Үгіт-насихат жұмыстарына атсалысты
Аудан-қалалардағы референдум өткізуді қолдау бойынша қоғамдық штабтар мүшелері кәсіпорындар мен ұйымдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қоғам белсенділері кәсіпкерлер палатасы филиалдарының директорларымен бірге Семей мен Зайсан ауданында белсенділік танытты.
Қоғам белсенділері мен кәсіпкерлер палатасы филиалдарының өкілдері тұрғындарды референдумнан тыс қалмауға шақырады.
Семей қалалық қоғамдық штабы кәсіпкерлермен, еңбек ұжымдарымен, жастармен күн сайын кездесу өткізіп жатыр.
– Біз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Референдумның мақсат-міндеттерін түсіндіреміз, Ата Заңға ұсынылған өзгерістер туралы айтып, азаматтар сұрағына жауап береміз. Дауыс берудің қыр-сырын бірге талқылаймыз. Кездесулерді халық жылы қабылдап, референдумға қатысудың маңызын түсініп жатыр, – дейді кәсіпкерлер палатасы Семей филиалының директоры Әлия Жүрсімбаева.
«Атамекен» өкілінің айтуынша, кездесуге қатысушылар жерге қатысты түзетулерге қызығушылық танытып, мемлекеттік тілдің мәртебесі, зейнет жасын төмендету тақырыбын көтерген.
– Референдум сияқты демократиялық институтты қолдану орынды. Ата Заңға түзетулер ел болашағына оң әсер етеді. Конституциялық реформа жаңа мемлекеттік модельді қалайды. Сондай-ақ түзетулер азаматтар құқығын қорғау механизміне қатысты. Конституциялық соттың құрылуы, оған азаматтардың, бас прокурор және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жүгіну мүмкіндігі қазақстандықтар мүддесінің сақталуын күшейтеді, – деп санайды Әлия Жүрсімбаева.
Зайсан ауданында да түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Қанат Әбдіғалиев аудан кәсіпкерлерімен бірге түрлі ұжымдармен Конституцияның жаңа редакциясын талқылады.
– Референдум әркімге өз позициясын айтуға мүмкіндік береді. Мұны мен аудан кәсіпкерлері мен еңбеккерлеріне жеткізуге тырыстым. Ата Заңға енетін өзгерістер туралы түсініктеме бердім, қолданыстағы және жаңа редакцияларды баяндап, сұрақтарға жауап бердім. Барша азаматтарды референдумға қатысуға шақырамын, – дейді Қанат Әбдіғалиев.
Кәсіпкерлер палатасының өкілдері Жарма, Үржар, Аягөз, Катонқарағай, Көкпекті аудандары мен Риддер қаласында да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
– Кәсіпкерлер конституциялық түзетулерді оң қабылдап жатыр. Бұл өзгерістер халықтың мемлекетті басқаруға қатыса алатынын көрсетеді, – дейді кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Әлия Мұқашева.
Ержан Кеңесұлы