Саясат

Түйінді мәселелерді тарқатуға мүдделі

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Америка Құрама Штаттарының елімізде жаңадан тағайындалған Төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфакспен кездесті.

Түйінді мәселелерді тарқатуға мүдделіАҚШ өкілі біздің өңірмен танысып, арадағы байланыстың даму қарқынын көзімен көру үшін арнайы іссапармен келген екен.

Әуелі мәртебелі мейманды жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтаған облыс Әкімі АҚШ-тың Қазақстан үшін ең ірі инвесторлардың бірі екенін жеткізді.

– Облыс басшылығы елшілікпен қашанда тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатыр. Сіздің ТМД елдерінде біраз тәжірибе жинақтап қалғаныңызды білеміз. Біздің облыспен арадағы тығыз байланыстың да одан әрі дамуына ықпалыңыз тиеді деп сенеміз. Өңірімізде сіздің елдің бірнеше ірі кәсіпорны табысты жұмыс істеп жатқанын білесіз. Титан-магний комбинаты «Боинг» әуе лайнерінің өндірісіне өз үлесін қосып жатса, «Азия Авто» акционерлік қоғамы мен «General Motors» корпорациясы арасында «Chevrolet» жеңіл көлігін бірлесе құрастыру жөнінде келісім бар. Бұл келісімнің құны биыл екі есеге артпақ.

«АЭS» компаниялар тобымен де байланысымыз жаман емес. Олар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Семейдегі балабақша құрылысына екі миллион доллар шамасында қаржы бөліп отыр. Бұдан бөлек, ол облыс орталығында еңсесін тіктеп келе жатқан мешіт құрылысына да атсалысты. Ардагерлеріміз де олардың көмегінен кенде емес. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра түсу керек. Ол турасында үнемі айтып келеміз. Мұндай ірі кәсіпорын үшін екі миллион доллар деген соншалықты көп қаржы емес. Осы бағытта сіздің тарапыңыздан да қолдау болады деп сенеміз.

Сіз Бақыршық алтын кеніндегі жағдаймен де таныс боларсыз деп ойлаймын. Ел Президенті облысымызға келген бір сапарында кен орнына тым аз мөлшерде инвестиция құйылғанын сын-ға алып, компания басшылығына ескерту жасаған болатын. Ал қалған бағыттарда, әсіресе, әлеуметтік саладағы қарым-қатынасымыз бірқалыпты. АҚШ пен Шығыс Қазақстан облысы арасындағы байланыстың одан әрі дами түсуіне біз де мүдделіміз, – деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде елші облыс басшылығының жылы қабылдауына алғысын білдірді.

– Бұл – менің Өскеменге бірінші рет келуім. Бұл жерге аяқ басқаныма санаулы сәттер ғана өтсе де, өңірдің бекерден-бекер Қазақстанның индустриялдық-энергетикалық орталығы ретінде саналмайтынына көзім жетті. Біз осындағы барлық американдық компаниялардың өкілдерімен кездесеміз. Ал облыстарыңыз бен АҚШ елі арасындағы қарым-қатынастың жақсара түсуіне өз тарапымнан бар күшімді салатын боламын, – деген К.Фэйрфакс Шығыстың тұмса табиғатына тәнті болғанын, осы сапарының соңында Риддер өлкесін отбасымен аралап қайтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Осы тұста облыс Әкімі облысымызда Риддерден де өзге көрнекті орындарды аралауға мүмкіндік бар екенін айта келіп, АҚШ елшісін 28 тамызда Курчатов қаласында өтетін халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға шақырды.

Кездесу соңында аймақ басшысы елшіге Шығыстан шыққан игі жақсылардың суреттері топтастырылған естелік кітапты сыйға тартты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button