Әкім есебі

Тұрғындарды жол, жарық, аулалар мәселесі алаңдатады

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың жылдағы халық алдындағы дәстүрлі есеп беру кездесулері биыл 2 ақпанда облыс орталығының Согра, Жаңа Согра, Гавань, Арматурный, және Загородный ықшам аудандарының тұрғындарымен кездесуден басталды.

Пандемия жағдайына байланысты халықпен Zoom арқылы жүздескен  шаһар басшысы ақпан айының 2 мен 5-і аралығында №5, 7, 8, 9  және 10-шы аумақтық басқару орталықтарына қарасты ықшам аудандардың тұрғындары алдында өткен жылы атқарылған шаруаларды баяндап, 2021 жылы алда тұрған міндеттерге тоқталды. Сонымен қатар кездесуде тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға да жауап берді.

Жиында согралықтардың қоғамдық көлікті сағаттап тосатыны белгілі болды.

– №67 автобусты біржарым сағат тосамыз. Осының кесірінен үлкендер жұмысқа, балалар мектепке кешігіп барады. Мәселен, бүгін екі-ақ автобус қатынап тұр. Неге? Кондукторлардан сұрасақ, оны әкімдіктен сұраңдар дейді. Сіз не айтасыз? – деп сұрады Мадина Қалыбаева.

Қала әкімінің айтуынша, автобустар саны жолаушылардың аздығына байланысты қысқарған.

 

– «Vosca» автопаркінің бізге берген мәліметі бойынша, қазір төрт автобус жүріп тұр. Негізі қоғамдық көліктердің саны сегіз болуы тиіс. Алайда кәсіпорын жолаушылардың аздығына байланысты автобустарды қысқартқанын айтты, – деді Жақсылық Омар.

– Жоқ. Екі-ақ автобус жүріп тұр бүгін әрі жолаушылар аз емес. Автобус қашан да лық толы. Тіпті, кейбір аялдамаларға тоқтамай кетеді, – деді тұрғын қазіргі жағдайды нақтылап.

Қала әкімі жағдайдың мән-жайын анықтап, тексеру жүргізетінін мәлімдеді.

Согра шеткі аудандардың бірі болғандықтан, тұрғындарды мазалайтын басты мәселе – жол, жарық, үйдің ауласы. Аудан халқының айтуынша, жолдар біртіндеп жөнделіп, жарықтандырылып жатыр. Бұл мәселе бойынша әлі де атқарылатын шаруа көп, бірақ өткен жылғы жұмыс жалғасады деп сенеді олар.

– Енді «Менің аулам» жобасы бойынша биыл да тұрғын үйлердің ауласы жөнделе ме? – деп сұрады қала әкімінің есептік кездесуіне қатысқан тұрғын Жанаргүл Сейтқазина.

– Сіздердің тараптан ауланы абаттандыруға байланысты бес өтініш келіп түскен екен. Оны комиссия қарап жатыр. Шешім наурызға қарай қабылданады. Негізі биыл кемінде үш үйдің ауласы жөнделуі тиіс, – деді  Жақсылық Омар.

Сондай-ақ облыс орталығына қарасты Прудхоз ауылына таза ауызсу тартылып, Шығыс ауылының орталық жолдары жөнделмек.

– Біріншіден, №256 автобус уақытылы жүрмейді. Қыс кезінде жолаушылар оны сағаттап күтеді. Екіншіден, орталық жолдар шұрық-тесік, жөндемесе болмайды. Үшіншіден, көрші ауыл – Прудхоздың тұрғындары таза ауызсуға мұқтаж. Олар қашан орталық су құбырына қосылады? – деп сұрады кездесуде   Шығыс ауылының тұрғыны Ғайнигүл Айтқали.

– Автобус мәселесі реттеледі. Көлік компаниясымен кездесіп, талқылаймыз. Ауылдың орталық жолдары биыл жөнделеді, жоспарда бар. Ал биыл таза ауызсу тартылады. Бұл жұмысқа бюджеттен 256 миллион теңге бөлініп қойған, – деді Жақсылық Омар.

Ал Өскеменнің шетіндегі Меновное ауылына балаларға арналған екі алаң салынбақ.

– Аулаларды абаттандыру мәселесі алаңдатады. Балаларымыз қаладағы үйлердің ауласындағы ойын алаңдарына қызыға қарайды. Біздің аудан – шет те болса болашағы зор аудан. Сондықтан аула, жол, жарықтандыру мәселелеріне көбірек көңіл бөлсеңіздер, – деп өтініш айтты Надежда Шмыгалева.

– Иә, шеткі аудандарды қаперден тыс қалдырмаймыз. Алдағы уақытта жолдар жөнделеді, жарық шамдар орнатылады. Биыл балаларға арналған екі алаң саламыз. Наурызға қарай қандай мекенжайларда салынатыны нақты шешіледі, – деді қала әкімі.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button