Тағылым

Балаларға «Наурыз күлек» ұсынды

Ұлттық мерекеде ұрпақты қуанту үрдісі кенжелеп қалған болатын. Есесіне Жаңа жылда балаларға «күлек» беру міндетті сияқты санамызға сіңген еді. Сыйлық жасау артық болмас, десе де ұлттық мейрамда балаларды қуантудың жөні бөлек. Биылғы Наурызда сыйлық берудің жаңарған, жыңғырған түрін көзіміз шалып қалды.

Ұлттық құндылықтың ұпайын түгендеуге негізделген бастамаға қолдау көрсету ұрпақ үшін керек. Күні кеше Сана білім орталығында «Наурыз кәдесыйы» атты бүлдіршіндерге арналған шарада кәдімгі Жаңа жылда берілетін «күлектің» ұлттық нақыштағы түрін көріп қалған едік. Кәдесыйдың сыртқы қорабы әдемі, ішіндегі тамағы дәмді. Наурыз дорбаға Жаңа жылдағыдай кәмпит-тәтті емес, құрт-ірімшік, бауырсақ, жент салынған.

– Биылғы Наурызымыз, аты айтып тұрғандай, ерекше мерекеге арналған, ерекше кәдесыймен ұштастырылған, тәрбие сағатымен басталды. Жалпыға бірдей жаттанды іс-шарадан өзгешелігі, балалар қолдарындағы арнайы қорапшадағы ұлтымыздың ақ тамақ түрлерін қолмен ұстап, дәмін тата отырып, оның  атауын (жент, қоспа, ірімшік, құрт, ұсақ бауырсақ), түр-түсін, жасалу жолын, ақ тамақтың  денсаулыққа қандай пайдасы барын жетекші сұрақ-жауап арқылы жете біле алды, – дейді орталық жетекшісі Калима Жайлыбайқызы.

Оюлы дорба ішіндегі құрт-ірімшік қатарлы ұлттық тағамды балалар қорашсынбады. Керісінше бір-бірден қызықтай көріп дәмін татып жатты. Дәл осылай бұл үрдісті баланың санасына сіңіре берсе дәстүрге айналып кетері анық.

– Балаға Наурыз мерекесі қарсаңында «күлек» береміз дегенде басында таңғалдым. Алайда ұлттық нақышта жасап, ұлттық тағам салып ұсынамыз дегенді естіп қолдау көрсету керек екенін білдім. Содан балаға берген сәтінде де әдейі қызықтап қарап тұрдым. Кәмпит-тәттіден бас алмайтын балалар қалай қабылдар екен деп ойлағам. Бірақ бірден қол салмаса да, дәмін тата келе ішіндегінің бәрін жеп қойды, – дейді ата-аналардың бірі Төлеубай Бақыт.

Сонымен қатар балалардың арасында  арқан тартыс, соқыр теке, қол күрес сияқты ұлттық ойындар ойнатылды. Белсенді бүлдіршіндер, ән айтып, би билеп өнерлерін ортаға салды. Дастархан басына отырғызылып, наурызкөжеден ішіп, отбасылық құндылық дәріптелді. Осылайша, «Сана» білім орталығы ұлттық мерекемізді, жаттанды форматтан, өзгеше түрде өткізуге атсалысты. Ал алақай көңіл балалар үйлеріне құрт-ірімшік салған дорба «наурыз күлек» арқалап қайтты.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button