РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҰлттық рухани жаңғыру

Тарих тасасында қалған Бошқын батыр

Қазақ даласының тарихтан сыр шертетін ашылмаған жұмбағы қаншама?! Жер атауларының өзі талай-талай аңыздар мен әңгімелерге арқау. Есімі жалпақ жұртқа мәшһүр болған батырларымыз жетерлік, алайда дәл сондай деңгейде ерлік жасап, насихатының кемшіндігінен, көп айтылмауынан тарихтың тасасында қалған баһадүрлеріміз аз емес. Жаугершілік заманда қар құрсанып, мұз жастанған ерлеріміздің бірі Тәуке елінің мақтанышы Байжігіт ұрпағы Бошқын батыр болатын.

Жалпы, биыл Қаракерей Қабанбай батырға 330 жыл толып отыр. Қазақ елінің тарихында құба қалмақ шапқыншылығы ерекше айтылады. Осы кезеңде Тарбағатай жерінде Шорға шайқасы, Маңырақ, Сауыр-Сайқан оқиғалары болғаны көпке мәлім. Ал мақаламызға арқау болып отырған Бошқын батыр туралы деректер Орыс географиялық қоғамының жазбаларында кездеседі.

Өлкетану кітабында Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының батыс жағында  «Әмірсана қамалы» деп аталатын ескі қамал орны бар. 1670 жылы тұрғызылған бекініс қалмақтардың негізгі тірегі болған екен. 1760 жылы Қабанбай, Дәулетбай, Бошқын батырлар бастаған сарбаздар шабуылға шығып, бекіністі талқандаған. Сонда мыңдаған қазақ жасағына қарсы тұра алмаған қалмақтар бекініске бас сауғалай тығылған деседі. Соған қарамастан қазақ жауынгерлері бекіністі қоршап, қиратып, жаудың көзін жойып жіберіпті.

«1770 жылдан бастап бұл жер қазақтарға тиесілі болды» деп жазылған деректерде. Бошқын батыр туралы ел аузында біршама дерек сақталған. Ауылымыздың тумасы, шежіре таратушы Ұғыламқадыр Жазыбайұлы айтып кеткен деректер бойынша, Бошқын батырға Шерімбай тоғамының суын тарту еткен. Батыр Алтай өңіріне қалмақтардың шабуылдары кезінде тойтарыс беріп, Байжігіт руларының қолын бастап барыпты. Бошқын батырдың өмірге болжамды түс көретін қасиеті де болған екен. Батырдың зираты Ақжар аймағынан 25 шақырым жерде, Қабанбай ауылдық округінде орналасқан. Зират көлемді етіп жасалған, тастақты, дөңесті жерде, саман кірпіштен салынған. Мазардың орнын анықтауға ағамыз Нұрахмет Зиябекұлы көрсеткен карталарды  пайдаланып, ақсақалдардың айтқанымен Сайлаубек Мұхамадиев, Сымбат Хасенов, Жапар Ғафуров, Зәмзә Жүкейханова сынды батыр руластары атсалысып,  бірге анықтап көріп қайттық.

Бошқын батыр туралы Қабдолда қажы атамыз жазған «Ұлы хаттан ұлағат» атты кітабында біршама дерек келтірілген. Батырдың ұрпағы, Қабанбай ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Ерғалиев ағамыз да Бошқын батыр шежіресіне толықтырулар жасап, мәліметтер беріп, айтулы көмек жасады.

Тарбағатай жері – Қаракерей Қабанбай батырдың ат тұяғының ізі қалған қасиетті мекен. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ елінде берік батырлар институты қалыптасты. Ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, елді күреске бастаған батырлар туған жеріміздің тұтастығын сақтап қалды. Қазақ даласының шығысында туып-өскен Қаракерей Қабанбай, Саты Дәулетбай, Ер Қосай сынды жаужүрек баһадүрлер есімі елге танымал. Осы батырлар ізін жалғаушы Бошқын батырдың тарихтағы рөлі айшықталып, толыққанды зерттелмей отыр.

Осы дүние бір жүйеге келтіріліп, кәнігі тарихшыларымыздың қаламына, ізденісіне арқау болса дейміз. Бабалар ерлігін жас ұрпаққа насихаттап, санасына сіңіру арқылы ғана мықты ел боламыз. Әрбір азаматтың туған елі мен жеріне деген патриоттық сезімі Бошқын батыр сынды айтулы тұлғаларымен астасып жатуы тиіс.

 Ердос Садықов,

К.Төгісов атындағы орта мектептің

тарих пәні мұғалімі

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button