Ел болашағын айқындайтын саяси науқан
Елімізде өтетін кез келген қоғамдық-саяси науқан кезінде Катонқарағай ауданының жұртшылығы ұдайы жоғары азаматтық белсенділік танытады. Міне, бүгінгі ел болашағын айқындайтын республикалық референдумда да аудан тұрғындары осы қалпынан тайған жоқ. Аудан орталығы Үлкен Нарындағы референдум учаскелері таңғы жетіде ашылып, жауапты жұмыстарын бастап кетті.
1245 сайлаушысы бар №849-шы референдум учаскесінің ашылуы еліміздің Әнұранымен басталып, комиссия төрайымы Ғалия Досқанина әріптестерін осынау бір маңызды саяси оқиғаның бастау алғанымен құттықтап, баршаға жемісті жұмыс күнін тіледі. Референдум учаскесіне алғашқы болып келіп, өз таңдауын жасаған үлкеннарындық зейнеткер Оразбек Жиендинов бұған дейін елдегі өткен саяси науқандардың бірде-бірінен шет қалмай, үнемі қатысып, азаматтық таңдауын жасап келгендігін айтады.
«Референдум – бұл тәуелсіз еліміздің өміріендегі оң өзгерістердің бастамасы деп білемін. Бұны өткізудің маңызы өте зор. Себебі, елімізідң ертеңгі жарқын болашағы қазақстандық әрбір азаматтың өз қолында» дейді Оразбек ақсақал.
№850-ші дауыс беру учаскесінде барлығы 581 сайлаушы тіркелген. Учаске ашыла салысымен бұнда да сайлаушылар асыға жетіп, өз таңдауларын жасады. Референдум басталғаннан бергі үш сағаттың ішінде 317 адам дауыс беріп үлгерді.
«Тұрғындардың белсенділігі жоғары. Адамдардың дауыс беру тәртібі бойынша ешқандай ескерту тіркелген жоқ» дейді сайлау комиссиясының төрайымы Ардақ Жансейітова.
Новохайрузовка ауылындағы №845-ші референдум учаскесінде де жұрттың дауыс беруі қарқынды. Бұнда 588 адам тіркелген.
“Мен Новохайрузовка ауылының байырғы тұрғынымын. Осындау туып-өстім, оқыдым, еңбек еттім. Қазір зейнет демалысындамын. Біздің ата-аналарымыз осы ауылдың іргетасын қалағандардың қатарында болған. Өзіміз интернационал отбасымыз. Келініміз қазақ. Бүгінгі референдум өтетін учакеде ертеден келіп, азаматтық таңдауымды жасадым. Еліміздің кемел болашағы үшін өтіп жатқан референдумның мән-маңызын біз, аға ұрпақ өте жақсы түсінеміз. Балаларымыз бен немерелеріміздің жарқын болашағы үшін дауыс бердім. Еліміз жасай берсін!» дейді зейнеткер әжей Галина Пичугина.
Үлкен Нарындағы №848-ші учаскеде де таңнан бастап дауыс берушілер легі толастаған жоқ. Референдум комиссиясының төрайымы Маржан Оразаеваның айтуынша, халықтың белсенділігі өте жоғары. Олардың қатарында тұңғыш рет дауыс бергендер де аз емес. Солардың бірі Катонқарағай аудандық аграрлық-техникалық колледждің 3-курс студенті, 18 жастағы Анатолий Самарцев.
«Бүгін мен үшін айырықша күн. Себебі, алғаш рет саяси науқанға қатысып, маңызды саяси шарада өзімнің азаматтық таңдауымды жасадым. Еліміз көркейіп, дами берсін. Ел тағдыры әрбір қазақстандықтың қолында» дейді ол.
Еске салып өтейік, аудандағы барлық учаске өз жұмысын кешкі сағат 20.00-де тоқтататын болады.
Тимур Смағұлов
Катонқарағай ауданы