Шаһар шаруашылығы

Тұрмыстық қалдықтар енді жеке-жеке сұрыпталады

Бүгін облыс орталығындағы Республика алаңында «ӨКМ Операторы» (Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) ЖШС Өскемен мен Семей қалаларының әкімдіктеріне тұрмыстық қалдықтарды жеке-жеке жинауға арналған 2856 контейнер мен қоқыс шығаратын 12 бірлік жаңа техниканы табыс етті. Салтанатты шараға облыс әкімі Даниал Ахметов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев және қала әкімі Жақсылық Омар қатысты.

Сонымен қатар «ӨКМ Операторы» екі шаһарға да заманауи қоқыс сұрыптау желісін сатып алуды қаржыландырып отыр. Осы жобаны жүзеге асыруға барлығы 3,7 млрд теңге қаражат бөлінген.

Аймақта қатты тұрмыстық қалдықты бөлек жинау үш фракция бойынша жүзеге асырылмақ. Яғни қалдық үшке бөлініп тасталады.  Мәселен, «Жеңіл» – қайта өңделетін қайталама шикізат (пластик, қағаз, металл), «Ауыр» – бұған шыны қалдығы жатады. Үшінші «Дымқыл» – оған қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар (тамақ қалдықтары және тағы басқалар) тасталады.

– Өскемен қаласы үшін «ӨКМ Операторы» макулатура мен пластикті жинауға арналған сары түсті 760 пластик контейнер және шыны қалдықтарына арналған қоңырау үлгісіндегі 514 көк түсті контейнер сатып алып, әкімдік еншісіне берді. Семейде қайталама шикізатты жинауға арналған 1050 торлы контейнер және шыны ыдысқа арналған 532 контейнер қойылатын болады. Қайта өңделетін қалдықтарды арнайы қоқыс таситын көліктер жинап әкетеді. ӨКМ Операторы Шығыс Қазақстанның екі қаласы үшін 12 бірлік арнайы техника сатып алды. Олардың бәрі отандық өндірістің өнімдері. Оның ішінде шыны контейнерлеріне қызмет көрсетуге арналған кран-манипулятор қондырғысы орнатылған 4 қоқыс тасығыш көлігі бар. Қоқысты тиеу және түсіру барысы бастан-аяқ пульпен басқарылады, – деді Медет Құмарғалиев.

кетейік, Өскемен мен Семей қаласында тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинау инфрақұрылымын ұйымдастыру жөніндегі жобаның басты шарасы – ағымдағы жылдың қыркүйек айында өндірістік қуаты жылына 200 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын автоматты желіні салу және іске қосу болмақ. Аталмыш жобаны аймақ басшысына Медет Құмарғалиев таныстырды.

Мамандардың айтуынша, жергілікті бюджеттен және қоқыс шығаратын ұйымдар есебінен тамақ қалдықтарын жинауға арналған екі мыңнан астам контейнер сатып алынбақ. Қайталама шикізатты стационарлық қабылдаудың 10 пункті орнатылады және сұрыптаудың автоматтандырылған желісін орналастыруға арналған ғимарат құрылысы қаржыландырылмақ. Соған орай  жергілікті атқарушы орган 2022 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін кемінде 30%-ға дейін жеткізу міндеттемесін алдына қойып отыр.

Аталған кешенді жұмыс өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, тұрмыстық қалдықты бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.

Облыс әкімі өңірдің екі үлкен қаласында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, экологиялық тазалықты сақтау, тұрмыстық қалдықтарды контейнерлерге тастау мәдениетін қалыптастыру ең бірінші кезекте тұрғындардың өздеріне тікелей байланысты екендігін атап өтті.

– Еуропадағы миллиондаған тұрғындары бар ірі қалаларда қоқыс жинау мәдениеті ерте бастан дамыған. Біздің олардан қай жеріміз кем. Ең бастысы, тұрғындардың қоқыс жинауға деген көзқарасы, мәдениеті дұрыс болуы тиіс, – деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ бұл күні Жақсылық Омар мен Медет Құмарғалиев Өскемендегі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №39 мектепте «Жастардың экологиялық мәдениеті арқылы қайта өңдеу саласын ілгерілету» тақырыбында онлайн сабақ өткізсе, республикалық «ЭкоАсар» қайырымдылық марафонында топ жарған Семейдегі №3 мектеп оқушылары қалдықты сұрыптау бойынша шеберлік сабағын көрсетті.

Қоса кетсек, Өскеменде тұрмыстық қалдықтың түзілу көлемі – 132 000 тоннаны құраса, Семей қаласында жылына 110 000 тонна. Аймақта 430 полигон болса, оның ішінде 32 қоқыс полигоны ғана экологиялық және санитарлық талаптар мен нормаларға сәйкес келеді (рұқсат беру құжаттамасы бар). Заңсыз тасталған қоқыстарды жою үшін жергілікті бюджеттен жыл сайын 10 млн теңгеден астам қаражат бөлініп келеді.

Фото: Тілеубек Шаяхмет;

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button