Тағылым

Ұлтым деп соққан жүрегі

Дархан даланың данышпандары мен даналарының, ұлылары мен асылдарының, қайраткерлері мен ұлтжандыларының есімі тарих бетінде алтын әріппен жазылса да кейбіріне атамекенінен топырақ бұйырмағаны өкінішті. Бірі тағдырынан жат жердің топырағын жастанса, енді бірі ұлтының басына төнген қуғын-сүргіннен қу сүйегін сүйретіп, жансауғалап кетті. Енді бірі «халық жауы» атанып, айдауға түсіп, атажұртынан жырақтауға мәжбүр болды…

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап халқымыздың біртуар тұлғаларының біразының шетелдегі жатқан жерлері анықталып, зираттары қалыпқа келтірілген еді. Әр жылдары олардың зиратына құлпытастар қойылып, атамекеннен бір уыс топырақ та себілді. Ол жаққа іссапармен барғанда Мемлекет басшысынан бастап, лауазымды тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері, түрлі іс-шараға барған қазақстандық делегация ұлылар рухына тәу етіп, құран бағыштап жатады. Бұл дағды жат жерде жатқан қандастарымыздың артында іздеуші елі, ұрпақтары бар екенін айғақтайды.

Айталық, әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің зиарты Сирияның астанасы Дамаск қаласында. Мысырды билеген Сұлтан Бейбарыстың зираты да Дамаскідегі Баб-әл-Барид мазарында. Атақты тарихшы, әйгілі «Тарих-и-Рашиди» кітабының авторы Мұхаммед Хайдар Дулатидің зираты Үндістанның Кашмир қаласында. Қазақтың төбе биі Төле бидің мазары Өзбекстан астансы Ташкентте болса, Әйтеке бидің зираты осы елдің Науаи қаласында. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың зираты Мәскеудің Дон зиратында. Ұлт зиялысы, күрескер Мұстафа Шоқайдың зираты Берлинде (Германия). Қазақтың даңқты спортшысы, әлем мойындаған таеквондошы Мұстафа Өзтүріктің зираты Түркияның Стамбул қаласында.

Осынау тұлғалар тізімінде Мұстафа Кәбенұлына тоқталсақ. Мұстафа өзге тағдырластары сияқты жат жердің топырағын амалсыз жастанған жоқ. Ол өзінің кіндік қаны тамған Түркияда жатыр. Ата-бабасы, ата-анасы сонау «тар жол, тайғақ кешу» жылдары қуғынға ұшырап, Түркияға қоныс тепкен. Даңқты спортшы, таеквондодан алты дүркін Әлем чемпионы, қара белбеу алтыншы дан иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Кәбенұлы атамекенін аңсап елге келіп, Қазақстанда таеквондо федерациясының негізін қалады. Өкініштісі ғұмыры атамекенде үзілді. Көп деректерде қастандық жасалған делінеді. Бірақ заң тұрғысынан анықталмаған. «Атамекенім, Қазақстаным, қазағым» деп келген біртуар ұл ұлтының маңдайына сыймай кетті. Сол шақта елдің зиялы қауым өкілдері мен биік мінбеде жүрген азаматтары марқұмның сүйегін атамекенінде қалдыруды өтінгенімен туыстары көнбеді. Әрине туғандарының жүректегі өкініш пен өкпесінің жарасы ауыр. Сөйтіп Мұстафа Өзтүріктің сүйегі де жат жерге барып мәңгілік дамыл тапты.

Осы орайда «шетелден топырақ бұйырған тарихи тұлғаларымыздың зираты қараусыз жатқан жоқ па? Қазіргі күйі қандай екен?» деген сұрақтар жүрегі «ұлтым» деп соққан әрбір қазақты мазалайтыны айдан анық. Дегенмен өзгенің топырағын торқа еткен тұлғалардың зиратын тазалап, құлпытастарының өшіңкіреп қалған жазуын қалпына келтіріп, қарап жүретін азаматтарымыз да жоқ емес екен.

Көптің жүрегін елжіреткен көрініс

Солардың бірі – Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Қуат Раев. Қуат Сәрсенбайұлы Зайсан ауданы, Көкжыра ауылында туған. Бастауыш сыныпты ауыл мектебінен оқып, ары қарай Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатында білім алады. Жоғары оқу орнына түсіп, оны үздік аяқтайды.

Қуат Раевтың 2023 жылдың 6 қаңтарындағы әлеуметтік желіде тараған видеосы көпшіліктің ақ тілегі мен алғысына бөленді. Бұл видеоны көре сала оның азаматтығына, ұлтжандылығына тәнті болдық. Байланыс телефонын іздеп тауып, хабарластық. Көптің ықыласына бөленген азаматты іздеуге себеп болған жайт, оның әлеуметтік желіде тарап кеткен зират басындағы іс-әрекеті еді. Қуат Сәрсенбайұлы Түркияның Стамбул қаласындағы (Гүнешлі ауданы) Мұстафа Өзтүріктің басына қойылған құлпытастағы жазудың өшіп қалғанын баяндай отырып бір ауыз өлеңнің әріптерін және таста қашалған айдың бейнесін бояп қалпына келтіреді. Бұл көрініс көпшіліктің жүрегін елжіретті. Қуатпен телефон арқылы сөйлесіп, шетелде үлкен қызметте жүрсе де ұлы тұлғалардың аруағына құрмет көрсетуді популизм емес патриотизм тұрғысынан көрсете білгеніне қанық болдық. Құлпытаста басылған әріптердің бояуы кеткенін қайдан білдіңіз деген сауалыма ол «Стамбул қаласына арнайы Мұстафа Өзтүрік ағамыздың зиратын іздеп келдім. Жұма күні құран бағыштадым. Басындағы құлпытасқа назар аударсам, қашалған әріптердің бояу өшіп қалыпты. Дұрыс оқылмай тұрды. Бірден келесі келгенімде, яғни осы қаңтар айының 6-сы күні бояу алып, оны қалпына келтірдім. Видеоға түсіргенім жалпы шетелде жүрген бауырларымыз қазақтың біртуар азаматтарының, тарихи тұлғаларының ескерткіштері мен зират басындағы құлпытастарына қамқорлық танытып, рухына құран бағыштай жүрсе деген оймен әлеуметтік желіге жүктеген едім» деп жауап берді.

Қуат Сәрсенбайұлы мұндай игі амалды алғаш рет істеп тұрған жоқ. Ол 2020 жылы Түркістан қаласында қызметте жүргенде әріптестерінің басын қосып тағы бір ізгілікті іске мұрындық болған. Түркістанда еліміздің спортшылары дүбірлі додаларға аттанғанда қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов зиратына барып, құран бағыштап, баба рухына тәу етіп қайтады екен. Даңқты балуанның басына барған Қуат Раев кесененің сыртында балуанның мазары екенін білдіретін бір ауыз сөз жазылған тақтайшаның жоқтығына қатты қынжылады. Қажымұқан – біріншіден жай ғана балуан емес, отанын сүйген нағыз патриот әрі батыр. Соғыс жылдары қару алып майданға бармаса да, ел аралап өнер көрсетіп жиған қаражатына майданға ұшақ алып бергенін ел біледі. Міне балуанның осы ерлігі мен батырлығы Қуаттың жүрек қылын қозғап, әріптестеріммен мазардың сыртына аты-жөні жазылған тас қоюға себепші болады.

Ал 2017 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиінің кеңесшісі болып жүргенде Арқадағы хан батыры Қабанбайдың басындағы мазарға өз қаражатынан құлпытас орнатып, құран бағыштатады.

2021 жылы Түркияның Алания қаласындағы қазақ халқының ақыны Абай Құнанбайұлының атындағы саябақ пен ескерткіштің ашылуына қатысып, екі елдің достығы мен ұлы ақынның адамгершілігін жырлаған жүрекжарды өлеңін оқыды.

Былтыр жыл соңында Түркияның астанасы Анкарада алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аталып өтіп, ұлт ұстазының ескерткіші бой көтерді. Бұл шара бауырлас екі елдің өткені мен болашағын байланыстырып, бауырлас халықтардың достығын нығайта түседі деп білетін Қуат Сәрсенбайұлы қауырт жұмыста жүрсе де уақыт тауып, ұлт ұстазының ескерткішіне баратынын да сөз арасында жеткізді.

Әрине бүгінгі қоғамда мемлекеттік қызметшілер мен жоғары лауазымды тұлғалар арасында еліміздің тарихы мен тілінен, әдебиеті мен руханиятынан хабарсыз, ұлтжандылық пен отансүйгіш қасиеттен кем, тек мәнсапты ойлайтын азаматтар ғана болады деген пікірдің бар екені де жасырын емес. Алайда Қуат Сәрсенбайұлының тағылымды әрекеттеріне қарап бұл пікірді жансақтығына көз жеткізуге болады.

Еркебұлан Зағыпаров

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button