Тұрғындардың жауапкершілігі артады
2022 жылдың 1 шілдесіне дейін пәтер иелері кооперативтері көппәтерлі тұрғын үй кеңесіне барлық техникалық, қаржылық және өзге де құжаттарды өткізіп, өздерін таратуы тиіс. Бұдан былай көппәтерлі үйді басқару пәтер иелерінің өзіне жүктеледі. Қазір өңірде басқарудың жаңа түріне тек 106 көппәтерлі тұрғын үй немесе үйлердің жалпы санының екі пайызы ғана көшті.
Биылдан бастап пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері мүлік иелерінің бірлестіктерін немесе жай серіктестіктерді құра бастады. Басқарудың жаңа түріне 2021 жылғы 7 қаңтарға дейін көшу керек болатын. Алайда пандемияға байланысты бұл мерзім ұзартылды. Сондықтан көппәтерлі үйлердің тұрғындарына шешім қабылдауға әлі бір жылдан астам уақыт бар.
Облыста мүлік иелерінің 14 бірлестігі құрылды, оның екеуі Өскеменде, төртеуі Семейде, сегізі Алтай ауданында. Көп жағдайда тұрғындар қарапайым серіктестіктерді таңдаған. Өңірде осындай барлығы 93 серіктестік құрылса, оның 65-і Өскеменде, 28-і Семейде құрылған.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазановтың ақпараты бойынша, бүгінгі таңда облыстың тұрғын үй қорында 5 619 көппәтерлі үй бар, оның ішінде 4 497 үй биыл басқарудың жаңа түріне көшуге тиіс.
– Облыста МИБ (мүлік иелері бірлестігі) институтын енгізу жөніндегі реформаға қатысты қазіргі уақытта 2021 жылға арналған кондоминиум объектілерін тіркеу және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшу жөніндегі кесте, әрбір үй бойынша жиналыстар өткізу кестесі, көппәтерлі тұрғын үйлерде басқарудың жаңа нысандарына көшуді қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітілді. Жоспарланған іс-шараларды орындау нәтижесінде осы жылдың соңына дейін үйлерді басқарудың жаңа түріне көшу қамтамасыз етіледі, – деді Нұрлан Рамазанов.
МИБ-ке көшудің қадамдық алгоритміне сәйкес, бірлестік құру процесінде ең алғашқы және ең қиын қадам – тұрғындар жиналысы. Егер көршілерді жинау мүмкін болмаса, пәтер бойынша жазбаша сауалнама жүргізуге тура келеді. Жазбаша пікір жинау туралы шешім хаттамамен тіркеледі және оны жүргізу уақыты белгіленеді.
– Жазбаша сауалнама парағы жазбаша сауалнама жарияланған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде әрбір меншік иесіне қолма-қол, не электронды пошта арқылы жіберіледі. Жазбаша сауалнама жиналыс жарияланған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі. Тұрғындар үшін ең бастысы – олардың дауысын дұрыс есептеу, жиналыс хаттамасын ресімдеу және заңды тұлға ретінде тіркелу үшін ХҚКО-ға тапсырылатын құжаттардың толық пакетін ресімдеу, – деді “ТҮКШ ҚазОрталығы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков.
Халыққа қызмет көрсету орталығына өтінішті, дауыс беру парақтары бар хаттама мен мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған Жарғыны тапсырып, мемлекеттік бажды төлеген соң шешімді күту қажет.
– Пәтер иелері басқару түрі ретінде жай серіктестікті (ЖС) таңдаған жағдайда ЖС қызметі туралы бірлескен шарт жасасу қажет. Шарт барлық меншік иелерімен жасалады және бірлескен қызмет туралы басшылыққа алу үшін ЖС-тің сенім білдірілген тұлғасына қарапайым жазбаша сенімхат беріледі, – деп атап өтті спикер.
Қазір МИБ-ке тіркеуге өтінімдерді электронды түрде беру үшін мемлекеттік деректер базасы пысықталуда.
Басқарудың жаңа нысандарын құру бойынша азаматтардан түсетін өтініштердің ағыны көп болатынын ескере отырып, «ТҮКШ ҚазОрталығы» АҚ @kazcenter_zhkh_bot телеграмм ботын іске қосты. Сондай-ақ сұрақтар Suraqtar.kz. платформасына түсуі мүмкін. Бұдан басқа, zhkh.kz.сайты өзектендірілді. Онда басқарудың жаңа түріне көшу жөніндегі барлық ақпараттық материалдарды: буклеттер, брошюралар, парақшалар, инфографикалар, бейнероликтерді таба аласыз.
Айна Ескенқызы