Журналистік зерттеу

«WhatsApp» арқылы бақыт «сыйлағыштар» көбейді

«WhatsApp» арқылы бақыт «сыйлағыштар» көбейді

«Бұл хатты соңына дейін оқып шығып, өзің білетін он адамға тарат. Нәтижесін он күннен кейін көресің. Сенен асқан бақытты адам болмайды. Ал егер таратпасаң, қайғы-қасірет шегіп, бақытсыздыққа ұшырайсың…» деген ауандағы адамның психологиясына кері әсер ететін смс-хабарламалар «WhatsApp» арқылы еркін таратылып жүр қазір. Түп-тұқияны беймәлім бұл хаттар бәзбіреулердің күлкісін келтірсе, енді біреулердің зәресін алуда.

Түнделетіп келген хат

«WhatsApp» арқылы бақыт «сыйлағыштар» көбейді

Шырт ұйқыда жатқан мені үстел үстінде безілдеп қоя берген смартфоным оятты. «Түн жарымда қой күзеткен кім болды екен?» деген оймен қалта телефонға селқос қол создым. Ескі танысымнан смс-хабарлама келіпті. Әлқиссасы «Срочно!!!» деп басталған жазбаны көргенде ұйқылы-ояу қалпымнан тез ширап, көз жүгірте бастадым. Орысша жазылыпты. Бастапқыда «бұған бірдеңе болып қалды ма?» деген үрей түйсігімнің түбінде сумаң еткені рас. Бірақ оқи келе әлгі «срочно» бейтаныс біреудің басына түскен қасіретті жағдайға қатысты екенін және хат кейіпкері өзінің ауруханада хал үстінде жатқан баласына көмектесуді өтінгенін ұқтым. Қысқаша айтқанда, он жасар баланың миында ісік пайда болыпты. Дереу ота жасату керек. Қаны үшінші топқа жататын донор керек. Қанды сатып алуға науқастың ата-анасында ақша жоқ. Отбасыға «Epuls» пен «Onet» (бұл екеуінің кім немесе не екені артынан анықталды) қол ұшын беруге келісіпті. Тек бір шарты бар. Ол – аталған хатты мейлінше көп адамға тарату. Таратылған әрбір үш хат үшін сырқат баланың есепшотына 32 цент қаражат аударылады. Жазбаның соңы: «Бұл хатты байланыстағы барлық адамдарға таратыңыз! Алла үшін мұны назардан тыс қалдырмаңыз!..» деген сияқты адамның ет бауырын елжіретіп, кәдімгідей ойға жетелейтін сөздермен түйінделіпті. Ұйқым шайдай ашылды…
Түнделетіп келген хаттың жайы ертеңінде, одан кейін де ара-тұра ойға орала берді. Жо-жоқ, жазбаны бірнеше танысыма жіберуін жіберіп қойғам. Менікі «баланың тағдыры не болды екен?» деген ғой. Содан тәуекел деп смс-хабарламадағы «Epuls» және «Onet» дейтін «қайырымдыларға» іздеу салдық. Ең бірінші интернетке бас сұқтық. Ыбырай атам айтпақшы: «Тілегенім алдымнан іздемей-ақ табылды». «Epuls» пен «Onet» дейтін екеу ғаламтордың құдды бір «жұлдыздары» сияқты. Бұлар туралы небір қисса, дастандар жазылыпты интернетте. Олардың біршамасын оқи келе, әлгі екеуі ешқандай да қайырымдылық жасаушылар емес, керісінше алаяқтық мақсаттағы спамдар екеніне көз жетті.
– Бұл спам компаниялардың әрекеті болуы мүмкін. Көпшілік спам компаниялар спам-хабарламалар тарату арқылы пайда табады. Сол секілді мұның астарында алаяқтық мақсат та болуы ықтимал. Өйткені, осындай мағынада жолданған хаттардың басым көпшілігі алаяқтыққа құрылған. Хаттың қайдан шыққанын білу қарапайым адамдар үшін қиын, әрине. Дейтұрғанмен, құзырлы органдар оның түп-төркінін нақты анықтай алады. Айталық, жақында елді мекенді топан су басқаны туралы бейнежазбаны «WhatsApp-қа» салып, бірінші таратқан адам анықталып, жауапқа тартылды. Сондықтан түсініксіз смс-хабарламалар келсе, басқаларға таратпай, дереу өшіріп тастаған дұрыс, – дейді IT маманы Рауан Мұхаметкәрімов.
Сөйтсек, спам-хаттардың түр-түрі болады екен. Сұрастыра келе, бірсыпыра адамнан қалта телефондарына «WhatsApp» арқылы біреуге көмек көрсетуді сұраған, Жаратқаннан дұға тілеуді өтінген, дінді насихаттауды бұйырған сан алуан мазмұнда смс-хабарламалар келетінін білдік. Мәселен, өскемендік Абзал Рақымның телефонына «Бақытты өмірдің 15 ережесі» атты шариғи түсінік-ережелермен тұздықталған жазба келіп түссе, ұландық Дәурен Ермекұлының смартфонына сонау Сауд Арабиясынан Шейх Ахмет дейтін дөкей орысша смс жолдапты-міс. Бір қызығы смс-хаттардың бәріне ортақ шарт – мейлінше адамдар арасында көптеп тарату. Жазбаларда Алланың аты аталып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріптері мысал етіліп тұрған соң, бұл туралы мешіт имамдарының ойын білуді жөн көрдік.
– Дінде зорлық жоқ. Әрбір адам дінді өзінің қалауымен қабылдайды. Сол себепті «мұны таратпасаң, бақытсыз боласың» немесе «қиындыққа ұшырайсың» деген сияқты үркіту-қорқытумен жұртты дінге шақыру исламға мүлдем жат. Бірден айтайын, «WhatsApp-та» таралып жүрген діни мазмұнға ие хаттарға Қазақстан діни басқармасының еш қатысы жоқ. Сондықтан ондай жалған наным-сенімдерге көңіл бөлудің де, оқудың да, таратудың да қажеті жоқ. Егер қандай да бір ислам діні туралы ақпарат керек болса, сұрақтарға жауап іздесе, діни басқарманың «muftyat.kz». «azan.kz», «muslim.kz» секілді сайттардан қарасын, мешіттегі имамдардың өздерінен сұрасын. Смс-хаттағы бос сөздерге сенбесін, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Ермек қажы Мұқатай.

Жалған ақпарат жарға жығады

«WhatsApp» арқылы бақыт «сыйлағыштар» көбейді

Өкіл имамның пікірін облыстық дін істері басқармасының діни ахуалды талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Арнагүл Омарбаева да құптап отыр. Маманның айтуынша, кейінгі кезде радикалды діни топтар үгіт-насихаттарын интернетті, оның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланып жүргізуге көшкен.
– «Мұндай хаттарды жазып, таратудағы мақсат әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, радикалды діни топтар өздерінің қатарына жамағат тарту үшін уағыз-насихаттарын ашық жүргізе алмауы себепті (заңмен тыйым салынған) әлеуметтік желілерді белсенді қолдана бастады. Оның қарапайым халыққа тигізген зардаптарын көріп отырмыз. Кейбір «хаттарда» ұлтаралық, дінаралық, әлеуметтік жан-жал туғызатын, билікке қарсы қоятын, тарихымызды теріс сипаттайтын белгілері бар. Сол себепті барлық пайдаланушылар өздері жазбаса да «сақтау және тарату» баптарымен жауапкершілікке тартылу мүмкін. Мен 10 адамға бұл хатты жіберсем бақытты боламын деген ұғым жасөспірімдердің психикасына теріс әсерін тигізеді. Ендеше исламды уағыздаған смс-хаттардың да бір ұшы осында болуы ғажап емес. Сол секілді ол хаттардың артында адамның аяушылық сезімін оятып, психологиялық әсер ету арқылы алаяқтық әрекет жасағысы келетіндердің болуы да ықтимал. Қалай дегенмен де жұртшылық қалта телефонына немесе электронды жеке поштасына келіп түскен беймағұлым хаттарға сақтықпен қарағаны дұрыс, – дейді Арнагүл Омарбаева.
Иә, мұндай смс-хаттардың қандай мақсатты көздейтінін дөп басып айту қиын, әрине. Бір анығы, алаяқтық болсын, радикалды діни топтардың теріс уағыз-насихаттары болсын, жауапкершіліктен жалтара алмайды. Облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Бақытжан Торғаевтың айтуынша, алаяқтық жасаған адамдар Қылмыстық Кодекстің 190-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни, бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлдан екі жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Ал енді алаяқтықтың ауыр түрлерін жасағандар үшін дүние-мүлкін тәркілей отырып, 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
– 2015 жылдың 1-қаңтарынан жаңа Қылмыстық Кодекс күшіне енген елімізде. Осы кодекстің 274-бабында көрінеу жалған ақпарат таратып, елді дүрліктірген тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Мұндай қылмысқа барған тұлғаларға қылмысының деңгейіне қарай бір мың АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан бір жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Ал егер ондай адамдар қауесетті ақпараттық коммуникациялар арқылы тарататын болса, онда бес мың АЕК көлемінде айыппұлдан бастап 2-5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі, – деп нақтылаған Бақытжан Торғаев жалған ақпарат таратушылар да жазадан қашып құтыла алмайтынын ескертті.
Құқық қорғау қызметкерінің пікірінше, ішкі істер органдары «WhatsApp» немесе өзге де әлеуметтік желілермен қауесет таратқан адамдарды еш қиындықсыз анықтай алады. Айталық, былтыр облыста екі мыңдай (2014 жылмен салыстырғанда 25 пайызға кем) алаяқтық қылмыс тіркеліп, оның 67 пайызы ашылған. Осылардың ішінде әлеуметтік желілерді пайдалана отырып жасалғандары да бар екен. Қылмыс жасағаны расталғандар тиісті жазасын алыпты.
P.S. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «WhatsApp» арқылы таратылған медициналық препараттарды қабылдағаннан кейін туындаған аллергиялық реакциядан балалар қайтыс болғаны туралы ақпарат жалған деп мәлімдеді.
Осыған орай, аталған министрлік ІІМ, Бас прокуратураға және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жалған ақпаратты таратудың жолын кесуге шара қолдану туралы хат жолдады.
Естеріңізге саламыз, 2015 жылғы 25-ақпаннан бастап елімізде «WhatsApp» арқылы «Медициналық препараттарды қабылдағаннан кейін туындаған аллергиялық реакциядан балалар қайтыс болды» деген мәлімет таратылған болатын.

Қызық дерек

• WhatsApp мессенджерін Yahoo! компаниясының бұрынғы қызметкерлері құрған;
• WhatsApp – маркетинг пен жарнамаға мүлде қаржы жұмсамаған әлемдегі жалғыз компания;
• WhatsApp қосымшасын Android, iOS, Nokia, Windows Phone және Black Berry платформаларында 32 тілде қолдануға болады;
Күн сайын әлемде WhatsApp арқылы 30 миллиард хабарлама жіберіледі;
• Күнделікті 200 миллион дыбыстық хабарламалар жіберіледі;
• WhatsApp мессенджерін әрбір қолданушы орташа есеппен аптасына 195 минут пайдаланады;
• Орташа есеппен әрбір қолданушы күніне 23 рет WhatsApp-қа кіреді;
• Қазіргі кезде онлайн қызметтің 800 миллион белсенді қолданушысы бар;
• WhatsApp платформасына күн сайын 1 миллион адам тіркеледі;
• Күн сайын 700 миллион сурет жіберіледі;

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button