Саясат

Украинамен қарым-қатынасымыз ұлғайып келеді

Шығыс Қазақстан облысына іскерлік сапармен Украинаның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Олег Демин келді. Ол алдымен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіндегі зертханада болып, дөңгелек үстелге қатысты. Облыстық Достық үйіндегі, Украина этно-мәдени бірлестігінің жұмысымен танысты.

Украинамен қарым-қатынасымыз ұлғайып келедіОблыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН болған кездесу барысында Шығыс Қазақстан мен Украина елінің арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары сөз болды. Облыс Әкімінің айтуынша, бүгінде Украина мен біздің облыс арасындағы тауар айналымы 120 миллион долларды құраған.

– Бұл, әрине, аса ауқымды көрсеткіш емес, бірақ екі ел арасындағы алыс-беріс жыл санап ұлғайып келеді, сонымен қатар ынтымақтастықты дамытып, нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашылуда, – деді облыс басшысы.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өз сөзінде аймақтағы агроөнеркәсіп мүмкіндіктер-ін атап өтті. Шығыста бүгіндері ауылшаруашылығы саласында айтарлықтай істер атқарылу-да. Елімізде ет, сүт, күнбағыс майын өндіруден аталмыш сала алда келе жатыр. Алтайдың әсем табиғатын да тілге тиек еткен аймақ басшысы Қазақстандағы барлық 60 пайыз орман және 80 пайыз су қорлары біздің облыста екендігін, мұнда елімізде жоқ ара және марал өсіру саласының жетілгенін жеткізді, дәл осы салада еңбек ететін кәсіпкерлерге де айтарлықтай жағдайлар жасалғанын айтты.

– Елбасы тапсырмасы бойынша бізде жо-ғары технологиялар аймағы құрылу үстінде, біз украиналық ғалымдардың заманауи инновациялық ғылыми тұжырымдарын өз тәжіри-бемізге пайдаланар едік, – деді облыс Әкімі.

Біздің облыста машина жасау саласы қарқынды дамуда. Бұл – екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастықтың қанат жая түсуіне мүмкіндік туғызады. Себебі, Шығыс Қазақстанда украиналық кәсіпорындармен бірігіп, кешенді автокрандар құрастырып шығаратын жаңа бағыттар ойластырылуда. Облыс Әкімі Украинаның белгілі бір облыс-тарымен серіктестік орнатып, кәсіпкерлік қарым-қатынас құруға ниет білдірді. Мұндай тығыз қарым-қатынастың пайдасы мол. Осыған сәйкес елші Олег Демин Украина жағын Қазақстандағы металлургия және тау-кен байыту, машина құрастыру салалары қызықтыратынын және екі ел арасындағы біріккен жобаларды жүзеге асыруға көптеген мүмкіндіктер бар екендігін айтты.

– Сонымен қатар, білім және ғылым саласындағы серіктестік те жақсы нәтиже беретіні анық, біріккен консорциумдар құру да ойда бар, – деді Төтенше және өкілетті елші Олег Демин.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы мен Украина жеріне ортақ экологиялық бір мәселе бар, ол – Семейдегі ядролық полигон сынақтарының зардабы мен Чернобыль апатының қалдырған ізі. Осы жөнінен де арнайы жобалар қарастырылған. Жалпы екі жақ үшін де келешегі зор болып саналатын жоба – ауылшаруашылығына арналған машиналарды құрастыру тізбегі.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button