РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Сұлу сөз, көркем ойдың кемеңгері

 Мейрамтай Иманғали

«Сұлу сөз, көркем ойдың кемеңгері». Өскеменде осындай атпен 8-10 сынып оқушылары арасында Қазақстанның Халық жазушысы, М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың, Абай атындағы  Мемлекеттік сыйлықтың және «Парасат» орденінің иегері Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығына арналған аймақтық байқау болып өтті. Жазушының өмірі мен шығармашылығын, әдебиет әлеміне қосқан рухани мол мұрасын зерттеу, ел арасынан әдебиетке бейімі бар дарынды жастарды айқындап, оларға қолдау көрсету, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру мақсатында өткен байқауға Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарының барлық аудан мен қала мектептерінен дарынды оқушылар қатысты.  

Байқау «Тарих тудырған талант» және «Қ.Жұмаділов – қазақтың көркем сөзіне, әсіресе тарихи жанрына елеулі үлес қосқан жазушы» атты  екі номинация бойынша өтті. Алғашқы номинация бойынша оқушылар Қ.Жұмаділовтің тарих, мәдениет, елінің азаттығы, туған жерге деген сағынышы мен махаббаты туралы эссе жазса, «Қ.Жұмаділов – қазақтың көркем сөзіне, әсіресе тарихи жанрына елеулі үлес қосқан жазушы» атты екінші номинация бойынша оқушылар жазушының шығармаларынан үзіндіні нақышына келтіріп, мәнерлеп оқудан сайысқа түсті.

Бір атап айтарлығы, талантты оқушыларға қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған – Асқар Жакулин атындағы және Қабдеш Жұмаділов қорлары.

Сондай-ақ жазушының ұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Қабдешұлы Жұмаділ байқауға қатысушылармен кездесіп,  әсерлі сұхбат болды. Оқушылар Арман Қабдешұлына жазушының шығармашылығы, ғибратты өмірі туралы сан түрлі сұрақтар қойып, қызықты жауаптар алды.

    Кездесу барысында Арман Қабдешұлы оқушыларға алдымен уақыт, оның қадірі туралы түсіндіруге тырысты.

Уақыт ешқашан тоқтамайды, аялдамайды, ешкімді күтпейді. Уақытында оқып, жазып, істеп үлгермесең, өміріңнің зая кеткені. Уақытты дұрыстап, ұқыпты пайдалансаң, оның берері көп. Ал біз қайтеміз?  Тик-токқа кіріп кетеміз де, одан үш сағатсыз шықпаймыз. Уақытымыздың қалай зая кеткенін білмей қаламыз.

Ертең кітап оқыған адам бүгін телефонда телміріп отырған адамды басқаратын болады. Ол заңдылық. Адамдар неғұрлым надан болса, соғұрлым билікке жақсы. Ал кітап оқыған адамның санасы ашылады, оң-солын таниды, деді Арман Қабдешұлы. Сондай-ақ ол  әкесі туралы да естеліктің тиегін ағытты.

Қоғамдық өмірде әкеміздің орны да, сөзі де бар.  Әкем – төрт өкіметті, екі империяны, яғни Қытай империясы мен Кеңес империясын көрген адам. Ол небары 26 жасында шекара бұзып, өзімен бірге 200 мың халықты көшіріп, тарихи отанына алып келді. Бұл тарихтың барлығы еңбектерінде жазылған. Бүгінде  өзінің көзі жоқ болса да, еңбегі еленіп жатыр, деген Арман Жұмаділ осынау байқауды өткізуге  ұйытқы болған өңірлік «Дарын» орталығына, Асқар Жакулин атындағы қор өкілдеріне үлкен алғысын білдірді.   

Жалпы, құдай адамға бір-ақ өмір береді. Бірақ сол бір өмірдің өзінде Қабдеш Жұмаділовтің басынан не өтпеді? «Таңғажайып дүние» деген романында жазушы барлығын ашып жазған.  Құдай жазушыны бір миссиясы үшін сақтаған секілді. Қаншама азапты, қаншама күресті бастан өткерген жазушы  жазатынын жазып, айтатынын батыл айтты. Қабдеш Жұмаділовті нағыз бұрынғы қазақ билерінің, қазақ жырауларының рухы қонған кісі деп айтуға болады. Арман Қабдешұлы оқушыларға айына тым болмаса бір көркем шығарма оқуға кеңес берді. Тек Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларын ғана емес, басқа жазушыларды да оқу керек.

Кейде  «Осы мен әкемнің атына лайықпын ба?» деп өзіме де сын көзбен қараймын, дейді Арман Қабдешұлы. – Жазушы болмасам да, мен де тарихшымын. Жоғары оқу орнының студенттеріне тарихты оқытамыз. Университетті бітіріп, диплом қорғайтын кезде әкеммен ақылдастым. Өзгелер Коммунистік партиялардың шешімдері мен қаулыларын  диплом тақырыбы етіп бекітіп жатты. Ал әкем маған «Қазақ-қытай қарым-қатынасы» тақырыбын ал деп кеңес берді. Сөйтсем, сол кезде әкем «Тағдыр» романын жазуға кіріскен екен ғой. Ал 1989 жылы «Тағдыр» атты романы жарыққа  шықты. Бұл басты кейіпкер Демежанның тағдыры туралы ғана емес, екіге бөлініп қалған қазақ елінің тағдыры туралы еңбек. Ең алғаш рет арғы бетте қазақ дейтін халықтың бар екенін айтқан менің әкем Қабдеш Жұмаділов болатын, деді Арман Жұмаділ.

Айтуынша, 1990 жылдары республикалық басылым бетінде 1932 жылдары Қазақстанда орын алған аштық мәселесі талқыланып жатады. Сонда ұзақ жылдар сыртқы істер минстрлігінде лауазымды қызмет атқарған бір адам  «Қазақтар Қытайға қашпағанда аштық болмас еді, өйткені олар бүкіл малды айдап қашып кетті. Елдегі қазақтар малсыз қалды» деген пікір айтқан көрінеді. Ал ол кезде шекарадан мал тұрмақ, тышқан өте алмайтын.   

Осы кездесуде Арман Қабдешұлы арғы бетке қазақтар қашан қоныстанды деген мәселеге де тоқталып, оқушыларға кеңінен әңгімелеп берді. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Ресей мен Қытай империялары шекараны бөліседі. Шекараны бөлген кезде ұлттың тағдыры да екіге бөлініп кетеді. Бірі Ресей, екіншісі Қытай империясы жағында қалып қояды. Бұл дегеніңіз, әрине, трагедия екені сөзсіз.  Бірақ бір жамандықтың бір жақсылығы бар дегендей, мұның да қайыры болды. 1916 жылғы көтеріліс кезінде патшаның жазалаушы әскерінен қашқан қазақтар Қытайдағы өзінің ағайындарын барып паналайды. Сондай-ақ 1932-1933 жылдардағы аштық кезінде де жергілікті қазақтарды Қытайдағы ағайыны сақтап қалады. Тегінде дана қазақ «Не болса да артының қайырын берсін» деп  бекер айтпаса керек.   1958 жылы Қытай мен Кеңес одағының арасындағы қарым-қатынас нашарлап кетеді. Сол кезде Қытай тарапы Кеңес одағында оқып жүрген студенттерді кері шақырып алады. Университеттің филология факультетінде оқып жүрген Қабдеш Жұмаділов Мұқтар Әуезовпен қоштасуға барады. Әрине, ойында мүмкін үлкен кісінің шапағаты тиіп алып қалар ма екен деген үміті де жоқ емес. Сонда Мұқаң: «Сабыр ет. Жазушы болған соң, сенің басыңнан шым-шытырман оқиға өтуі керек. Кейде мүмкін тағдырың қыл үстінде тұратын шығар. Не болса да, бұл сенің болашақ шығармаларыңа арқау болатын дүниелер», деген екен. Шынында да, Қабдеш Жұмаділов кейін елге оралғанда өзімен бірге қаншама тақырып алып келеді.  Әр шығармасында ұлт,  жер, ар-намыс мәселесі көтеріледі.   

1955 жылы  Қытайдан Қазақстанға  100 мың, ал 1967 жылы Қабдеш Жұмаділовтің бастауымен 200 мыңнан астам қандас Шәуешектен Қазақстанға қоныс аударған екен. Шеттен келген қандастармен бірге қазақтың салт-дәстүрі, әдебиеті, ұлттық мәдениеті бірге келеді. Бұл кезде кеңестік қазақтардың орыстанғаны сонша, өлген адамға жаназа шығаруды да қойған еді.  

Тағы бір сөзінде Арман Қабдешұлы қазіргі таңда батыстық дүниетанымның дендеп бара жатқанын айтты. «Өзің үшін өмір сүр, өзіңді жақсы көр» дейтін коучтар қаптап кетті. Қазақтың дәстүрлі салт-дәстүрі өзгеріске түсіп, ұлттық тәрбие теңселе бастады. Қазақтың «обал-сауап, біреудің ала жібін аттама, бата ал» дейтін  тәрбиесі қазір жоқ. Осы тәрбиені қайтадан жаңғырту керек. Негізгі ұлттық тәрбие қазақтың құндылықтарына негізделуі тиіс. Оны білу үшін де кітап оқуымыз керек.

Қайбір жылы Буштың інісі келіп, «неге бастауыш сыныптарды комикспен оқытпайсыздар?» деп ақыл үйретті. Айтқаны, мүмкін, дұрыс шығар.  Бірақ оған үлкен дайындық керек. Оған ұлттық тақырыптар енгізу керек. Тағы да қазақты толеранттылыққа үйретейік деп қояды. Құдайға ұнаған ісіміз, құдайға жаққан мінезіміз болса, ол – шыдамдылық. Соғыс жылдары үсті-үстімізге неше түрлі ұлтты төкті ғой. Қазақ  ешқайсысын кеудесінен итерген жоқ. Бүтін бидайын бөліп, жарты бидайын жарып берді. Жалпы, біз қандай мемлекетпіз? Зайырлы мемлекетпіз. Аузын айға білеген Америка да зайырлы мемлекет. Бірақ қараңызшы, Американың Президенті не дейді? Конгрессмен не дейді? Тіпті губернаторына дейін өзінің баяндамасын қалай аяқтайды? «Боже храни Америку» дейді. «Иә, тәңірім Америкаға жар бол!» дейді. Құдайды аузына алады. Ал біз отыз жылда қаншама мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Біреу «Құдай қаласа» деп айтты ма? – деген Арман Қабдешұлы қазір дүниенің дидарының өзгеріп жатқанын, бүгінгі оқушының темірқазығы – көркем әдебиет пен тарихи сана болу керегін ерекше атап айта келіп, оқушылардың сауалдарына жауап берді.

Сөйтіп, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің залында салтанатты түрде байқаудың жабылу рәсімі өтіп, байқаудың екі номинациясының қорытындысы бойынша І дәрежелі дипломмен 11, ІІ дәрежелі дипломмен 15,  ІІІ дәрежелі дипломмен 19 оқушы марапатталды. Жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сертификаттар, Қабдеш Жұмаділовтің әдеби кітаптары табыс етілді.

Осы айдарда

Back to top button