ақын-жыраулардың есімдерін жүйелі түрде жарыққа шығара бастады. Ең алдымен, Арғанаты бөктеріндегі елге тізесін батырған озбыр болысты жазалаймын деп, 1906 жылы қаңтарда нақақтан абақтыға түскен Тобағұл Мұсабайұлының патша түрмесіндегі суретін іздеп тауып, «Сібірден жазылған өлең-хаттар» атты топтамасын жариялады. Соның бір шумағы төмендегідей:
Күлдір де, күлдір кісінеген,
Ауыздық шайнап есінеген,
Күреңге мінер ме екенбіз!
Кенеп жейде, көк шекпен,
Ырыстан деген өсектен,
Құтылып шығып далаға,
Құстай түлер ме екенбіз!
Сондай-ақ 1917 жылдың жазына қарай Лепсі уезінде құрылған тұңғыш қарулы қазақ жасағы – «Торыала атты Алаш полкы» туралы да жан-жақты зерттеулер жүргізіп, бірқатар танымдық мақалалар сериясын жазды. Өз мүддесін ғана ойлап, халыққа тізе батырған Уақытша үкіметтің әккі саясатын әшкерелеп, елді көтерген ұлт көсемдерін іздестірді. «Торыала атты Алаш полкын» құруда белсенділік танытқан айтулы күрескер, орақ тілді шешен Балтабек қажы Байсұлтанұлы, сарбаз жинап, көмек көрсеткен Меңдеке елінің старшыны Жақыпбек Бекбайұлы сияқты ондаған тұлғаның санқилы өмірі туралы шындықтардың беті ашылды.
Бұл тараптағы бір жазбасында Ғабиден Құлахмет аспандағы аққуға үнін қосқан әнші Әсет Найманбайұлының «Жүзағаш» бекетінде осы қосынның құрамында сарбаздар қабылдау комиссиясына мүше болғанын айта отырып, ел сөзін сөйлеген ақынның бұлтақсыз көзқарасы аққа да, қызылға да неге жақпағанын көрсетеді. «Арқалы ақын Әсет Найманбайұлының шығармаларына деген салқын көзқарастың түп төркіні, Әсет ақынның «Торыала атты Алаш полкіне» сарбаз жинаған комиссияның мүшесі болғандығынан шықпап па еді?» деп, кеңестік жүйенің құйтұрқы былықтарын ашып, тың пікір білдіреді.
*****
Тәуелсіздіктен кейінгі елең-алаң кезеңде, іргесі ашық-шашық қалған елдің бүйірінен тиген нарықтың заңы баршаның санасын сансыратып жіберді. Жаңа заман туғызған нарықтық ауыртпалықтар экономиканы ғана емес, мәдениетті де, шығармашылық ұйымдар мен өнер бірлестіктерін де тұралатып тастады.
Міне, осы өтпелі кезеңде, 1996 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің ұсынысымен Ғабиден Құлахмет басқарма төрағасының орынбасары болып жауапты қызметке кірісті. Жаңа команда келген кездегі қаламгерлер ұйымының, Одақтың аянышты мүшкіл халі туралы баспасөзде аз жазылған жоқ. Оған көп сөз шығындамайын. Негізгі айтайын дегенім – сот пен оттың арасында жүгіріп жүріп, көлденең көк аттының құзырына өтіп кеткен Одақ ғимаратын, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен дүние-мүлкін қайтаруда Ғабиденнің жұмсаған күш-қайраты бөлек еді. Оған ешкімнің дауы болмас. Жоқ пен барды түгендеп, істің басын бері қаратқан жаңа басшылық тыңнан тағы бір істі бастауға тәуекелге барды. Алматы қаласының сол кездегі әкімінің қолдауымен «Барахолкадан» едәуір көлемде жер теліміне ие болды. Соның көмегімен жазушылар ұйымының күнделікті тіршілігіндегі керек-жарағын айырып отыру мақсатында «Аягөз» базарын ашуға қалталы кәсіпкерлерді тартты. Керегесі сықырлап, іргесі шайқалған шығармашылық Одақ еңсесін тіктеді, қатарға қосылды. Алайда Ғабиден сынды арда азаматтың жар құлағы жастыққа тимей жүгірген есіл еңбегі, төккен тері әріптестерінің тарапынан дұрыс бағаланбағаны өкінішті. Аралық құрылтайда тізгінге таласқан әртүрлі ымыралас топтардың ешқайсысына қажеті болмай, ол қызметтен шеттетілді.
Иә, солай, қатал тағдыр кейде біреулер үшін тым әділетсіздік танытады. Қаламдастар ортасынан көңілі қалған даланың өр перзенті қаладағы істің бәрін тәрк етіп, туған жердің төсіне қайтып оралды. Өзі зерттеген «Торыала атты Алаш полкының» сарбаздары атой салған Жүзағаш өлкесінің бойындағы Ерденбек базында жеке шаруашылық қожалығын ашты. Шынында да, атакәсіпті жаңаша жаңғыртқан бұл ортада ол бәріне өзі би, өзі қожа еді. Сөйтсе де, тумысынан пенделік мінезден ада Ғабиден астамшылыққа бармады. Қарамағындағыларға кішіпейіл болды. Көмек сұраған ағайындарды қанатының астына алды, жұмыс берді. Қабылахмет Жылқышиев, Бөкен Нағасбеков, Жексенбай Шөңкин сияқты сенімді кластастарын тартып, шаруашылыққа жұмылдырды. Өзі емін-еркін шығармашылықпен шұғылдануға мүмкіндік алды. Тынысы кеңіді. Бұл жайында сол жарқын істің бір куәсі болған бауыры, белгілі ұстаз, Көлденең мектебінің директоры Кенжебай Мәйкенің естелігінен үзінді ұсынайын.
– 2003 жылдың шілде айының 30-ы күні Тарбағатай бауырындағы «Көлденең» ауылынан сол уақыттағы ауыл әкімі Болат ағаменен бірге, Ғабеңе сәлем бере барғанымыз әлі көз алдымда. Қарақол бойындағы фазендасына барғанымызда, қайнап жатқан тіршіліктің үстінен шықтық. Өзенді бойлап үйездеп тұрған жылқы үйірі, Утөбеге қарай жамырай жайылып бара жатқан ақтылы қой отары, фазенданы айнала дүркіреген күркетауық пен тауық жыртылып айырылады. Ғабаң кейіннен өзіне арнап салдырған үйде отыр екен. Сәлем беріп кіріп барғанымызда, құшағын ашып, бауырына тартып: «Кенжебайым келді ғой, мал алдыртып бата жасатыңдар, мал келгенше қазан көтеріңдер, қазан қайнағанша қымыз әкеліңдер» дегенінде, қазақтың керемет бір қонақжайлылығының ертедегі көрінісіндей әсер қалдырып еді», – дейді.
Иә, өмірде де, өлеңде де тек тазалықты, адалдықты ұнататын Ғабиден бірдеңені сезгендей, қалған өлшеулі ғұмырында қаламмен ғана жолдас болды. Әдеби ортадан жырақта, үйірінен адасқан көкжалдай, өзі таңдаған шығармашылық азабын бір өзі тартты. Ой азабы, жан азабының емін халық мұрасынан іздеді. Ежелгі жыр бұлақтарының қайнарынан сусындады. Тау-таспен тілдесті, тал-қайыңдармен сырласты. Бойына жинаған бар байлығын туған елінің рухани қазынасына қосу үшін жаза берді, жаза берді…
Ойланумен өтті осында әр күнім,
Халқы барда қашан ұмыт қалды, кім?
Ең соңғы демі үзілер сәтте де, ғасырлар белесінде ұмыт қалған қазақтың бір батыр бағыланын тірілтпек болған қолжазбасы жанынан табылды. «Шейіт» атты тақырыппен жарияланған, сотсыз, тергеусіз, үштіктің үкімімен атылып кеткен дала рыцары Балтабек қажы Байсұлтанұлы туралы «Жас Алаш» газетіндегі бұл соңғы мақаласын өзі оқыды ма, жоқ па, белгісіз… (22 тамыз 2006 жыл). Білетініміз бір ғана ақиқат – жазу үстелінде жарық дүниемен кенеттен қоштасқаны.
Қыс қандай әсем еді, қара, далам,
Бір арман-ақ боз жеккен шана маған.
Ағызып жұлдыздайын
Дүниенің
Не жетсін күніне бір аралаған… – деген арманшыл, сыршыл ақынның өмірге, өлеңге құштар жүрегі оттан да ыстық қаламның қуатына шыдамай, өзі табиғатта ерекше ұнататын ақұлпа қарға да жете алмай, тамыздың соңғы бір кешінде сыр берді.
*****
Кез-келген қазақтың баласы ұлан-ғайыр Ұлы Даламыздағы жұлдыздай шашыраған көп ауылды біле бермесе де, Аягөз өзенінің бойына қонақтаған әппақ шағаладай осы бір Таңсық ауылын білсе керек деп ойлаймын.
Жол түсіп, ұрпақ, Таңсыққа барсаң тегінде,
Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген.
Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде,
Бабаларыңның махаббаттары көмілген… – деп Мұқағали Мақатаевтың ізі мен сөзі қалған сол ауылға өткен жылы барудың сәті түсті. Мені қарсы алып, жол көрсетіп жүрген Сәбит Разақов деген кәсіпкер інім: – Аға, біз сізге мектеп түлектерінің жасаған «Махаббат аллеясын» көрсетейік, – деді бір бұрылыста.
Машина шағындау шарбақпен қоршалған әдемі, жасыл бақтың жанына келіп тоқтады. Бесіктегі кездерінен Қозы мен Баянның жырын тыңдап өскен тарлаулылық өрендердің туған жеріне деген ізгі сезімінің белгісіндей, үкілеп орнатқан аққуы, гүлзар бақтың көркі шынында да көзтартарлық екен.
Ертеректе, 1995 жылы осы ауылдың күйеу баласы Ғабиден Құлахметпен бірге қонаққа келгенімде, бұл аллея жоқ еді. Сонда, оның «Таңсық» деген өлеңін оқығаны есіме түсті. Қасымдағы серіктеріме сол оқиғаны айтып, сол өлеңді оқып бердім:
Көшеңмен көп жүрмедім,
Ақ қар жауған түніңде аяулы ән сап.
Хаттарындай Сәуленің мөлдір ме едің,
Махаббаттар ең алғаш оянған сәт…
– О-о, керемет өлең екен! Ғабиден ағаны жақсы білеміз ғой. Біздің үйде бірнеше рет болған. Білесіз бе, ол кісінің есімін менің Ыразыбек атам қойған, – деді Сәбит шын қуанып.
– Солай ма? Атаң осыдан жүз шақырым жердегі Шолпанға қалай тап болып жүр?
– Баяғыда, 1955 жылы біздің атамыз Шолпан кеңшарына жолдамамен барып, Ойтас деген фермасында қызмет жасаған екен. Ғабиденнің әкесі Садық мұғаліммен бұрыннан таныс, әрі жерлес, әрі құрдас болған. Соны ескерген болар, осы перзенті туғанда Сәкең замандасы Ыразыбек атамды құрметтеп шақыртып, балаға ат қою рәсімін ұсыныпты. «Сәбидің есімін Зейнел-Ғабиден қойдым» деп, отырушы еді жарықтық.
– Иә, ып-ырас. Ғабаңның шын есімі Зейнел-Ғабиден болатын.
Екі әженің, екі ананың таласы ем,
Кешіре гөр, шынымды айтсам, аға сен.
Он ұлы бар Жошы емес, Садықтың
Қырыққа кеп, жылап көрген баласы ем, – дейтін өлеңі де бар болатын. Ес біліп, етек жапқанға дейін атасы Жошының бауырында тәрбиеленгенін, оны мәңгілік ұмытпайтындығын, қадірлейтінін, бірақ өмір шындығынан аса алмайтынын меңзеп отыр ғой.
Ал, Таңсық ауылы Ғабиденнің тағдырында ерекше орын алатын қастерлі мекен екені рас. Ол осында өз сүйіктісін, ғашығын, болашақ жары Светаны жолықтырды. Сағынышпы жырларын арнады.
Жеткізгенде аққу дауысын желдің,
Толқындай билеп, алып-ұшып едім.
Сары алтын жолда сағыммен ойнап,
Сарғайып күтті-ау сағынышым менің…
Қайталанбас, қусаң да жеткізбейтін жастық белесіндегі аңсарлы сәттер. Мұны бастан кешірмеген, шын ғашық бола білмеген жаннан ешқашан ізгілік, махаббат, сағыныш жырлары тумайды. Ақынға жар болғысы келген ақ жаулық иесі, қалам ұстаған жанның бойындағы осы бір нәзіктікті жан-дүниесімен түйсіне алғанда ғана, жар жүрегіне жол таба алады.
Кәусар көңіл, күндер-ай, тымық, тұнық!
Қайда сені қалдырдық ұмыт қылып.
Адалдықты кей-кейде елемейміз,
Сүйген жардың пәктігін сүйіп тұрып…
Жыр арнаған сұлулары көп болғанымен, Ғабиденнің маңдайына бұйырған (бәлкім керісінше), сұлулардың арасынан бақ жұлдызы жанып, Светаға бұйырған – екеуінің дара да, мөлдір сезімдері болар. Оны Ғабиденнің өзінен артық түсініп, өзінен асыра ешкім жырлаған емес.
*****
Тірі болғанда көрнекті ақын, жазушы Ғабиден Құлахмет биыл 65 жасқа толар еді. Амал не, тағдырдың жазуынан аса алмайсың. Бар-жоғы елу жыл ғұмыр сүрген ақынның өзі тұрған үйге жуырда Алматы қалалық әкімдігінің шешімімен ескерткіш тақта ілінді. Елдегі төтенше жағдайларға байланысты жұртты жинауға пәрмен берілмеді. Фәни дүниеде “үйір іздеген көкжалдай” елден саяқ жүрген тұлғаның бақидағы ғұмыры да тылсымға толы сияқты көрінді.
Қайым-Мұнар Табеев,
журналист-жазушы,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі