Туристерді тартудың жолы бар ма?
Біздің өлкенің таңғажайып табиғаты, баға жетпес мәдени-тарихи ескерткіштері, Ресеймен, Қытаймен және Моңғолиямен шекаралас орналасуы, өзара ынтымақтастық қарым-қатынастардың орнығуы туризм саласын дамытуға сұранып тұр.
Бұған қоса Шығыс Қазақстан «WWF Living Planet» халықаралық ұйымының бастамасымен әлемдегі 200 жаһандық экологиялық аймаққа енгізілген. Сондай-ақ, өңірдің көз тұндырарлық тамаша табиғаты аң аулау, балық аулау, рафтинг, таулы және жағажай туризмімен түпкілікті айналысуға болатын саусақпен санарлықтай аймақтардың бірі ретінде айқындалған. Тағы бір ерекшелігі, сауықтыру және емдеу туризмі бойынша жоғары биологиялық құнды шикізаттарды қолданып, радон суымен, балшықпен, пантымен емдеудің бірегей түрлері де біздің аймақта кеңінен дамып келеді. Осындай сауықтыру орындарында емделген шетелдік және отандық туристердің көпшілігі келесі жылы қайта оралуға тырысады. Туристердің еліміздің Шығысына қарай аңсары ауып тұратынын өңіріміздің осындай ерекшеліктерімен байланыстыруға болады.
Алтайдың алты ай қысы тау шаңғысы туризмімен де әлемге танымал болып отыр. Осыған орай халықаралық талаптарға сай жабдықталған спорт және демалыс кешендерін салу, туристерді көбірек тарту арқылы туризмді сол өңір экономикасының табысты саласына айналдыру мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр.
Алтайдың бірегей табиғатына ғана тән марал шаруашылығы мен омарта шаруашылығының өнімдері де туризмнің сауықтыру және емдеу салаларында кеңінен қолданылады. Медициналық туризмді дамыту денсаулық сақтау мекемелерінің қызмет көрсету сапасын жақсартуға және шетелдік туристерді көптеп тартуға ықпалын тигізіп жатқанын да атап өтуге болады. Ал жазғы туризмнің әлеуеті Алакөл, Зайсан көлдері, Бұқтырма су қоймасы белдеулеріндегі қызмет көрсету құрылымдарына тікелей байланысты болып отыр.
Нақтырақ айтқанда, біздің облыста туризмді дамыту үшін қажетті ресурстар жеткілікті. Қазір облысымыздың өңірлерінде республикалық маңызы бар ерекше қорғауға алынған 14 табиғи аймақ бар. Кенді Алтайдың көркіне көз тоймайтын табиғатын тамашалап, демалуға тек Қазақстаннан ғана емес, ТМД елдерінен, алыс шетелдерден де туристер көптеп келуде. Қазіргі уақытта келушілер саны жағынан біздің облыс Астана мен Алматы қалаларынан кейін үшінші орында тұр.
2011 жылы біздің облысқа турист ретінде 380 мыңға жуық адам келіп кетсе, 2012 жылы келушілер саны 8,3 пайызға өскен.
Өткен жылы 61 туристік фирма, 22 жеке кәсіпкер туристік қызметпен айналысты. Облыстың басқа өңірлеріне қарағанда Өскемен қаласында, Үржар ауданында демалушыларды орналастыратын орындар саны анағұрлым көбейіп келеді. Былтыр біздің облыста бірқатар жаңа туристік нысандар ашылды. Үржар ауданы, Алакөл көлінің солтүстік-шығыс жағалауында қазіргі заман талабына сай жаңа «Arasan Alakol Resort Hotel» демалыс кешені, Риддерде «Соколок» жаңа сноупаркі ашылып, аймақта туризмді дамытуға тағы бір қадам жасалды. Туристік қызмет қоршаған ортаны сақтауды және жақсартуды жоспарлау арқылы іске асырылып жатыр.
Өңірде туризм индустриясын кеңейтуге, экологиялық, емдеу-сауықтыру, мәдени-танымдық және басқа да түрлерін дамытуға, тау шаңғысы, жағажай орталықтары құрылыстарына отандық және шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған облыстың туристік кластерлік даму бағдарламасының шеберлік жоспары жасалып жатыр. Оған республикалық бюджеттен 219 миллион теңге бөлінген. Бағдарламада жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, ішкі және сыртқы туризм ауқымын кеңейту есебінен табыс түсімін тұрақты ұлғайту мақсатында бәсекеге қабілетті туристік индустрия құру және оны жоғары кірісті экономика секторына айналдыру негізге алынған.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қатысуымен біздің облыста туристік кластердің үш басым бағыты анықталды. Соның бірі – емделу және жағажай демалысы ретінде қалыптасып келе жатқан Алакөл көлі жағалауы болып отыр.
Әлемде көп кездесе бермейтін емдік балшыққа, минералды тұздарға өте бай Алакөл көлі шетелдік туристердің қызығушылығын тудыруда. Көлдің шипалы суы әртүрлі тері ауруларына, тыныс алу жолдарына, сүйек-бұлшық ет және жүйке жүйесіне аса пайдалы екенін олар да біліп отыр. Олар денсаулықтарын түзету мақсатында елімізге жазда жан-жақтан ағылып келеді.
Көл жағалауында емдеу-сауықтыру кешендері орналасқан. Жергілікті тұрғындар Алакөл жағалауында алыс жолдан шаршап келген демалушыға ықыласпен қызмет көрсетуге және өз еңбегінің игілігін көруге құлшыныс білдіріп отыр.
Туризмнің дамуы облыс аймағындағы туристік нысандарға апаратын жолдардың жағдайына және жолаушы көлігінің қызмет көрсетуіне де тікелей байланысты болып отыр. Туристер Алакөлге, көбіне көлікпен келеді. Алакөлге апаратын жолдардың қай-қайсысы болсын, сапалық жағынан қанағаттанарлықтай жағдайға жеткізілмеген. Сондықтан да ойлы-шұңқырлы жолдарға қажетіне қарай күрделі жөндеу, қайта жаңғырту, қатты жабылғы төсеу қажет. Алакөлдің тұсындағы таудың бұрылысынан бастап, Үржардың шетіне дейін 50 шақырым жол бес жылда салынды. Алакөл мен Мақаншы арасы – 92 шақырым. Екі жылда осы бағыттың бойындағы 15 шақырым жол ғана жөнделді.
Тағы бір айта кететін жайт, автобустардың жүру кестесіндегі белгіленген нақтылы уақыты демалушылар талабына сай келмейді. Өскеменнен тікелей Алакөлге автобус қатынасы маусым айының 20-сы не 25-і күні ашылады. Ал тамыз айының 10-ы күні жолаушы тасымалдауды тоқтатып тастайды. Тынығушылардың арасында тамыз айының соңына дейін демалуға қалғысы келетіндері болады. Сонда қалған 20 күнде демалушылар қалай келіп, қалай қайтады? Осы жағын Көлiк және коммуникация министрлігі мен облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қадағалап, неге бақылауға алмайды деген ой туады.
– Ыстықкөлге мамыр айынан бастап күніне Қазақстанның 200-дей автобусы қатынайды. Ал біздің Алакөлге жазда Алматыдан екі, Семейден үш, Өскеменнен бір автобус қана демалушыларды тасымалдаумен айналысады. Ал жаз айларында небәрі сегіз автобус қатынайды. Туризмді дамыту үшін жол салу, жөндеу жұмыстарын жеделдету, көлік қатынасы кестесін науқанның ыңғайына, демалушылардың қалауына қарай реттеу керек, – дейді Алакөлдегі «Айгерім» демалыс үйінің бас директоры Исағали Омарәлинов.
Алакөлдің арғы жағында салынған автожол бар. Ал Алматы облысынан Үржардағы демалыс кешендерін жалғастыратын 60 шақырымдық жол мүлде жөнделмеген. Алакөлдің жолы жаман болғандықтан халық көп келмейді. Келсе, қалай қайтатынын уайымдап, дұрыс тыныға да алмайды.
Сол үшін Семей мен Алматыдан бес-алты, Өскеменнен үш-төрт автобус шығару керек. Облыста жекеменшіктен басқа жолаушы тасымалдаумен айналысатын мемлекеттік компаниялар бар. Соларды осы іске жұмылдыруға болмас па екен?
Алакөлдегі демалыс кешендерінің басшылары суға шомылу уақытын бірінші маусымнан бастап, қыркүйек айына дейін ұзартқылары келеді.
– Үкімет туризм инфрақұрылымын дамыту үшін туристік ұйымдарға бес пайыздық жеңілдікпен несие беру және субсидиялау шарттарын жасап, қолданысқа енгізсе, ісіміз алға басар еді, – дейді осы салада жемісті еңбек етіп жүрген Исағали Омарәлинов.