РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Кітап – мәдениеттің мәйегі

Назгүл Амантайқызы

Облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы «KitapTime-2022» жалпыреспубликалық фестиваліне қатысты.

Бұл фестиваль Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен жыл сайын барлық өңірде ұйымдастырылатыны белгілі. Қоғамда кітап оқу мәдениетінің қалыптасуына ықпал ету, әдебиетті насихаттау бұл іс-шараның негізгі мақсаты деуге болады.

Арнаулы кітапхананың қызметкерлері «KitapTime-2022» аясында облыс орталығындағы №35 мектепте «Мәдениеттің мәйегі – кітап» атты интеллектуалды ойын ұйымдастырды. «Әуелі қазылар алқасы таныстырылды. Содан кейін ойыншылар даналықтың эмблемасы саналатын үкі суреті салынған фишкаларды таңдау арқылы екі топқа бөлінді. Ойын кезеңдерімен танысқан топтар қойылған сұрақтарға жедел жауап берді. Сол арқылы қатысушылар кітапқа, тіл біліміне қатысты мол мағлұмат алып, логикалық ойлау қабілеттерін шыңдады. Оқушылардың интеллектуалды білімі мен шапшаңдығы сыналған бұл сайыс өте қызықты әрі тартысты өтті. Сайыс соңында көп ұпай иеленген топ жеңімпаз атанып, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары тартылды», – дейді кітапханашылар.

Мектеп әкімшілігіне облыстық арнаулы кітапхананың Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ іс-шараны  ұйымдастырушылар оқушыларға кітапхана қорына келіп түскен жаңа кітаптарды таныстырып, қысқаша шолу да жасады. Оған қоса жасөспірімдер кітапхананың тифлокеңістігінде орналасқан Л.Брайльдің бедерлі-нүктелі қарпімен танысты.

Осы айдарда

Back to top button