Түбегейлі өзгеріс күтіп тұр
С.Аманжолов университетінің студенттерімен және оқытушыларымен жолыққан Сенат депутаты Ольга Булавкина Ата Заңға енгелі отырған түбегейлі түзетулерді түсіндіріп, суперпрезиденттік модельдің президенттіктен несімен ерекшеленетінін және оның азаматтар тұрмысына қалай әсер ететінін айтып берді.
– Жаңа Қазақстанды құру үшін елеулі өзгеріс қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Конституцияға түзетулер енгізілсе, билік институттарының оңтайлы теңгерімі қалыптасып, ел дамуына ықпал ететін жүйе құрылатынын атады, – деді депутат.
Сенатор Конституцияға өзгеріс президент лауазымынан басталатынын, жаңа модель президенттің партияға мүше болуына, жақын туыстарына мемлекеттік лауазымдар атқаруға, мемлекеттік қатысуы бар компанияларды басқаруға тыйым салатынын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімдері мен орынбасарларына партияда қызмет атқаруға рұқсат берілмейді. Сенаттағы президенттік квота 15-тен он депутатқа дейін қысқарып, аралас сайлау жүйесі енгізілмек, яғни Мәжіліс депутаттарының 70%-ы пропорционалды, 30%-ы мажоритарлық негізде сайланады. Конституциялық сот құрылып, өлім жазасы жойылады.
– Референдум туралы жастарға түсінікті болды деп ойлаймын. Студенттер ұсыныстарын маған немесе әріптестерімнің электронды поштасына жібере алады. Алдағы уақытта заң жобаларын әзірлеу кезінде жастар ұсынысын пайдаланып, оларды заңнамалық актілерге енгіземіз. Студенттер – белсенді электорат, – дейді депутат.
Белсенді жастар референдумға, мемлекет құрылымына қатысты сұрақтар қойды, өйткені алдағы өзгерістер ел болашағына елеулі әсер етеді.
– Мен дауыс беруге міндетті түрде қатысамын, өйткені бұл – біз үшін маңызды. Біз Қазақстанның дамығанын, халықтың үні естілгенін қалаймыз, – дейді халықаралық қатынастар мамандығының 2-ші курс студенті Назгүл Қалибекова.
Кездесу соңында жиналғандар барша жастарды маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.
Ержан Әбіш