Тылсым дүние

Тұңғышбай Ешеннің құдіреті

Тұңғышбай Ешеннің құдіреті

Екі облыс біріккеннен кейін, іссапармен Семей өңіріне жиі шығып тұрдық. Осындай бір сапарда Бөрілі ауылында болып, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйін тамашалап, Бекен Исабаев есімді қариямен жаздың қысқа таңын әңгімемен атырғанымыз бар. Бекеңді Семей жұрты «Абай елі мен Абай жерінің тірі шежіресі» дейді екен. Бекең аңыз-әпсаналардың да майын тамыза әңгімелейді. Солардың бірін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім.
Тобықты елінде Құнанбайдан төрт-бес жас кішілігі бар Тұңғышбай Ешен деген ислам қағидаттарын өз бетінше оқып-білген, шариғат заңын берік ұстанған аса діндар адам болыпты. Оны жұрт көзі тірісінде-ақ піріміз, әулиеміз деп таныпты. Қазақ әулиелік, көріпкелдік, емшілік сияқты ерекше қасиеттер дарыған адамды ешен деген ғой. Содан да оның Тұңғышбай атына Ешен сөзі қосарланыпты.
Бірде іргелес Керей елінің бір байының келіні босана алмай қиналып, Тұңғышбай Ешенді шақыртыпты. Әулие «иә, Алла!» деп босаға аттаған сәтте келіншек жеңілдеген екен. Ешен қайтуға айналғанда, әлгі байекең: «Ешеке, қазір күз мезгілі ғой, алдыңызға бір-екі қошқар салсам деп отырмын» депті. Мұны естіген атқосшысы айдап жүру қиынға түсетінін айтып, шыр-пыр болыпты. Ешен болса, байекеңнің қолын қайтармайық дегенді айтып, атқосшысын сабырға шақырыпты. Қосақталған екі қошқар бір-біріне айбат шегіп, жүрмеуге айналғанда: «Өй, хайуандар, жолға түсіңдер!» деп Ешекең тобылғы таяғын сілтеп қалғанда, қошқарлар алдарына түсіп алып, томпаңдай жөнеліпті.
Жол үстінде кешкі бесін намазы жеткенде аттарын тұсап, екеуі намазға енді жығыла бергенде, аяқастынан бір дәу көкжал қасқыр қошқарларды қуа жөнелмей ме?! Атшысы тұра ұмтылмақ болғанда, Ешен қозғалмай отыра бер дегенді қабағымен танытады. Қасқыр екі қошқарды сол қуған бойда бел асырып әкетеді. Содан екеуі қайта атқа қонып, бірнеше кезең асқаннан кейін, бір-біріне қарсы қарап, тартысып тұрған екі қошқарды көреді. Жақындап келіп қараса, жаңағы көкжал екі қошқарды қосақтаған жіпке буынып, өліп қалған екен дейді.
Ал мына бір әңгіме аңыздан гөрі болған оқиғаға көбірек ұқсайды. «Абай жолы» эпопеясындағы әйгілі Базаралы мен Тұңғышбай әулиенің қыстаулары бір-бірінен онша қашықта болмапты.
Бір жылы күзде Базекең Ешеннің әулиелігін сынамақ болып, жалғыз қара шолақ сиырын айдатып алып, қорасына қаматып тастайды. Одан кейін бір кісісін Ешеннің үйіне арнайы жіберіп, әулиенің бар сөзін тыңдауды, естігенін өзіне бұлжытпай айтып келуді бұйырады. Базаралы кісіcі ертеңінде келіп, Ешеннің кешкі намазда: «Ей, Алла, Базаралы жанға тауфих бере көр!» деп бата жасағанын жеткізеді. Осыны естіген бойда Базекең бір атты қосағына алып, Ешеннің қыстауына келіпті. Ол ат-шапан айыбын өтеп, әулиенің аяғына жығылған екен.

Мұрат Әміренов
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button